Өндіріс • 03 Қыркүйек, 2024

Сапалы өнімге сұраныс көп

82 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 10-15 жылдай бұрын құрылыс қыза түсетін жаз айларында қажетті материал іздеп табанынан таусылып жүргендерді жиі байқайтынбыз. Қазір оның бәрі ұмытылды. Баспана салдырғандар бұрынғыдай тапқанын таси бермей, материалдың сапасына ден қоя бастады. Осы күні Сырда үйдің іргетасын қалап, ауласына бетон құйғызатындардың көбі құрылыс дүкеніне барса алдымен жергілікті «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС шығаратын тампонажды цементті іздейді.

Сапалы өнімге сұраныс көп

«Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС – еліміз бен Қытай Халық Республикасының бірлескен және индустрияландыру картасына енген Сырдағы ірі жобалардың бірі. Осыдан 6 жыл бұрын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жалпыұлттық телекөпірде іске қосылған өндіріс орнының жобалық құны – 64 млрд теңге. Қазір жылына 1 млн тоннадан астам өнім шығарып отыр.

Жобаға мемлекеттік қолдау шаралары ретін­де индустриалды аймақтан 46 гектар, жатақ­хана салу үшін 4 гектар жер телімі табыс­тал­ған. Құрылыстан бөлек, мұнай, газ, уран ұңғы­ма­ла­рында кеңінен қол­данылатын тампонажды цемент өндірісі өңірде осылай бастау алды.

«Компания түрлі инвестициялық жеңіл­діктерді пайдаланды. Инвестициялық келісім­шартқа отыру арқылы құрылғыларды алып келуде баж салығынан, аяққа тұрып кеткенше корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылды. Кәсіпорын аудан­дарда да ірі жобаларды жүзеге асыруға болатынын көрсетті. Алғашқы өнімін шығарғаннан бастап іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқан зауыт аймақты толық қамтамасыз етіп отыр. Бірнеше өңір зауыт өніміне жиі сұраныс жібереді», дейді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік филиалының басшысы Мұрат Балабаев.

«Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС өнімін тұтынушылар қатарына 2019 жылдан бері Өзбекстан мемлекеті де қосылды. Өндіріс орны жылына осы елге шамамен 300 мың тонна өнім экспорттайды. Бұл еліміздегі цемент экспортының 20 пайызы екен.

Зауыттың Шиеліден бой көтеруінің бір себебі – аудан­дағы кен орындарында өндіріске қажетті құм, доломит, әк тасы мен уақталған қиыршық тас шығарылады. Цементке қажетті арнайы қоспалар ғана сырттан тасымалданып отыр. Қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайту үшін бөлінетін көмірқышқыл газы арнайы сүзгіден өтіп, тазартылады.

Серіктестік алғашқы жылдары жергілікті азаматтарды Қытайда оқыту арқылы жұмыс­шылар даярлауға ден қойған. Қазір солар түрлі қондырғының тілін білетін маманға айналды. Осы күні 260 тұрақты жұмыс орнындағы 220 жұмысшы – ел азаматтары. Мердігер мекемелерді қосқанда зауыт бас-аяғы 400-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. Орташа жалақы мөлшері 250 мың теңгеден асады.

Зауыт тек жергілікті халықты жұмыспен қам­тып қоймай, ауыл тұрғындарына көмек беріп тұрады. Індет іргеге жетіп, балалар қашықтан оқи бастаған уақытта компания оқушыларға 150-ден астам планшет алып берді. Шиелі жұртына «Жедел жәрдем» көлігі мен инватакси сыйға тартты. Әр қыста әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмір, азық-түлік жеткізіп береді.

Былтыр 1 100 000 тонна цемент өндірген серік­тестік биыл да қарқынды төмендетпек емес. Жұмыс істей бастағалы бері жергілікті және республикалық бюджеттерге 12 млрд теңгеге жуық салық түсірген кәсіпорын са­паға баса мән береді. Осыдан да бүгінде Шиелі цементі сұранысқа ие өнімге айналып отыр.

 

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы