Жастар • 03 Қыркүйек, 2024

Бүгінгі буынның саяси белсенділігі қандай?

82 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері түрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени жетістіктер еліміздің әлемдегі орнын нықтауына негіз болды. Бұл ретте жастардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымының өзіндік маңызы, алар орны ерекше. Қазіргі орда бұзар жастағы отандастарымыздың саяси көзқарас-пайымы қандай?

Бүгінгі буынның саяси белсенділігі қандай?

Осыдан бір апта бұрын «Жастар» ғылыми зерт­теу орталығы биыл­ғы «Қазақстан жастары» ұлт­тық баяндамасын жариялады. Тал­да­малық зерттеуде жас буынның ден­саулығынан бастап, білім, ғылым, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қызы­ғушылығы мен құндылығы, аза­маттық белсенділігі жіті сараланған. Бай­қағанымыз, 35-ке дейінгі отандас­тарымыздың саяси көзқарасы да есепке алыныпты.

Мәселен, зерттеуде жастардың 19,7%-дан 28,4%-ға дейінгі бөлігі азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына, коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне қатысты наразылық шараларына қатысуға дейін ашық жеткізген. Сондай-ақ елдегі жас буынның басым көпшілігі діни (78,5%) не құқық қорғау ұйымдарына (76,4%), саяси партияларға (76,0%), қоғамдық кеңестерге (75,4%) қатысқысы келмейтінін айтқан. Есе­сіне, олар волонтерлік қозғалыс, жас­тар бірлестіктері мен жобаларына, қайырымдылық жұмыстарына белсенді араласуды жөн көреді.

Жалпы, құжатта сарапшылар жас­тардың қоғамдық өмірін және аза­маттық ұстанымын білдіруін жоғары бағалаған. Айтуларынша, бұл тенденцияға белгілі бір деңгейде цифрлық технологиялар түрткі болып отыр.

– Жастар акцияларға, пікірсайыс­тар мен білім жобаларына қатысу арқылы саяси және әлеуметтік мәселелерге қызығушылық білдіріп жүргендеріне куәміз. Әдетте, олар қоғамдық бастама­лар құру мен пікір білдіруде әлеу­меттік желілерді белсенді пайдаланады. Жастардың 89,4%-ы – WhatsApp, 79,8%-ы  – Instagram, 63,9%-ы – TikTok-ты жиі қолданады. Негізі жас азаматтардың саяси белсенділігі айрықша маңызға ие. Кейінгі кездері, жас мамандар мен студенттердің саяси үдерістерге қызығушылығы артқаны байқалады. Бұл – қоғамдағы пікір алуандығының артуына және мейлінше репрезентативті саяси жүйе құрылуына ықпалын тигізетін оң тренд, – дейді тәуелсіз сарапшы Әнуар Оңайбеков.

Жастардың қоғамдық өмірге қатысуы, азаматтық ұстанымдарын білдіруі демо­кратиялық құндылықтардың ілгері­леуі­не әрі әлеуметтік ынтымақ­тастықтың нығаюына сеп болады. Алайда 35 жасқа дейінгі отандастарымыз арасында ма­териалдық қажеттілікті алға тартып, қоғамдық белсенділікке бейқам қарай­тындар да бар.

– Материалдық байлыққа ұмтылу барлық саналы адамға тән. Бұл – мемлекет пен қоғам дамуының маңызды факторы. Дегенмен материалдық игіліктерді тынымсыз және этикалық еңбекпен табу қажеттілігі туралы ұғым социумда бұрмаланған. Сол сияқты тәуелді болу үрдісі де жастарда басым, өйткені материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз етеді деген есеппен мемлекетке үлкен үміт артып отыр. Саясаттың өзгеруімен жастар арасында осындай көңіл күй қалыптасуы да ықтимал. Бас­па­наға қаржы жинақтаудың мүмкін болмауы, тұрмыстық қажеттілікке сай тең жалақының болмауы, орта таптың жедел қарқынмен қысқаруы – жастарды менталдық проблемаларға, тәуелді мінезге және маргинализацияға итеретін негізгі факторлар. Жастардың басым көпшілігінде әлеуметтік-экономикалық факторлардан немқұрайдылық пен конформизм бар, өйткені олардың көпшілігі одан да басым базалық сұраныстарын жабу жолында жүр. Сондықтан қазір тек олардың бойына бірлік ұғымын сіңіріп, экологиялық проблемалар мен әлеуметтік әділетсіздік, тағы басқа өткір мәселелерді бірлесе шешу төңірегінде шоғырландыру қажет, – дейді «Esbol Qory» ҚҚ төрағасы Жандос Ақтаев.

Тағы бір ескеретін дүние – дәл қазір түрлі волонтерлік бастамалардағы жас­тар­дың белсенділігі, елдегі осы санат­тағы азаматтардың жалпы белсенділігін арттырып отыр.

