Медицина • 23 Тамыз, 2024

Құрсақта жасалған операция

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы балалар кардиохирургиясы және перинатология орталығында құрсақішілік тағы бір операция сәтті жасалды. Күрделі операция баланың туабітті патологиясын түзеуге септігін тигізіп, сәбидің дүниеге дені сау болып келу мүмкіндігін арттырады екен.

Құрсақта жасалған операция

Фото: khabar.kz

Кейінгі жылдары мемлекет ана мен бала денсаулығы­на көптеп көңіл бөле бастады. Небір емі күрделі аурулармен алысқан аналар баласын ба­уырына басты. Құрсақтағы баланың да туабітті ауруларын анықтап, тіпті туғанға де­йін де операция көрген нә­рес­­телер бар. Патологиясы бар бала­лар жергілікті ауруха­на­­ларда емес, ірі орталық­тар­да дүниеге келеді. Бұл жол­ғы үш операцияны орта­лық дәрігерлері Минск респуб­ликалық ғылыми-тәжірибе­лік «Ана мен бала» ор­та­лығы фетальды ме­ди­цина бөлім­шесінің мең­ге­рушісімен бірге жасаған. Нау­қас­тар, яғни үш жүкті әйел Ал­маты об­лы­сынан, қаланың өзі­нен және Ақмола облысынан келіпті.

Операция барысында дәрі­­герлер «фето-фетальды трансфузия синдромынан (ФФТС) асқынатын көпұрық­ты жүктілік кезіндегі бала­ның жолдасы анастомозының лазерлі коагуляциясы» деп аталатын тәсілді қолданған. Бұл әдіс – ұрықтар арасындағы тамырлардың патологиялық бірігуін жоюға көмектеседі. Есесіне қатты асқынудың алдын алып, егіздердің өмірін сақтауға мүмкіндік туады. Дәрігерлер иек артқан екінші әдіс «шарана сұйықтығы патологиясы болған жағдайдағы амниоредукция және амнио­инфузия» деп аталады. Бұл про­цедуралар ұрықтың да­­муына қолайлы жағдай жа­­сайды. Асқыну қаупін азай­та отырып, шарана сұйық­ты­ғы мөлшерін реттеуге кө­мек­теседі. Үшінші әдіс – «ұрық­тың бүйрек патологиясы бол­ғанда қуықты ­дренаждау». Бұл операция ұрық­та несеп айдау жүйе­сі­нің дұрыс жұмыс істеуін қам­та­масыз етеді. Әрі оның дұрыс даму мүмкінді­гін жақ­сар­та отырып, бүйрек жетіс­пеушілігі асқынуының алдын алады.

Дәрігерлер ден қойған үш операция да сәтті жасалды. Науқастардың жағдайы дәл қа­зіргі сәтте тұрақты. Ма­мандар олардың жүктілік ке­зін­дегі денсаулығын, ұрық­тың одан әрі дұрыс дамуын жіті қадағалайды.

Бұл операциялар ден­саулық сақтау министрлігі қол­ға алған «Фетальды медицина» жобасы арқылы іске асыпты. Енді елдегі ақжаулықтылар әлем­дік стандарттарға сай ке­ле­тін жоғары технологиялық кө­мекті тегін алып, дүниеге дені сау бала әкелу мүмкін­дігін айтарлықтай артады деп ойлаймыз. Қорыта келе, жоба­ның озық медициналық технологияларға қолже­тім­ді­лікті ұлғайтуға және жүк­ті әйелдердің босанар алдын­дағы көмек деңгейін жақ­сартуға бағытталғанын да айта кеткеніміз жөн болар.