Ата заң • 27 Тамыз, 2024

Конституция – заң үстемдігінің басты кепілі

159 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ата заң – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі әрі заң үстемдігінің басты кепілі. Конституция күні қарсаңында Конституциялық сот пен Парламентаризм институты бірлесіп өткізген «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғамның және қазіргі мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» атты халықаралық конференция еліміздің саяси және даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын Ата заңымызға арналды.

Конституция – заң үстемдігінің басты кепілі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Іс-шараға Конституциялық соттың судьялары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және заң қоғамдастығының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесінің өкілдері, сон­­дай-ақ Германия, Финляндия, Швей­ца­рия, Өзбекстан, Қырғызстан мем­лекетте­рі­нің сарапшылары қаты­сып, адам құқық­тары мен бостандықта­рын ілгерілету­дегі конституциялық бақы­лаудың рөлі ­туралы пікір алмасты.

Басты назар мемлекет пен қоғам­ның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі Конституциялық сот төрелігін жетілдіруге аударылып, халықара­лық сарапшылар конституциялық бақы­лаудың өз тәсілдері мен үлгілерін ұсынды. Жиында алғашқы сөзді алған Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова қатысушыларды алдағы Кон­с­титуция күнімен құттықтап, көпжақты диалогтің маңыздылығын атап өтті. Ол конституциялық заңдылықты қам­тамасыз ету – заң шығару және құқық қолдану аясындағы баршаға ортақ мін­дет екенін айтты.

«Барлық мемлекеттік орган мен лауазымды тұлға осы бағытта жүйелі, жоспарлы және мақсатты түрде жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте азаматтардың қа­тысуы осы үдеріске өз ықпалын тигі­зеді. Сондықтан азаматтарымыздың құқық­тық мәдениетінің жоғары деңгейі мем­лекеттілікті нығайтуға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауға жәр­демдеседі», деді ол.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Конституциялық сотқа азаматтардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олар­ды қарау нәтижесінде 252 шешім қа­был­данды, оның ішінде заңдар мен заңға тәуелді актілердің нақты нормалары­ның Конституцияға сәйкестігін тексеруге арналған 50 нормативтік қаулы бар. «Конституциямыздың 30 жылдығы қарсаңында алдымызда әрбір азамат тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын және қорғауында болатын Әділет­ті Қазақстанды ілгерілету жөніндегі Мемлекет басшысы белгілеп берген ­саясатты іске асыруды жалғастыру міндеті тұр», деді Э.Әзімова.

Жиында Жоғарғы сот төрағасы Аслам­бек Мерғалиев Ата заңымыздың қыс­қаша тарихына тоқталып өтті. Оның айтуынша, 1995 жылы жалпыхалық­тық референдумда қабылданған Конст­и­ту­ция мемлекеттілігімізді дамыту­дың, адам құқықтары мен бостандықта­рын мүлтіксіз сақтаудың берік іргетасын қалады. Ал 2022 жылғы конституциялық реформа ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын белгілеп берді.

«Мемлекеттік саясаттың негізі – Әді­летті Қазақстанды қалыптастыру идея­сы. Конституциялық бақылау эволюциясы вектордың мемлекет – адам мен азаматтың ең жоғары құндылығына, оның құқықтарын қорғауға бағыттал­ғандығын көрсетеді. Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғаудың жоғары миссиясын орындай отырып, Конституциялық сот өз шешімдерін­де ұлттық конституциялық сәйкестікті құрайтын құқық, әділеттілік және гуманизм туралы түсініктерді қолдануға шақырады. Конституция бойынша (13-бап) әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға құқылы, сондықтан әрбір азамат тиімді қорғауды таба алатындығына, соттың әділдігіне сенімді болуының маңызы орасан зор. Мемлекет басшысы атап өткендей, ­бар­лық салада заң үстемдігі қағидатын сақтау – еліміздің серпінді дамуының негізі болуға тиіс», деді ол.

«Ел тарихындағы кейінгі үш жыл бетбұрыс кезеңі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен күрделі реформалар бас­талып, Ата заңға енгізілген өзгерістер саяси институттарымыздың тиімділігі­нің артуына, қоғамдық-саяси өмірді демократияландырудың қарқын алуына себепші болды». Осылай деген Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов кең көлемді реформалардың түпкі мақ­саты мен басты өлшемі біз адам құқы­ғын қаншалықты жалпыға ортақ әрі қол­жетімді ете аламыз деген сұраққа тірелуге тиіс екенін айтты.

