Асхат Қажытайды көбі «Жаяу адам» ретінде жақсы біледі. Ол жаяу сапарын ең алғаш туған жерінен, Ақсораң биігін бағындырудан бастаған еді. Кейінгі «Ұлытау» марафонынан жарақат алып, дәрігерлер оған үлкен сапарларын кейінге шегеруге кеңес береді. Өзінің сол кезде ойында жүрген «Түркия – Түркістан – 5 555 шақырым» жобасын екі жылға шегереді. Тіпті сол екі жыл бойы жаттыға да алмай, салмағы 118 килоға дейін өседі. Дегенмен жаяу жүруді жаны сүйетін марафоншы үлкен сапарларға іштей дайын еді.
Екі жыл дегеніңіз атқан оқтай өте шығады. Марафоншының бұл жолғы сапарының мақсат-мұраты асқақ еді. Алты құрлықты арбаған Еуропа чемпионаты өтетін Мюнхеннен Олимпиаданың алауы желбіреген Парижге дейінгі 1 111 шақырымды жаяу жүріп өту. Мұндай мүмкіндікті құр жібергісі келмеген ол бір жылда физикалық формасын реттеп, салмағын 118 килодан 88 килоға дейін түсіреді. Еуропа туралы етене ізденіп, ілім жинақтайды. Бұған қоса Олимпия ойындарында ел намысын қорғап жүрген спортшыларға жанкүйер болуды ойлайды. Тіпті Еуропа ойындарына билет те алып қояды.
Шенген визасын алып, 7 шілде күні Астанадан Франкфурт арқылы ұшып, Мадридке жетеді. Испания астанасында Еуропаның ауа райына бейімделіп, әйгілі «Реал» командасының стадионы «Сантьяго Бернабеуге» дейін 33 шақырым жаяу жүріп, барып қайтады. Ұзақ сапарға соңғы дайындығын осы қалада пысықтайды.
«Мадридтен Мюнхенге барар жолда ойламаған оқиға болды. Менің билетім «Мадрид – Измир – Мюнхен» бағытына алынған еді. Маған ұшаққа билет алушылар визаның толық жағдайын түсінбей, қателескен екен. Мұны Измирге қонып, келесі ұшаққа беттеп бара жатқанда бір-ақ түсіндік. Әуежай қызметкерлері «Сіз Мюнхенге ұша алмайсыз» дегенде төбемнен жай түскендей болды. Жоспарымның күл-талқаны шыққанын түсіну қандай қиын еді. Сөйтсек, Шенген визасы аймағынан шығып кетіппін. Бұл рейс Мюнхенге бағытталғанымен, аяғым Түркия топырағын басып қойғандықтан келесі ұшағыма міне алмадым. Тіпті Мюнхенде өтетін Франция – Испания арасындағы футбол матчына да билетті реттеп қойған едік. Осылайша, Еуропаға сапар сәл шегеріліп, екінші жоспарланған Анкара – Батуми бағытына жолға шықтым», дейді барар бағыты осылай өзгерген жаяу жиһанкез.
Ол осылайша жоспарын өзгертіп, Анкара қаласын аралап, ертеңінде Батумиге жолға шығады. Сапары 24 күнге созылады. Жолда Чорум, Орду, Самсун сияқты Түркияның жиырмадан аса үлкен-кіші қалаларын басып өтеді. Трабзон қаласындағы Абай монументіне арнайы соғып, тағзым етеді.
«Трабзон туралы көп айтуға болады. 1 миллионға жуық тұрғыны бар. Көне архитектура мен ескерткіштер жеткілікті екен. Маған керегі Абай бабамыздың ескерткіші еді. Трабзон таңында сол монументті іздедім. Нақты мекенжайын білмеген соң, гуглкартадан тердім. Екі жыл бұрын біраз арналар хабар таратыпты. Бір кілтті тек ұлттық арнаның жаңалықтарынан тауып алдым. «Түркияда ашылған кезекті Абай мүсінінің Трабзондағы Қаратеңіз университеті әдебиет факультетінің аумағына орнатылуы тегін емес», депті. Яғни Қаратеңіз университетіне баруым керек. Картаға терсем, 5-6 шақырым екен. Бір жарым сағатта тауып алдым. Бірақ жету тым оңай болған жоқ. Абайды көргенде көңіл босап, іштей бір жылап алғанымды жасырмаймын. Үнсіз сырластым. Жол бойындағы көрген қызықтар мен қиындықтарды осы қазақпен бөліскендей болдым», дейді Асхат Қажытай.