– Волонтерлік есебінен белсенділіктің жалпы фоны артты, дегенмен респуб­ликалық жастар ұйымдарының саны айтарлықтай қысқарғаны туралы дерек алаңдатады. Бұған мемлекет тарапынан қолдаудың жеткіліксіз болуы, жастар қозғалысының белгілі бір бағыттарына қызығушылығы жоғалуы немесе бір ұйым шеңберінде қоғамдық қызметпен шектелмеуге ұмтылған жастардың өзде­рінде басымдық беруі себеп болуы мүмкін. Меніңше, осы секілді шешуді қажет ететін бірнеше мәселе бар. Өзіндік даму, денсаулықты сақтау мен жайлы өмір сұраныстарын қанағаттандыру үшін қаржы қажет. Сондықтан жастардың мате­риалдық байлыққа ұмтылу тенденциясы нақ түсінікті. Бірақ аяқ астынан баю, тәжірибе мен кәсіби біліксіз жоғары лауазымдар алу мүмкіндігін қабылдау жас­тар арасында кереғар түсініктердің пайда болуына ықпал етіп отыр. Бұл сайып келгенде, тәрбиелік компонент мәселесі. Гаджеттермен тәрбиелеу, жасөспіріммен тіл табыса алмау, интернет кеңістіктің ықпалы, жалған кумирлер жасау деген секілді мәселелер көп проблеманың өзегі болып отыр. Мәселен, жұмыссыз жастарда масылдық көңіл күй бар.

Солай бола тұра, жастардың сая­си белсенділігі жыл сайын артып келе жат­қанын айта кету керек. Бұл әсі­ресе соңғы Парламенттің сайлау бары­сында байқалды. Консультативтік-кеңестік органдарға қатысуына назар күшейтілді. Мысалы, жастар саясаты бо­йынша кеңестерге мемлекеттік органдар өкілдері емес, жастар көбірек тартыла бас­тады. Президенттің Ұлттық құрылтайда және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында сөйлеген сөздерінде жастарға көңіл бөлінді, – дейді МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова.

Негізі азаматтық ұстаным жас буынның тұлға болып қалыптасуына ғана емес, жалпы қоғамның тұрақты дамуына қолайлы жағдайлар жасауға көмектеседі. Сондықтан елімізде жас­тардың азаматтық, әлеуметтік дербес болуы үшін қажет құқықтық, эко­но­микалық, ұйымдастырушылық жағ­дайларды жасау және нығайту мем­лекеттік жастар саясатының негізгі мақ­саты деп бекітілген. Алайда құжатта мемлекеттік жастар саясатына баға берген респонденттердің 54,2%-ы ғана оның тиімділігін, ал 19,8%-ы одан мүлдем хабарсыз екенін жасырмаған.

– Жалпы алғанда, Қазақстанда мем­ле­кеттік жастар саясатын іске асыру оң нәтижелер беріп отыр деп айтуға болады. Дегенмен бұл бағытта әлі шешімін таппаған мәселелер бар. Мысалы, ауылдық жердегі жастардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуы, баспана мәселесі, жастар арасында әлеуметтік тең­сіздік өзекті бола түсіп отыр. Жастарды дамыту бағы­тында қабылданған шара­­лардың адек­ваттылығына келсек, кейбір ай­мақтарда және кей әлеуметтік топтар арасында қосымша қолдау қажет. Үнемі мониторинг пен талдау жүргізу, мемлекеттік саясат жастардың барлық топтарына бірдей тиімділікпен ықпал етуі үшін қажет болса түзетулер енгізіп отыру маңызды. Жалпы, жастардың саяси белсенділігі артып келеді. Бірақ осы белсенділікті одан әрі арттыру үшін сая­си білімді жетілдіру, қолдау және осы жолдағы кедергілерді болдырмау керек, – дейді Өскемен қаласы әкімдігінің «Жастар ресурстар орталығы» КММ директоры Ербол Бақытжан.

Бұл пікірді «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының директоры Мақпал Жұмабай да қолдайды. Өйткені елімізде жастар саясатының заңнамалық тұғыры қалыптасып болды. Былтыр ғана 2023–2029 жылдарға арналған Мем­лекеттік жастар саясатының тұжы­рым­дамасы қабылданды. Енді оны жетіл­діріп, кемеліне келтіруді ойлауымыз керек. Өйткені жұмыссыздық пен қылмыс деңгейі, нашақорлық пен лудомания белең алған тұста, суицид көрсеткішін, отбасын құру мен ажырасу коэффициентін ескерсек, әлі де көңіл бөлу керек тұстар көп.

– Жастар қоғамның барлық аспек­тілерінде қарастырылуы керек. Мысалы, егер біз білім беру немесе контент саласы, тұрғын үй немесе әлеуметтік мәселе туралы айтсақ, жастар да сол контентте қарастырылуы керек. Оларға бірінші кезекте осы экожүйенің үлкен бір бөлшегі ретінде қарау қажет. Жастарды не толғандырады? Біз нені өзгертуіміз керек? Неліктен отбасыларда күш қолдану көп? Олар неге осы әрекеттерге барады? Мұның барлығы жүйелі зерттеуді қажет етеді. Бұл әлеуметтік проблема болып есептеледі. Бүгінде жастар дамуында оның адам, азамат ретіндегі алға ілгерілеуінің рухани аспектілері ескерілмейді. Жалпы, идеология туралы айтқанда ой-пікір көбейе түседі. Бірақ қазір бізді біріктіретін бір нәрсе бар, ол – құндылық. Жастар саяси мәтіндерді онша түсіне бермейді. Осы құндылықтар туралы олармен өз тілінде сөйлесу керек, – дейді ол.

Қазіргі жастардың азаматтық және саяси белсенділігі едеуір артқан. Алайда осы тұста тәжірибе мен білім жетіспеуі салдарынан жастардың деструктивті саяси және діни қозғалыстарға кіру тәуекелін азайту үшін ұрпақтар арасындағы өзара түсінік пен ортақ құндылықтарды қалыптастыруда бір­жақты әдіс-тәсіл­дің орнына мақсатты бағытталған идео­логиялық жұмыс қажет. 

Соңғы жаңалықтар