Ауыл кәсіпкерінің еңсесін көтерді
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларға кәсіпкерлер палатасы тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Мұндағы ортақ мақсат – белгілі бір елді мекендегі шағын кәсіпкерлерді қолдап, адами капиталды, іскерлік қабілетті дамыту, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру. Осылайша, бизнеске айналатын өнім арқылы кірісті арттырып, экономикалық әлеуетті көтеру. Жобаға шағын және орта кәсіпкерлер, іскерлік бастамасы бар кез келген тұрғын қатыса алады.
Қонаев қаласының орталығында биыл екінші рет ұйымдастырылған жәрмеңкеге өңірдің 62 өнім өндіруші кәсіп иелері қатысып, жұмыстары сарапқа салынды. Оған облыс әкімдігінің, жергілікті атқарушы органдар мен іскер әйелдер кеңесінің өкілдері қатысты.
«Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын нарықта сұранысқа ие, бірегей сапалы өңірлік өнім жасауға тарту. Былтыр көрмеге облыстың 57-і кәсіпкері қатысты, ал жеңімпаз атанған 3 жеке кәсіпкерге өнімді таңбалау, стандарттау және одан әрі өткізу бойынша сүйемелдеу көрсетілді. Нәтижесінде, табиғи жүннен тәпішке тоқуды игерген «Далелханқызы» жеке кәсіпкерлігі өз өнімдерін Түркия мен Үндістанға, «Седьмой элемент» жеке кәсіпкерлігі табиғи таза былғарыдан жасалған сөмке мен аксессуар өндірісін дамытып, өндірген өнімдерін Ресейге экспорттауға қол жеткізді. Жартылай фабрикаттар өндірісін дамытып отырған «Alibaba» жеке кәсіпкерлігі пиццерия және дәмхана ашу арқылы бизнесін кеңейтті. Біз қоғамда еңбекқорлықты дәріптеуіміз керек. Адал еңбек пен жауапкершілік қоғамдық этиканың өзегі болуға тиіс», деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.
Табиғи өнім өндіріп, танымал болды
«Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесіне аймақтың барлық ауданы белсене атсалысып, өздері өндірген табиғи таза, балғын өнімдерін жарқырата ұсынды. Жәрмеңкеде ет-сүт, нан өнімдерімен қатар, атакәсіпті арқау еткен қолөнер бұйымдары да ойып орын алды.
«Ауылымыз туризмнің қайнар көзіне айналып отыр. Жамбыл ауылы арқылы атақты Шоғансай, Ақкөл демалыс орындарына күніге туристер ағылады. Өзіміз ала жаздай Байынқол өзенінің бойында отырамыз. Берісі еліміздің әр қиырынан келсе, арысы – алыс-жақын шетелдіктер. Олардың табиғи дәмге, құрт-ірімшік, қымызға сұранысы жоғары. Сол себепті, мал басын көбейтіп, оның өнімін табыс көзіне айналдыруға отбасымызбен жұдырықтай жұмыла кірісіп кеттік. Шаңырақ көтергенімізге ширек ғасыр болды. Содан бері мал бағып, тіршілік етіп келеміз. Осы күні отағасы Төлепберген Усбанов жетекшілік ететін «Дана» шаруа қожалығын дамытып жатырмыз. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, өзіміздің табиғи өнімімізді брендке айналдырып, өнімділігі мен өтімділігін арттырсақ деген ниеттеміз», дейді Райымбек ауданы Жамбыл ауылынан келген кәсіп иесі Айым Абдрахимова.
Күнде сауылатын 30–40 литр шамасындағы бие, сиыр сүтінен қымыз бен қаймақ, май, құрт өндіріп, оны экологиялық таза әрі тұтынушыға қолайлы ыдыстарға салып, тартымдылығын арттыра түскен еңбек адамының отандық кәсіпті дамытуға деген құлшынысы зор. Бұл жолда тынымсыз ізденіп келеді. Соның бірі – әртүрлі түске боялған оймақтай құрттарын алғашында кәмпит деп қалған едік. Дөңгелек, төрт бұрышты ағаш қалыптарға, қағаз қораптарға салынған бұл құрттары «қоржын», «құдағи қоржын» сынды тарту-таралғыға қосуда таптырмас дәм саналары сөзсіз.
«Табиғи өнімді алуға тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Олардың қызығушылығын арттырумен қатар, ерекше дәм сыйлау үшін құрттың құрамына қойқарақат, сиырқарақат пен бүлдіргенді езіп, қосамын. Сонда осындай әдемі түс және таңдайда бал татитын дәм береді. Құрттың құрамында ешқандай бөгде зат жоқ», дейді іскер жан.
Ала таңнан тұрып, көз байланғанша бел жазбай еңбек ететін шаруа адамының ендігі арманы – туған ауылында туризмді дамытып, кәсібінің мол нәсібін көру.
