Қатысушыларға қымыз қосылған тоқаш пен шұбаттан жасалған балмұздақ дайындау бойынша шеберлік сабағы өткізілді.
Бизнес-жоспарлау бағытындағы тренингте гендерлік көзқарас ескеріле отырып, баламалы қызмет түрлері мен туризмді дамытуға ерекше назар аударылды. Аталған жоба жергілікті тұрғындарға ауылды жерлерде тиімді туристік бизнес құрып, дамыту үшін қажетті дағдыларды үйретуді мақсат етеді.
Ал қатысушылар осы салада табысты бизнес-жоспар жасау бойынша білім алып, практикалық құралдарды меңгерді. Бұл олардың кірістерін арттырып қана қоймай, аймақтың тұрақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
«Біз туризмді дамыту бағытындағы тренингтер өткізіп, жергілікті тұрғындарға қонақүйлер туралы ақпарат береміз. Кәдесыйларды қалай сату керек екенін және туристердің олардан не күтетінін түсіндіреміз. Іс-шара барысында гестхаус салғысы келетін бірнеше адам да табылды. Бұл бағыттағы жұмыс сөзсіз жалғасады, өйткені жергілікті халық бұған үлкен қызығушылық танытып, экотуризмді дамытуға үлес қосқысы келеді», дейді тренер Ажар Байбакишева.
Сонымен қатар өткен тренингтердің нәтижелерін талқылау, Ұлытау өңірінде жергілікті қоғамдастықты жұмылдыру және жұмыспен қамтуды арттыру стратегиясының тиімділігін талдау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қатысушылар туризм тақырыбындағы негізгі мәселелерді талқылады. Жаңа туристік бағыттар мен нысандар құру, туристерді көбірек тарту үшін маркетингтік акциялар өткізу сияқты жобаны одан әрі дамыту іс-шаралары да айтылды.