Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
– Ермек Боранбайұлы, спортшыларымыздың Париж Олимпиадасында еншілеген жүлделері құтты болсын! Дүбірлі додаға аттанар кезде ұлттық құрамаға қандай міндет жүктелді әрі сол міндет қаншалықты орындалды?
– Көп рахмет. Алдымен Қазақ елін Париж Олимпиадасында ұлттық құрамамыз олжалаған жүлделермен құттықтаймын. Сена бойында өткен ауқымды спорттық іс-шарада еншімізге алтын да, күміс те, қола да бұйырды. Бұл – тұтас елге ортақ қуаныш, мерейлі мәртебе деп білемін. Спорт – елді ұйыстыратын, береке-бірлікке шақыратын ерекше сала. Францияда бұған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Қыз-жігіттеріміз Отанынан жырақта жүрсе де, жанкүйер қауымның қолдауын сезініп, қуат алды, рухтанды. Барша спортшылар мен жаттықтырушылардың, жалпы спорт қоғамдастығының атынан Қазақ халқына айрықша алғысымды білдіремін.
Мемлекет басшысының Олимпиадаға аттанған спортшыларымызға көрсеткен демеуі оларға ерекше дем беріп, алға жетеледі. Ел Президенті олимпиадашыларға үлкен сенім артты, жүлде алған қыз-жігіттерді арнайы құттықтап, өзге атлеттерді де қанаттандырып отырды.
Өздеріңіз білетіндей, Париж Олимпиадасына 25 спорт түрінен 92 лицензия жеңіп алдық. Барлығы 78 спортшы ел намысын қорғады. 25 спорт түрінің бесеуінен жүлде бұйырды. Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль олжалады. Жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтадық. Бұған дейінгі Олимпиадада иеленген орынды 40 сатыға жақсарттық. Жүлде алған жаһан елдерінің бел ортасына жайғастық.
Токио Олимпиадасымен салыстырғанда нәтижеміз жақсы. Ілгерілеу бар. Қалай десек те, бұл – факт. Төрт жыл бұрынғы Олимпия ойындарында алтын мен күміс мүлде бұйырмаған еді. Осы жолы сол бір олқылықтың орны толғандай болды. Сол себепті ұлттық құраманың қазіргі нәтижесін тым тәуір деп те, құлдырау деп те айтпаймын, орта деңгейдегі жақсы көрсеткіш деп санаймын. Иә, дзюдо, гимнастика, грек-рим күресі, нысана көздеу секілді жанкүйер қауым жүлде дәмете қоймаған спорт түрлерінен медаль бұйырды. Бұл – отандық спорттың болашағы бар екенін көрсететін маңызды фактор. Дәл қазір спорттық гимнастика мен грек-рим күресінен еншілеген қос күмістің салмағы алтыннан да артық болып тұр.
– Жанкүйер қауым боксшыларға үлкен сенім артты. Бірақ екі былғары қолғап шебері ғана жүлдеге ілікті. Отандық боксқа үлкен реформа керек деп ойламайсыз ба?
– Мойындау керек, Парижде боксшыларымыз сәтсіз өнер көрсетті. Олар осымен екі Олимпиададан алтын медальсіз оралып отыр. Бұл ел боксында үлкен проблема бар екенін көрсетеді. Әрі мұндай құлдырау кеше немесе бүгін басталған жоқ. Бұл – ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан дүние. Өзіңіз айтқандай, боксқа үлкен реформа керек және оны тап қазір бастау маңызды. Жанкүйерлердің де жанайқайын сезіп, түсініп отырмыз. Өйткені отандастарымыз үшін бокс бірінші нөмірлі спорт саналады.
Париж Олимпиадасында боксшылардың жекпе-жегін көрдім. Шынын айту керек, спортшылардың физикалық дайындығына көңілім толмады. Алғашқы екі раундта белсенді болғанымен, үшінші кезеңде тым сылбыр жұдырықтасты. Бұл тактикалық дайындықтың, психологиялық әзірліктің әлсіздігін көрсетеді.
Төрешілер тарапынан да қысым жасалғандай болды. 63,5 килода шаршы алаңға шыққан Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен 92 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айбек Оралбай жекпе-жекте жеңілді дегенге сену қиын. Төрешілер екі отандасымыздың жеңісін «ұрлап алғандай» көрінді. Сол себепті Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті төрешілердің үстінен шағым түсірді. Әрине, жекпе-жектің нәтижесіне ешқандай әсері болмаса да, мұндай қадамның жасалғаны орынды деп санаймыз.
