Аймақтар • 21 Тамыз, 2024

Ұлытауда сотталғандарды азаптаған түрме қызметкерлері жазаланды

65 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытауда қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 11 қызметкері азаптау қолданғаны үшін сотталды, деп жазады Egemen.kz.

Ұлытауда сотталғандарды азаптаған түрме қызметкерлері жазаланды

Фото: pavlodarnews.kz

Осы жылдың 30 шілдесінде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша №62 Мекемесінде жазасын өтеп жатқан 11 сотталғанды азаптау қолдану фактісі бойынша осы мекеменің 7 және Ұлттық ұлан №6505 әскери бөлімінің 4 қызметкеріне қатысты үкім жарияланды.

Қылмыстық істі Ұлытау облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді. Прокурорлар 11 сотталғанға қатысты кінәлі қызметкерлердің азаптау қолданғандығын тергеумен дәлелдеді.

«Сот үкімімен мекеме бастығы мен оның режим жөніндегі орынбасарына 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен бірге осы мекеменің басқа 5 және Әскери бөлімнің 4 қызметкері 4 жыл мен 4 жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», делінген Бас прокуратура хабараламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.