Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Есепте берілген деректерге сүйенсек, 2022 жылы жаһандық экспортта креативті қызметтер $1,4 трлн-ды, ал креативті тауарлар $713 млрд қаржыны құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда креативті қызметтер экспорты 29%-ға, креативті тауарлар экспорты 19%-ға өскенін көрсетеді. Дамушы елдер негізінен креативті тауарларды экспорттайды, ал дамыған елдер креативті қызметтер экспортына үстемдік береді. Алайда дамушы елдердің үлесі 2010 жылдағы 10-нан 2022 жылы 20 пайызға дейін артқанын атап өткен жөн.
Зерттеуде келтірген деректерге назар салсақ, өнім топтары бойынша 2022 жылы ең көп экспортталған креативті қызметтер қатарына – бағдарламалық қызметтер (41,3%), ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (30,7%), одан кейінгі орында жарнама, маркетингтік зерттеулер, архитектура (15,5%), аудиовизуалды қызметтер (7,9%), ақпараттық қызметтер (4%), мәдени, рекреациялық және мұра қызметтері (0,6%) жатады. Цифрландырудың қарқынды дамуы креативті индустрияларды түрлендіріп келеді. Мысалы, 2023 жылы стримингтік қызметтердің үлесі 10,4%-ға өсіп, енді жаһандық музыка нарығы кірістерінің екіден үш бөлігінен (67,3%) астамын құрайды.
Сонымен қатар ЖИ контент жасау, тарату және тұтыну жолдарын жеңілдетті. ЖИ сценарий, фильм, музыка, сурет, анимация және виртуалды шындыққа байланысты контент құрастырып, пост-продакшн жұмыс үдерісін жетілдіріп, пайдаланушы деректерін талдайды.
ЖИ жаңалық редакцияларында кеңінен қолданылады: жаңалықтар командасының 41%-ы – иллюстрациялар жасау, 39%-ы – әлеуметтік медиа контенті және 38%-ы мақалалар мақсатында пайдаланады. Цифрландыру мен ЖИ тиімділікті арттыру мүмкіндіктерін кеңейтсе де, олар жұмыс орындарының қысқаруы, сапаны бақылау, құпиялық, авторлық құқық және нарықтың монополизациясы мәселелерін де тудырып отыр.
Мамандардың шешім шығарушыларға технологиялық дамуларды қадағалап, даму мүмкіндіктерін пайдалану, тәуекелдерді азайту үшін саяси және нормативтік негіздерді жаңарту қажеттігін, технологиялық дамуды нығайту мақсатында халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге басымдық берудің маңыздылығын атап өтеді.
Өсіп келе жатқан нарықтық концентрация инновацияларға қауіп төндіреді. АҚШ-тағы бес ірі баспагер кітап нарығының шамамен 80%-ын құрайды. Ал алты киностудия кейінгі жылдағы кассалық билеттердің шамамен 90%-ын қамтамасыз еткен. 2021 жылы үш компания жаһандық музыкалық стримингтік жазылым нарығының 59%-ын иемденді.
2023 жылы жаһандық жарнама табысы $806 млрд-қа жетеді деп болжанған. Бұл электрондық коммерция мен цифрлық платформалардың арқасында мүмкін болды. Цифрлық жарнама әлемдік шығындардың 57,7%-ын құрап, 2026 жылға қарай 60%-дан асады деп күтіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда бейнеойындардағы жарнама да қарқынды өсіп жатыр. Оның 2022 жылғы $70 млрд-тан 2027 жылға қарай $137 млрд-қа дейін өсуі болжанады.
Бүгінгі таңда сәулет және интерьер дизайны нарығы әртүрлі бағытта өзгерістерге ұшырады. Денсаулық сақтау саласына қатысты жобалар рекордтық өсімге ие болса, корпоративтік кеңсеге қатысты жұмыстар азайды. 2022 жылы әлемдегі ең үздік 100 интерьер дизайны компанияларының кірісі $4,55 млрд-тан $4,97 млрд-қа дейін өсті. Дамушы елдердегі сәулет компаниялары ең үздік сәулет фирмаларының қатарына көбірек кіре бастады.
2020 жылғы пандемия жағдайындағы құлдыраудан кейін кино және теледидар индустриясы қалпына келді. Тапсырыс беру бойынша бейне қызметтер едәуір өсіп, ал кинотеатрлардың кассалық табысы жыл сайын артып келеді және 2025 жылға қарай пандемияға дейінгі деңгейге жетеді деп күтіліп отыр. Есепте Азия-Тынық мұхиты аймағы, оның ішінде Қытай, кассалық сатылымдардың ірі нарығына айналғаны атап өтіледі.
Жаһандық баспа индустриясы өсіп, TikTok және стримингтік қызметтер сияқты цифрлық платформалардың арқасында кітап сатылымы артты. Манга сатылымы цифрлық платформаларда анимелердің қолжетімділігінің арқасында, қарқынды өскен. Манга мен K-pop арасындағы сияқты кросс-индустриялық ынтымақтастық өзара тиімділікті көрсетіп отыр.
Зерттеуде берілген деректерге жүгінсек, 2023 жылы музыкадан түскен табыстар рекордтық $28,6 млрд-қа жетіп, нарықтың үштен екісінен астамы (67,3%) стримингтік қызметтерге тиесілі болды.
Әлемде креативті экономика мемлекет әлеуетін дамытудың жаңа тынысын ашатын бағыттардың бірі ретінде қарқынды өсіп келеді. Бұл салада жаһандық ірі технологиялық корпорациялардан бастап, жасанды интеллект бағытында жаңа брендтерді өндіруші компаниялар белсенді түрде өзара бәсекеге түсіп отыр. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы ұсынған бұл есеп шешім қабылдаушыларға, сала мамандары мен қызығушы азаматтарға қосымша көмекші құрал бола алады.
Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы