Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Облыста Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланған. Он мектептің құрылысы биыл аяқталса, қалғаны келер жылы қолданысқа беріледі.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен облыс орталығында физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған 400 орындық мектеп-интернат құрылысы басталды. Жақында құны 10 млрд 900 млн теңге болатын «Шығармашылық инновациялық орталықтың» іргетасы қаланды.
Жаңа оқу жылында 17 000-нан астам бала 1-сыныпқа қабылданды. Мектеп табалдырығын енді аттаған жеткіншектердің 93,1 пайызы мемлекеттік тілде білім алады. Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 8 мыңнан астамы Қызылорда қаласынан болса, одан кейінгі орында – Жаңақорған ауданы тұр. Онда 1 708 бала алғаш мектеп табалдырығын аттады. Ал Шиелі ауданында 1 600-ден астам жеткіншек бірінші сыныпқа барды. 2024–2025 оқу жылында 297 мемлекеттік және 33 жеке мектепте 184 856 бала білім алады. Осылардың 10 452-сі 11-сынып оқушылары.
Жақын күндері Қызылорда қаласындағы сол жағалау шағын ауданынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілмек.
1 қыркүйек қарсаңында Шиелі ауданында 988 млн теңгеге бой көтерген 100 орындық мектеп қолданысқа берілді. Осы күндері Жаңақорған ауданының Байкенже ауылынан жергілікті бюджет есебінен 926 млн теңгеге салынған 150 орындық білім ордасы ашылды.
Сондай-ақ осы салаға инвестиция салатын кәсіпкерлер қатары да артып отыр. Ел жағдайына алаңдаған азаматтардың арқасында Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп орнына жаңа ғимарат және Ақшатау ауылында бастауыш мектеп бой көтеріп, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.
Облыста 2023–2029 жылдарға арналған білім жүйесін дамыту жол картасы бойынша алдағы 7 жылда біраз мәселе шешімін табады. Осы уақыт аралығында мектепке дейінгі білім беретін 12 ұйымға күрделі, 160 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жоғары оқу орындары базасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерін қайта даярлау, біліктілігін арттыру қолға алынады. Сексен балабақша компьютерлік техника мен интерактивті панельдермен, 40 балабақша ойын алаңдарымен жарақталып, шағын сәулет нысандары жаңартылады.
Салаға қолдаудың қайтарымы да жоқ емес. Сыр өңірі соңғы төрт жылда Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткішінде республикада алғашқы үштікте болатын. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандардың 76 пайызы, яғни 4 752 оқушы еліміздің беделді жоғары оқу орындарына түскен осы жылы аймақ елімізде көш бастап, алғашқы орыннан көрінді. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін аймақ сұранысын ескере отырып, қажеттілігі жоғары мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді.
Жыл сайын облыс орталығына қоныстанушылар қатары артып, мектептерде орын тапшылығы байқала бастаған. Өткен жылы осындай 4 мектепке қосымша 1 мың 850 орынға арналған ғимарат салынды. Қаржы үнемдеуге сеп болатын осы тәсіл арқылы биыл Шиелі, Жаңақорған аудандарында 2 мектепке 375 орын қосылып, Қызылорда қаласындағы №4 мектепке оқу корпусы мен асхана, Қармақшы ауданында №284 мектеп-интернатына спортзал салынды. Осы жазда облыстық бюджет есебінен 3 млрд 100 млн теңгеге қала мен аудандарда 8 мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар өңірде жеке мектептер қатары да артып келеді. Биылдың өзінде олардың қатарына 7 мектеп қосылып, жаңа оқу жылында облыстағы осындай білім ошақтарының саны 40-қа жетеді.
Қызылорда