«Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсер інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады».
Мөңке бидің төрт ғасыр бұрын айтқан осы болжамы негізсіз кеткен жоқ. Әр сөзі сайдан түкендей салмақты қатарларды жаңа ұрпақ көз алдынан өткеріп отыр. Ал небәрі 27 жыл ғұмыр бұйырған Лермонтов жырлары көптен бері қазақ сахарасын шарлап кеткені де мәлім. Ақын не айтса да қиыс кеткен жоқ. Өмірінің соңғы айында оқырманға жақсы мәлім «Түс» атты жыр жазды.
«Жатырмын Дағыстанның аңғарында,
Кеудемде қорғасын оқ қармануда.
Езеді жарақатым көкірегімді,
Сорғалап әлсін-әлсін қан да ағуда».
Осылайша, ол өз өлімін алдын ала болжайды. Шынында, 1841 жылдың 27 шілдесінде офицер Мартыновтың оғынан жараланған Лермонтов, көкірегін жарақаты жаншып, қорғасын оқтың уыты жас тәніне жайылып, Пятигорскі аңғарында жатты.
Мұқағали Мақатаев өмірінің шым-шытырық, бізге беймәлім тұстары бар. Қарасаздағы Мұқағали сипатты тауды табиғат ананың бізге тарту етуінің өзі тосын оқиға, дара кеп. Ақын соңғы шыққан кітабына қолтаңба бергенде ұстазы Әбілда Тәжібаевқа «27 наурыз 1974 жыл» деп жазған екен. Бұл ажал құшқан күнінің дәлме-дәл уақыты.
«Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге.
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде...»
Шын мәнінде, Мұқағали Мақатаев қырықтың бесеуінде аурухана төсегінде мәңгілік ұйқыға кетті. Кездейсоқтық деуге болмайды. Бұл анық дерек, ақиқи сөз.
«Қазақ әдебиеті» газетінде қызметте жүрген тұмалы шақ еді. Осы тұста әншейінде Жазушылар одағынан көп көрінбес ақын Аманхан Әлімұлы газет редакциясына келгіштей берді. Қолында «Реквием» атты өлеңдер циклі. Қателерін қайта-қайта тексеріп: «Мұндай шығарманы әлі ешкім жазған жоқ», – деді ағамыз. «Әрине, жазған жоқ» дедік. Ыждағатты, бала сынды мәз-майрам ақын көңілі – көптен күткен сәбиін дүниеге әкелген ананың жүзіндей нұрлы, мейірбан тартты. Редакция алқасын жинап, дастарқан жайды. Дастарқан үстінде бұрынғыдан өзгеше аусар көңілмен кеңк-кеңк күліп, әрбірімізге жеке-жеке көз қадады. Реквием жанры – католиктің қаралы жиында айтылар аза жыры, қоштасу сәтінен туған. Өмірінің соңында өз реквиемін, қоштасу жырын әкеліп тұрған ақынды біз ол кезде аңғара білмедік. Кейіннен сол жырға шүйліге қарағанда, мұның анық өз ажалын болжаған қоштасу хат екенін ұғындық. Сенбесеңіз, оқып көріңіз.
«Сабыры – ұстам,
Қабірстан, –
Желді күзгі.
Елес қалар,
Кім еске алар, –
Енді, бізді?...
…Кешкі жел, ә!
Ескі мола, –
Елес қалар,
Кім еске алар, –
Енді, бізді?...»
Ақындық пен сәуегейлік егіз ұғым дейді білетіндер. Рас, біз де келісер едік. Ақиқатқа талас жүрмейді.