Пікір • 05 Қыркүйек, 2024

Әр іске – елшіл жанашырлық!

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы осыған дейін басталған сая­си реформаларды дәйектеуге, соның ішінде халқымыздың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Сондай-ақ мұны бүгінгі сын-қатерлерге жауап және жұртшылықты толғандырған мәселелердің шешу тетігін көрсеткен айқын ұстаным деп қабылдаймыз.

Құжатта іргелі бастама, жүйелі ұсыныс, нақты тапсырма 9 стратегиялық бағыт аясында байыпталған. Бұл ретте ақша-несие мен фискалды саясат арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестиция мен бизнестегі жағдайды реттеу, өнеркәсіп әлеуетін орнықты жүйелеу, инфрақұрылым зәруліктерін шешу, қат мамандарды экономика қуатына айналдыру, ұлт саламаттылығын шыңдайтын кешенді шаралар, әлеуметтік қолдау саласын серпілту, экологиялық жауапкершілікті арттыру, мемлекеттік басқару ісін жетілдіру, заң мен тәртіп қағидатын сапаландыру жан-жақты зерделенді. Ең бастысы, экономикаға қан жүгіртетін бағыттардың заңнамаларын қайта қарау, нақтылау, өзектендіру үдерісіне қатысты тапсырма берілді. Әсіресе шағын және орта бизнестің тынысын ашу, қайтарымы мол ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру, банктің экономикалық жауапкершілігін үйлестіру, салық саясатына жаңаша көзқарас пен бюджет тапшылығын жүйелейтін іс-шара айқындалды. Осы орайда заңдық тетіктерді даярлауға қатысты нақты тапсырма берілді. Ұлттық қор қаражатын ретімен пайдалану, орта таптың әлеуеті мен салмағын арттыруға байланысты ұстаным да өзекті. Мұның бәрі, Президент айтқандай, «еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктер».

Қаржы мен инвестицияның сыртқы һәм ішкі түрлі факторға байланысты қилы деңгейі – қалыпты жағдай. Оның билік пен қоғамға қатысты өлшемі – әділеттік, тәртіп және үнем. Мұны ел басшысы «бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек» деп қадап айтты. Жеке инвестиция мен салық саясаты арасындағы үйлесімнің, мемлекетттік-жекеменшік әріптестіктің сапа мен парасатқа құрылуы – экономика дамуының елеулі бағыты екені де сарапталды. Агросаланы субсидиялаудан гөрі тиімді несие беру тығырықтан шығаратыны да ойға салынды.

Жолдауда заңсыздыққа барған атқарушы билік орындары мен көтерем бизнес саласына сын да айтылды. Мысалы, «санда бар, санатта жоқ» 2 млн ірі қара мен 3 млн ұсақ мал жыры. Немесе жекеменшік жерлерінен мыңдаған шақырым қашықта тұратын елірме «жер иелері» жайы. Бұл мәселе заң тұрғысынан қаралатыны мәлім болды.

Өздеріңізге мәлім, О.Бектенов басқаратын ел Үкіметі өнеркәсіпке байланысты 17 ірі жобаны жүзеге асыруға жұмылып отыр. Бұған моноқаланың тың өндірісінен бастап, мұнай-газ саласын серпілтуге дейінгі инновациялық бастамалар енген. Сөз бен іс бірлігінің сыналатын кезеңі – тап осы жер. Халық үкімет жұмысы нәтижесіне қарап баға берері сөзсіз.

Мемлекетіміздің инфрақұрылымын дамыту – ділгір басымдық. Бұл жерде заманауи энергия өндіретін қуат көздерін орайлы пайдалану – ғылым мен білікке қатысты шарт. АЭС – технология мен инновацияның, бәсеке мен тәжірибенің көрсеткіші. Дәл осы мәселеде біз еліміз ұтатын жолды таңдауға тиіспіз. Президент инфрақұрылымға қатысты көлік-логистика жайына да тоқталды. Кейінгі ұрпаққа сапалы авто, темір, әуе, теңіз жолдарын, бекеттерін қалдыру міндетін еске салды. Әрине, жоспар бар да, оны орындау бар. Оның тетігі – қоғамдық бақылау мен цифрлық платформа екені нақтыланды.

Мемлекет басшысы қоғамның берекесі адал еңбекпен және тиянақты тәртіппен орнайтынын әрқашан еске салады. Жолдауда 2025 жылды – жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл – дәстүрге табан тіреген ой. Инженер, геолог, кенші, агроном, зоотехник, автотехник, мелиоратор т.б. мамандардың мәртебесін көтеру, ғалым мен өнертапқыш идеясына құлақ асу – өсер елдің ісі. Бұйырса, осы бағытта игі бастамалар жүзеге асады деп үміттенеміз.

Жолдауда Президент «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты» деген тың ой айтты. Дәл осыны біз кең мағынада түсінгеніміз жөн. Алаш тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының шәкірттеріне айтқан ең соңғы аманаты – «Айналайындар, мұғалім болыңдар!» деген бата екен. Бұл сөздің астарында елге жауапты болу міндеті тұр. Дәл солай бүгін әр саланың дәстүрі мен тәжірибесі жаңашыл тәуекеліне жол көрсеткені абзал.

Мемлекет басшысы экологиялық жаңару мен қоғамдық тәртіп құндылығы маңызына тоқталды. Расында, біз «Таза Қазақстан» акциясын сана, іс тазалығы деңгейіне көтеруіміз қажет. Ал Президент әділдік пен қауіпсіздік аясында сөз еткен әскерді – мемлекеттік тіл мен бірлік дәстүрін табиғи сіңіретін ерлер мектебіне айналдыра білуіміз керек. «Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалсын!» деген Жолдау түйінінен осыны ұқтық.