Осы жолғы Олимпиада боксқа деген «тәуелділіктен» құтылу керек екенін көрсетті. Әйтпесе, біз Олимпия ойындарына боксшылар мен ауыр атлеттердің өнерімен ғана баға беруге үйреніп алдық. Қазір бокстың Олимпиададағы тағдыры да қыл үстінде тұр. Бокс төңірегінде үнемі дау-дамай орын алады. Парижден кейін Қазақстан бокс федерациясы трансформация жолына түскенін жұртшылық көріп-біліп отыр. Өзгерістер болып жатыр. Федерация басшылығы жауапкершілікті өз мойнына алып, кемшіліктермен жұмыс істеуге кірісті. Ұлттық Олимпиада комитетін басқарып отырған даңқты боксшы Геннадий Головкин де жұмысты жаһандық деңгейде жүйелеп, реттеуге, үйлестіруге ықпал ете алады. Егер келесі олимпиадалық циклде бағдарламадан сызылып қалмаса, еліміздің бокстағы нәтижені жақсартуға толық мүмкіндігі болады.
– Теннисшілеріміздің де жолына үмітпен қараған едік. Бірақ құраманың екі бірдей көшбасшысы дәл Олимпиаданың алдында жарыс жолына шықпай қалды. Қалғандары алғашқы айналымнан әрі аспады. Жанкүйерлердің дені «олар мұны қасақана істеді» деп санайды. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Олар мұндай қадамға қасақана барды дегенге сенбеймін. Елена Рыбакина денсаулығына байланысты жарысқа келе алмады. Юлия Путинцева жарақатына байланысты кортқа шықпады. Спорт болған соң, мұндай жағдай болып тұрады. Оған түсіністікпен қарау керек. Әрине, Париж Олимпиадасының алдында теннисшілерімізден жүлде күттік. Олар Францияда да Қазақ елін қуантады деп сендік. Өкінішке қарай, олай болмады.
– Париж Олимпиадасында жергілікті спортшылар тұғырдан көрінді. Ал Қазақстан азаматтығын алған шетелдіктер сенімді ақтамады. Легионерлерге иек артқан қаншалықты дұрыс?
– Біріншіден, спортшылардың басқа бір елдің азаматтығын алып, болашақ өмірін сол мемлекетпен байланыстырып, сол елдің туының астында өнер көрсетуі – әлемде қалыптасқан тәжірибе. Ал Қазақстан – сол әлемнің бір бөлшегі. Сондықтан мұндай тәжірибенің біздің елде де қолданылуы – қалыпты дүние. Екіншіден, азаматтық алған шетелдік спортшыларды әрдайым сын садағына ала берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен оларды ақтап алғым келіп отырған жоқ. Бұл спорттық қағида тұрғысынан дұрыс емес. Мәселен, ұлттық құрамаға іліне алмаған отандастарымыз да өзге мемлекеттердің атынан сынға түсіп жүр. Шетелдерде жұмыс істеп жатқан жаттықтырушыларымыз да аз емес. Бұл – олардың таңдауы және оған құрметпен қарауымыз керек. Мысалы, кеше ғана Париж Олимпиадасында Тунис құрамасы қазақ маманы Есбол Сұлтановтың көмегімен өз тарихында тұңғыш рет бір алтын, бір қола жүлде иеленді. Біз отандасымыздың дәл осындай жетістікке себепкер болғанына қуаныштымыз.
Иә, түрлі себеппен қатарымызды толықтырып жататын шетелдік спортшылар әлемдік ареналарда Қазақстанның туын көкте желбірете берсе екен дейміз. Бірақ спортта бақ пен бабың қатар шаппаса, тағы қиын. Шынын айтайын, Парижде бақ сынаған, өзіңіз айтқандай, легионерлердің өнеріне көңілім толған жоқ. Жеңіл атлеттер Дэйзи Джепкемей мен Нора Джеруто жүлденің аулына маңайлай алмады. Еркін күрес шебері Юсуп Батырмурзаев алғашқы белдесуінде-ақ жеңілді. Теннисшілер бірінші айналымнан әріге аспады. Триатлоншы Екатерина Шабалина жарысты аяқтай алмай, орта жолда тоқтады. Демек федерациялар ұлттық құраманы жасақтарда тыңғылықты жұмыс жүргізуі керек.