Жаяу жиһанкез Түркияның қазіргі президенті Режеп Ердоғанның туған қаласы Ризенің де үстінен өтіпті. Качкар таулары мен Қара теңіздің арасындағы биікте орналасқан. Түркия ормандарының ең бай аймағы саналады екен. Жәдігерлерге толы музейлері көп дейді. «Соның бірегейін аралап жүріп, бесік пен ұршықты көріп, түбіміздің бір екенін тани түстім. Туған жерге деген сағынышым осы кезде ерекше сезілді», дейді ол.
Самсун қаласының тарихи орындарын аралаған ол әйгілі Бандырма паромы музейіне де соға кетіпті. Түріктер үшін аса қастерлі мекен жайлы жиһанкез былай дейді:
«Алған әсерім ғажап енді. Бір ұлттың қайта түлеу дәуірі осы жер еді. Түріктер үшін өте қастерлі мекен саналады. Ататүріктің Самсунға аяқ басқан паромы осы. Азаттықтың бастауы дейді бұл қаланы. Тәуелсіздік hәм болашақтың шаhары деп тегін айтылмаса керек. Кемедегі музейде турист өте көп. Кіру құны – 15 лира, яғни 220 теңге. Әрі қарай 3,5 шақырым жүріп, Куртулуш жолына бардым. Тәуелсіздік жолы 1919 жылы 19 мамырда Бандырма паромымен Самсунға келген Ататүріктің Амасияға кеткенін айқындайды. Жалпы, түрік ағайындар теңіз жағасындағы шағын дүниемен туристер үшін үлкен дүние жасап қойғаны қуантады. Осылай түріктер үшін қастерлі екі тарихи жерден ерекше сезіммен әрі қарай жолға шықтым.
Түрік жерін жаяу шарлаған Асхат Қажытай жолда қазақтарды жиі кездестіріпті. Еліміздің мемлекеттік нөмірін тағынған жеңіл көлік, жүк көліктерін жолықтырып, олармен туысқанын көргендей қауышыпты. Әсіресе Қаратеңіздің жағасындағы қонақүйде қарағандылық мотожиһанкез Иванмен жолығыпты. Ол да құны 20 млн тұратын мотокөлігімен әлемді шарлап жүр екен.
Жиһанкез Асхат өзі жүріп өткен жолды, көрген-білгенін «Facebook», «Instagram», «Tiktok» желілеріндегі парақшаларына жүктеп отырды. Тіпті 1 миллионға жуық қаралым жинаған видеолары да бар. Осы ретте оқырмандарының белсенді болғанын да айта кетті.
«Мен жаяу жүріп өткен елдердің инфрақұрылымы мықты. Жолдың сапасына риза болдым. Жол дегенің экономиканың күретамыры емес пе? Жол жақсы болса, туризм дамитыны сөзсіз. Жасыратыны жоқ, еліміздегі марафондарда 3-4 кроссовки ауыстыратын едім. Бұл жолғы сапарымда бір ғана кроссовки кәдеге жарады. Тағы бір таңғалатыным – интернет жүйесі. Теңіз деңгейінен қаншама биіктікте жүрсем де, бір үзілмеді ғой. Ауылда жүрсің бе, қалада жүрсің бе бәрібір. Жерасты жолдың ішінде де сапалы интернетке қол жетіп тұрды. Туризмі шарықтап кеткен. Қара теңіздің жағасын керемет пайдаланып отыр. Бізде де мүмкіндік мол. Тарихымыз да, табиғатымыз да бай. Бірақ қолда бар алтынның қадірін білмей отырғанымыз өкінішті», дейді трэвел-блогер.
Сөйтіп, жүріп өткен жолын күнделікті сағаты арқылы өлшеп те, үздіксіз әлеуметтік желімен жұмыс істеп те, тіпті қойын дәптеріне өзіне керек ел мен жердің ақпаратын түртіп те үлгереді. Күзде «Жаяудың жазбасы» атты мотивациялық кітабы шығады. Қазір күні-түні жазу үстелінде. 1 111 шақырым сапары туралы кеңінен сонда көсіледі.
Қарағанды облысы