«Бірауыз сөзбен айтқанда, әділет­ті мемлекеттің басты сипаттамасы – заң үстемдігін іс жүзінде жүзеге асырумен көрініс табады. Бұл туралы Мем­­лекет басшысы жиі айтып келеді. Конституция мен заңдарға енгізіл­ген өзгерістер де осыған бағытталған. Құқық­­тық танымның негізі – ешбір ­мем­лекеттік орган, лауазымды тұлға, ешбір адам заңға бағыну міндеттеме­сі­­нен босатылмайтынын түсіну. Азамат­тар­­дың мем­лекет алдындағы жауапкер­ш­ілігі болғаны секілді, мемлекеттік ­билік те азаматтар алдында жауапты», ­деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, біз Әділетті Қазақ­станды құру барысында адамдардың құ­­қықтары мен бостан­дықтарын тегеу­рін­ді қорғауды ғана емес, сонымен қатар өзіміздің азаматтық міндеттемелерімізді де қатаң сақтауды мақсат қылуымыз керек. Жеке құқықтар мен бостандықтарды қорғау мен бекіту, олардың аясын кеңейту – заңға деген құрмет пен талапты күшейтумен қатар жүруге тиіс. «Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХХХІ сессиясында Мем­лекет басшысы: «Жаңа Қазақстан әділдік аумағында құрылады. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқын­дайтын нақты факторларға айналады» деп атап өтті», деді М.Магеррамов.

Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов Консти­туция тек құқықтық акт емес, ол біз­­дің қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуіне кепілдік беретін мем­лекеттік құрылымның негізі екенін атап өтті. Жиырма тоғыз жыл бұ­рын күрделі геосаяси жағдайда респуб­ли­камыздың даму бағытын айқындаған Конституциямыздың қабылдануымен ел тарихының жаңа кезеңі басталғанын айтты. «Онымен бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ саяси және әлеуметтік-экономика­лық құрылымның негізін қалаушы қағидаттары әділетті және гүлденген қоғам құрудың берік іргетасына айналды. Бүгінде еліміз тек өзінің тарихи бірегейлігін ғана емес, қазіргі заманғы әлемдік үдерістерді көрсететін Негізгі заңымен мақтана алады. Халық билігі, теңдік, бірлік пен заң үстем­дігі қағидаттары – елдің ұзақмерзімді даму бағытын анықтайтын мызғымас құндылықтар», деді ол.

Жиында баяндама жасаған Кон­ституциялық соттың судьясы Ерлан Сәрсембаев Конституциялық сот қыз­метінің жаңа форматы ұлттық заң­на­мамызды жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқық­тарын іске асыру проблемаларын анықтауға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. Ол Конституциялық сот­тың Ата заңымыздың әлеуетін ашуға және оның нормаларының үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық ұстанымы көрініс тапқан кейбір шешімдерін мысалға келтірді. «Бұлар – азаматтарымыздың өз құқықтары мен бостандықтарын заңды тәсілмен қорғау мүмкіндіктері мен ерік-жігерін, сондай-ақ осы арқылы әділетті қоғам құруға қаншалықты үлес қоса алатынын көрсететін мысалдар. Заң үстемдік құратын және өмірдің барлық саласында құқық үстемдігі қағидаттары жүзеге асатын дәл осындай әділетті қоғам, Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның пікірінше, ел дамуының негізі болуға тиіс», деді ол.

Жиында Парламентаризм инсти­тутының сарапшысы Әлібек Темірбеков, Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Үнзила Шапақ, профессор Ларс Броккер (Германия), Мария Риэкки­нен (Финляндия), Мария Фигерас (Швейцария), т.б. баяндама жасады. Сарапшылардың айтуынша, конференция барысында әзірленген ұсыным­дар елдегі құқық үстемдігін нығайтуға және конституциялық сот төрелігін одан әрі жетілдіруге бағытталмақ. Форум­ның қорытындысында мемлекет, қо­ғам және халықаралық сарапшылар арасындағы диалогтің маңыздылығы, бұл демократиялық құндылықтарды ілгерілету мен заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды екені атап өтілді.