Байқаған болсаңыздар, біз легионерлерді жаппай тарту тәжірибесінен алыстай бастадық. Жергілікті спортшыларға зор сенім артылып отыр. Бұл олимпиадалық спорт түрлері бойынша елімізде мықты мектептер қалыптаса бастағанын көрсетеді.
– Жанкүйерлер алтын және жалпы жүлде саны бойынша Қазақстан құрамасының іргеміздегі Өзбекстаннан қалып қойғанын сынға алып жатыр. Бұған не дейсіз?
– Кез келген отаншыл қазақ секілді менің де бауырлас елдерге, көршілес мемлекеттерге бір бүйрегім бұрып тұрады. Олардың жетістігіне қуанып, жеңілісіне күйінеміз. Боксшыларымыз рингте, балуандарымыз бозкілемде ғана бір-біріне қарсылас. Ал одан тыс жерде бір-бірімен дос, сыйлас, бауыр. Парижде көпшілік осыған тағы бір мәрте куә болды ғой деп ойлаймын. Себебі Олимпиада жекпе-жектерін тамашалауға келген өзбек жанкүйерлері туыстық туын көтеріп, біздің спортшыларға да қолдау көрсетіп жатты. Қырғыз жанкүйерлерінің қазақ балуандарын қалай қолдағанын көзіміз көрді. Біздің жанкүйерлер де бауырлас елдердің спортшыларына дем беріп отырды. Біз Францияға Өзбекстан құрамасымен жарысу үшін барған жоқпыз. Жарысқымыз келсе, өз-өзімізбен жарысайық. Бұған дейінгі нәтижелерді жақсартайық. Жетістік пен кемшілікті де осыған қарап бағалаған орынды. Әйтпесе әлеуметтік желіге қарасақ, Парижге Қазақстан мен Өзбекстаннан басқа ешбір мемлекет бармаған секілді. Мысалы, Швейцария (48-орын), Аргентина (52-орын), Түркия (64-орын), Үндістан (71-орын) секілді экономикасы мықты, халқы көп алпауыт мемлекеттер жалпыкомандалық есепте бізден кейін орналасқан. Соны неге айтпаймыз? Солармен неге салыстырмаймыз?
– Дегенмен Өзбекстанның бокстан бір емес, бес алтын медаль иеленуінің сыры неде деп ойлайсыз?
– Естеріңізде болса, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында біздің құрама 3 алтын, 1 күміс және 6 қола жүлде олжалап, жалпы есепте 25-орыннан көрінді. Ал Өзбекстан үш медальмен 48-орынға тұрақтады. Аталған додадан кейін көрші мемлекет үлкен спортта кешенді шаралар қабылдады. Өзбек спортшыларын жетістікке жеткізген сол шаралардың бірқатарын атап өтейін.
Біріншіден, Рио Олимпиадасынан кейін оңтүстіктегі көршіміз құраманы дайындау үшін шетелдік жаттықтырушылар мен консультанттарды шақыра бастады. Біз бұл тәжірибені биыл ғана қолға алдық. Иә, бұрын да бірен-саран шетелдік маман келіп жұмыс істеген. Бірақ ол жүйелі, жоспарлы жұмыс болған жоқ.
Екіншіден, Өзбекстан Лондон Олимпиадасынан кейін ғылыми топ құрды. Бұл дегеніміз – ұлттық құраманың дайындығына инновациялық шешімдерді, ғылыми-әдістемелік технологияларды пайдалану, медициналық жұмысты жетілдіру. Біз бұл жұмысты Париж Олимпиадасының алдында ғана бастадық. Өзбекстанда спорт бойынша бірнеше университет пен ғылыми институттар бар. Дзюдо академиясы құрылды. Баходир Жалоловтың бокс мектебі жұмыс істейді. Әрі бұлардың барлығы Өзбекстанның Спорт министрлігіне қарайды.
Үшіншіден, Қазақстан спорттың 180 түрін дамытып отыр. Оның 59-ы – олимпиадалық спорт түрі. Ал Өзбекстан 17 олимпиадалық спорт түріне ғана басымдық береді. Қалғаны бәсекелестік ортада дамиды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Біз де осыған келе жатырмыз. Заңға тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізілу үстінде.
