Сурет: elements.envato.com
Еліміздің медицина саласының жетістіктері жоқ емес, алайда кемшіліктер де барын айтты. Науқастарға мемлекеттік кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуы немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну сынды жөнсіздіктерге жол бермеуді тапсырған Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажеттігін атады. Әрине, мұндай маңызды өзгерістерді цифрландырусыз сәтті жүзеге асыру мүмкін емес.
Шынында да, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған бірнеше ондаған әртүрлі бағдарлама мен дерек базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құратын уақыт келді. Ол мемлекеттік тапсырыстарды алатын барлық денсаулық сақтау ұйымы үшін, олардың меншік нысанына қарамастан, деректердің түпкілікті бақылауын және объективтілігін қамтамасыз етуге тиіс. Президент Үкіметке бұл өзекті мәселені жедел шешуді және жұмыс барысын баяндауды тапсырды.
Отандық денсаулық сақтауды дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет.
«Өкініштісі, шетелдердің мемлекет-жекеменшік әріптестікке қатысты озық тәжірибелері әлі де заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеліп соқтырады», деген Мемлекет басшысы тәсілдерді қайта қарау керектігін, инвестиция тарту үшін тиімді тарифтер ұсыну, Үкімет денсаулық сақтау және білім беру салаларына мемлекет-жекеменшік әріптестіктің жеке стандарттары мен ережелерін әзірлеу керектігін міндеттеді.
Елімізде білікті медицина мамандарының тапшылығы да тасада қалмады. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын реттеп, тиімді тарату қажеттігіне назар аударды.
Қоғамның саламаттылығына қатысты маңызды мәселелерді отандық медицина саласы жауапкершілікпен шешеді деп сенемін.
Айман РАҚЫШЕВА,
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры
Алматы облысы