Кәсіп үшін Алматыдан ауылға аттанған
«Таудың әр алуан гүлдерінен алынған табиғи, таза бал» деп кезегі көбейген тұтынушыларға қолындағы сары алтындай балын ұсынып, құрамын түсіндіріп жатқан жас отбасының кәсібі еріксіз назар аудартты. Жақындай түсіп, тілдесудің ретін таптық.
«Алматы қаласында туып-өссек те, үй-жайымызды сатып, ауылға барғанымызға үш жыл болды. Шонжыда омарташылықпен айналысамыз. Осы салада тәжірибесі мықты омарташы кісілердің ақыл-кеңесімен бастаған ісімізді ілгерілетіп, бал өндірісін дамытуға бар күш-жігерімізді, білім-білігімізді салып жатырмыз. Омарташы болу – оңай іс емес. Тынымсыз еңбекті, табандылық пен төзімділікті қажет етеді. Соның арқасында мол өнім алып, оны өзіміздің ғана емес, тұтынушылдардың игілігіне жаратуға мүмкіндік бар. Табиғи, таза бал өнімдерінің адам денсаулығына тигізер пайдасы зор», деген Малика мен Фарух Маратовтар биылғы маусымда еңбектерін еселеп, 2 тонна табиғи бал өндіргендерін айтты.
Ара шаруашылығынан өндірілетін бал балауызын, прополисін, аналық сүті мен тозаңын пайдалану, сонымен қатар өлі бал арасынан жасалған тұнба да өте пайдалы екенін ескерсек, жас омарташылардың ісін қолдау қажет-ақ. Шөбі шүйгін Райымбек, Кеген аудандарына шығып, жаз бойы бал жинайды. Сөйтіп, төккен терлерінің өтеуі іспетті өнімдері Алматы қаласы мен Ұйғыр, Панфилов аудандарында және әлеуметтік желі арқылы саудаланып жатыр. Кәсіптің көзін тапқан жас отбасы осы жазда «Атамекен» палатасынан 1 млн теңге грант ұтып, оған ара шаруашылығына қажет керек-жарақтарын сатып алған. Бал араларының ұясын көбейткен. «Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, жас омарташылардың биыл өндірген өнімінің 100 килосын аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен балабақшаларға қайырымдылық көмек ретінде үлестіріп, жомарттық жасағандарын да айрықша атағанымыз абзал.
Іскер жанның ісі алға басады
Ісмерлікті әйгілеген жәрмеңкеге Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу ауылында тұратын Нұржұма Әділбай мен зайыбы Бейсенай Қыдырәлі сырмақ, тұскиіз, шымылдық, матадан тігілген оюлы дастарқан сынды көз жауын алатын қолөнер бұйымдарын, ауылда өсетін қараағаштан жасаған торсық, астау тәрізді тұрмыстық заттарын және кестеленген картиналарын арқалай келіпті. Он бес жыл бұрын Қытайдан атамекенге оралған қандастарымыз науқандық жиын-терін уақытында жалданып жұмыс істеп, нәпақа тапса, биылдан бастап өз кәсіптерін ашып, кеңейтуге күш салыпты. Оған ауыл-аймақтағы ағайынның сапалы бұйымдарына тапсырыс беріп, өнімдерінің өтімділік танытуы себеп.
Сондай-ақ алты айдан бері құс шаруашылығын дамытуға ниеттеніп, бөдене өсірумен айналысатын «Кеген» жеке кәсіпкерлік иесі Дулат Ілікұлы да осы күні 400-ге жуық бөдене өсіріп, одан 150 шақты жұмыртқа алып, саудаға шығарып отыр. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу кәсіпкерлерге соны серпін береріне сенімді.
Жалпы, өңірде кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп келеді. Өткен жылы облыстың 319 елді мекенінде 32,2 млрд теңгеге 1 266 кәсіпкерлік нысаны ашылды. Аталған жобалар 3,5 мың ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етуге себін тигізді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,3 млрд теңгеге мыңнан астам ауыл тұрғыны несие алды. Жастарға шағын несие беру бойынша 387 азамат 1,8 млрд теңгеге қаржыландырумен қамтылды. Осы жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамыту үшін бюджеттен 28,6 млрд теңге бөлінді (кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 27,3 млрд теңге және несиелерге ішінара кепілдік беруге – 1,3 млрд теңге). Сондай-ақ бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар халықтың осал топтары санатындағы 260 азаматқа берілді (400 АЕК / 1,5 млн теңгеге дейін). Бұл мемлекеттік қолдау шаралары жергілікті тұрғындарға ауыл шаруашылығы, азық-түлік, жуғыш заттар, ағаштан жасалған бұйымдар және басқа да өнімдер өндірісінде өз ісін ашуға және кәсіпкер атануға мүмкіндік берді.
Өңірде өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің жеңімпаздары әлеуметтік кәсіпкерлер үшін мемлекеттік өтеусіз гранттың үміткері атанды.
Алматы облысы