Технология • 06 Қыркүйек, 2024

Оймен басқарылатын құрылғы

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Нью-Йорктегі «Synchron» ком­паниясы стартап жобасын «Apple» ком­паниясының «Vision Pro» гарнитурасымен біріктіргенін хабарлады. Енді физикалық қозғалысы шектеулі адамдар құрылғыны өз ойлары арқылы басқара алады.

Оймен басқарылатын құрылғы

Сурет: REUTERS/Loren Elliott

«Synchron» – сал ауруына шалдыққан науқас­тарға смартфон мен компьютерді ақылмен бас­қаруға көмектеседі. Дәлірек айтқанда, ми-компьютер интерфейсін жасаумен айналысатын компания. Ұжым өзінің нейро-компьютерлік интерфейсін АҚШ-тағы алты және Аустралиядағы төрт пациентке имплантациялаған. Бұған дейін «Стентрод» (Stentrode) атауымен танымал болған технология «Open AI-дің» соңғы шыққан «GPT-4o» моделімен біріктірілген. Яғни танымал чаттың көмегімен адамдар ойын бұрынғысынан жақсырақ жеткізе алады. Технология науқасқа айналадағы оқиғаларды сипаттауға, әңгімеге араласуға жәрдем береді.

Бір ай бұрын компания әлеуметтік желіде «Apple» компаниясының «Vision Pro» гарнитурасымен бірігіп жұмыс істейтінін мәлімдеген. Тіпті науқасқа тәжірибе де жасалған. Әлемдік баспасөз беттеріне сүйенсек, амиотрофиялық бүйірлік склерозбен (ALS) ауыратын америкалық Марк есімді азамат – бұл құрылғыны пайдаланған әлемдегі алғашқы пациент. Диагноз қойылғаннан бері денесінің жансыздануына байланысты еркін жүріп-тұра алмайтын ол жаңа технологияның көмегіне жүгінген. Нәтижесінде, смартфондағы функцияларды ойымен еркін басқарады. Керек десеңіз, фильм тамашалап, ойын да ойнай алады. Америкалық CNBC телеар­насына берген сұқбатында Марк компьютерлік стартап туралы: «Мен үшін құрылғыны пайдалану – тә­уелсіздікті сезінудің тағы бір жолы», деп айтқан екен.

Компанияның бас директоры Томас Окслидің пікірінше, «Apple» компаниясының «iOS» қол­жетімді платформасы өз тобындағы ең жақсы платформа. Сондықтан компания бар назарын пациенттерге «Apple» экожүйесіндегі құрылғыларды басқару үшін көмек­тесуге аударды.

Нью-Йорктегі «Synchron» ұжы­мының жұмысы әлемдегі ми-ком­пью­тер интерфейсін жасайтын жалғыз стартап емес. Бұған дейін Илон Масктің «Neuralink» чипі де қоғамға таныстырылған еді. Десек те бәсекелестердің жобасында өзара айыр­машылық бар. Мәселен, «Neuralink» чипін орнату үшін науқасқа арнайы тіпті, күрделі ота жасау қажет болады. Ал «Vision Pro» гарнитурасымен жұмыс істеу жеңілірек. Мұнда имплант пациенттің мойын қан тамыры арқылы енгізіледі. Бұл миға ашық операция жасау қажеттілігін болдырмайды. Құрылғы мидың қозғалтқыш қыртысының бетіндегі қан тамырына жеткізіледі. Стент тәрізді имплант кеуде аймағындағы тері астында орналасқан антеннаға қосылады. Ал антенна нейрондық сигналдардың бастапқы деректерін жинап, оларды сырт­қы құрылғыларға жібереді.

Сонымен синхрон компаниясының жаңа өнімі пациенттерге электрондық хаттарды жазу немесе мәтіндік хабарламаларға жауап беру сияқты тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, сөйлеу мен қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдарға айналасындағы әлеммен байланыс орна­туға мүмкіндік береді.

Алайда технология қалың бұқараға қолжетімді болуы үшін компания АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасынан (FDA) мақұлдау алуы тиіс.

 

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті