Оқиға • 21 Тамыз, 2024

Алматыда қылмыс жасаған шетелдік азамат Польшадан экстрадицияланды

59 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Бас прокуратурасының және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Польша Республикасындағы елшілігінің көмегімен алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Польшадан Грузия азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Egemen.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда қылмыс жасаған шетелдік азамат Польшадан экстрадицияланды

Фото: Видеодан алынған кадр

Анықталғандай, күдікті 2023 жылы Алматы қаласында алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Нәтижесінде басқа көлікпен соқтығысып, жүргізушінің денсаулығына ауыр зиян келтірген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Биылғы жылдың сәуір айында күдікті  Польшада ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, қазір тергеу изоляторына қамалған. Жасаған қылмысы үшін ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Польша Республикасымен экстрадициялау туралы келісімнің жоқтығына қарамастан, күдіктіні экстрадициялау Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Польша Әділет министрлігінің арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болған.

Еске сала кетейік,  биылғы жылы Польша тарапынан Қазақстан аумағында аса ірі көлемде есірткі бизнесімен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан топтың ұйымдастырушысы Қазақстанға экстрадицияланды.