Қаныш атамыздың жиен немересі, Ханиса Сәтбаеваның перзенті Әлима Жармағамбетова осы сапарында музейге арнайы келіп, Қаныш Сәтбаевтың өзі киген жасыл түсті пүліш шапанын сыйға тартты. Бұл шапанды кезінде Қаныш атамыз қызы Ханисаға «кешкілік тоңып қалма, жамылып жүр» деп берген екен. Әлима апамыздың айтуынша, шапанды анасы Ханиса апамыз өзіне шақ етіп, жеңі мен етегін қысқартып киген.
Сонымен қатар аталған тойда құрметті қонақ болған ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз музей қорына Қаныш Имантайұлының қолы тиген сұр түсті кварц тасты табыстады. Бұл жәдігердің тарихына келсек, кезінде Қаныш Имантайұлы экспедициядан екі тас әкелген. Бірі зертханаға тапсырылса, екіншісін академик Айтжан Абдуллинге сыйлаған. А.Абдуллин 1998 жылы Кәкімбек Салықов басқарған Сәтбаев қорына тапсырған екен. Осы кезеңдерде Ғалым Жайлыбай ағамыз қорда қызмет еткен.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі әрдайым Қаныш ағамыздың қолы тиген осындай құнды жәдігерлермен толығып келеді.
Сансызбай САПАРҒАЛИЕВ,
академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қызметкері
Павлодар облысы