Төртіншіден, халықаралық федерацияларға өкілдік ету, халықаралық спорттық бірлестіктерге мемлекет өкілдерін қостыру жұмысын да Өзбекстан ерте бастады. Олардың бірқатар жетекші маманы бүгінде түрлі халықаралық федерация мен қауымдастыққа мүше болып отыр. Біздегі бұл бағыттағы жұмыс бәсеңдеу. Шамамыз келгенше өз адамдарымызды халықаралық ұйымдардың қатарына қосуға тиіспіз. Бұл да маңызды фактор саналады.
– Париж Олимпиадасынан не түйдіңіз? Отандық спортта алда қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Бокс пен теннис туралы ойымды жоғарыда айттым. Дзюдошыларға дән ризамыз. Елдос Сметов Парижге аттанарда ел сенімін ақтаймын деп уәде берді. Сол сөзінде тұрды. Ғұсман Қырғызбаев та Францияға тектен-тек келмегенін дәлелдеді. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтпаев та үмітті ақтады. Гимнаст Нариман Құрбановтың күмісі күллі елге қуаныш сыйлады. Боксшылар Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбайға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев жанкүйерлердің қуанышын еселеді.
Ашығын айтайықшы, Париж Олимпиадасында өте жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген үміт аздау болды. Өйткені 2023 жылдың қазан айында Қытайдың Ханчжоу қаласында Азиада ұйымдастырылды. Онда біздің құрама жақсы өнер көрсете алмады. Парижге барған спортшылардың басым бөлігі – дәл осы Азиадада бақ сынағандар. Олардың дайындық деңгейі Ханчжоудағы додада белгілі болған. Ал 7-8 айдың ішінде жағдайды дұрыстай қою өте қиын еді. Сондықтан шығар АҚШ-тың Sports Illustrated деген сайты Қазақстан құрамасы Парижден алтынсыз оралады деп болжам жасады. Болжам жасаушылардың дені біздің құраманың шынайы жағдайын бүкпесіз бағалап, аса бір жоғары нәтиже аларына сенбеді. Соған қарамастан біз алтынды да, күміс пен қоланы да олжаладық.
Алдағы күндері Олимпиада қорытындысы бойынша алқа отырысын өткіземіз. Әр федерациямен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырылады. Нақты шешімдер қабылданады. Спортқа деген көзқарасты өзгерту маңызды. Айталық, медальдар көп үлестірілетін жүзу мен жеңіл атлетиканы жаңаша дамыту қажет. Қазір балалардың аталған екі спорт түріне деген қызығушылығы жоғары. Соны дұрыс арнаға бағыттай түскеніміз абзал. Парижде үстел теннисінен Кирилл Герасименко, құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов, брейкингтен Әмір Зәкіров мүмкіндіктерінің өте жоғары екенін байқатты. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерін барынша әртараптандыру керек. Күрес пен боксқа иек артып отыра беретін уақыт әлдеқашан өтті. Басқа спорт түрлеріне де басымдық берілуі қажет. Мәселен, Парижде Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) бас хатшысы Андреас Загклиспен кездестім. Онымен елімізде 3х3 форматындағы баскетболды дамыту туралы ой бөлістік. Меніңше, біздің елге әлі дендеп ене қоймаған дәл осындай спорт түрлерін де байқап көрген дұрыс секілді.
Париж Олимпиадасы халықаралық ұйымдармен байланыс орнату тұрғысынан тиімді болды. «Біріккен күрес әлемі» халықаралық федерациясының президенті Ненад Лаловичпен, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен, Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының президенті Чо Чжонвонмен және басқа да лауазымды тұлғалармен кездесіп, пікір алмастық. Бірлесе жұмыс істеу жолдарын пысықтадық.
Қазір отандық спортта үлкен өзгеріс орын алып жатыр. Бұл өзгеріс былтырғы Азиададан кейін басталған. Атап айтқанда, бұл – бюджет қаражатын тиімді пайдалану, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендету, спорт федерацияларына реформа жүргізу. Қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенемін.
Тағы бір айтарым, спорт – бірінші кезекте сайыс. Сондықтан спортшыларымызға жеңісте де, жеңілісте де демеу болайық. Олимпиадада еншілеген әрбір медаль – жас жеткіншектер үшін жаңа бағдар, жаңа стимул. Соның игілігі үзілмейтін күнге жетейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»