Тәрбие • 07 Қыркүйек, 2024

Жасампаз ұлттың ұпайы түгел

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Қай елде болсын, қай заманда болсын ел болашағы жастардың қолында екені анық.

Жасампаз ұлттың ұпайы түгел

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұл баланы ертеңгі отбасының тірегі, қорғаушысы, асыраушысы, қартайған шақта әке-шешесінің қамқоршысы деп, ал қыз баланы болашақ ана, инабатты келін, адал жар, отбасының ұйытқысы деп тәрбиелеген. Осындай ұлттық тәрбие мәнін ата-әжелеріміз «Ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден тыйым» деген бір мақалмен түйіндеген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында болашаққа сеніммен қадам басу үшін «Төл тарихымыздың ауқымы кең еке­нін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет», деп атап өткен еді. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен, ұлттық құндылықпен, салт-дәстүрімізбен тығыз астасып жатқаны ақиқат. Бұл ойды Президентіміз биылғы Жолдауында да тарқата айтты. «Азаматтары, әсіресе ­жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасай­тын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Осы мақсат жолында 30 жылдан аса қызмет етіп жүрген «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігі бірталай шаруа атқарды десем, артық болмас. Біз­дің бірлестік құрамында ардагер ұстаздар, мәдениет саласының мамандары, көпбалалы аналар, немере-шөбере сүйген әжелер бар. Атап айтсақ, әже­леріміз балабақшалар, мектептер, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру, мәдениет саласының, балалар тәрбиеленетін әлеуметтік мекемелермен ұдайы тығыз байланыста. Бірлестік әжелері жыл бойы «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында балабақша балдырғандарын қазақ халқының ерте­гілері арқылы отансүйгіштікке, шын­­дыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Әже­­сінің әлдиін, ертегісін тыңдаған бала мейірімді, үлкенге құрмет пен қамқорлық көрсететін бала болатынына сенеміз. Сондықтан да отбасында әжелер немерелерін ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр негізінде тәрбиелесе, ұрпақ жаман қылықтардан аулақ болып, жақсы­лыққа ұмтылады.

Жыл сайын Достық үйінде «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің әже­лері, дін саласының мамандары, мектеп ұстаздары және оқушылардың қаты­суымен өтетін «Дін мен дәстүр» конфе­ренциясы – бала­ларымызды иман­ды­лыққа, парасаттылыққа тәр­бие­лей­тін, ұлттық құндылықтарды қа­лып­тастыруға және насихаттауға ба­ғыт­талған шара. Бұған қоса «Қор­жын», «Қайырымдылық», «Мектепке жол» акциялары шеңберінде мүмкіндік­­тері келгенше көмекке мұқтаж, жетім-­жесір отбасыларына әрдайым қол ұшын ­беріп келеді. Қазақстан халқы Ассамблея­сы шешімдері негізінде түсіндіру ­жұмы­сын жүргізу, белсенді мүше­лерді марапаттау, мерекелік концерт көр­сету, ерекше шараларға ұйытқы болу – осының барлығы әжелердің қоғам­­дық қызметі.

Мемлекет басшысы Жол­дауында: «Хал­­қымыз қашан да кең пейі­лі­мен, толе­ранттылығымен ерекшеленген. Еліміз­дің басты құндылығы – бірлік пен келісім ­ең алдымен осы қасиеттердің арқасын­да сақталып отыр», деп атап көрсетті. Бұл тұрғыда біздің ұйымның жүргізіп отырған шаруалары да баршылық. Жыл басынан Павло­дар облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі, «Нұр-ана әлемі» ҚБ, «Қоғамдық келісім» КММ және Павлодар қаласы білім меке­мелері «Отбасы – тәрбие іргетасы» жобасын іске асырып келеді. Осы орайда ұйымдармен 46 меморандум бекітілді. Жоба аясындағы фестивальға 30-ға жуық мектеп қатысып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, отбасылық дәстүрлер мен ұлттық ойындарын, ежелгі заманнан қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, жалпы ұлттың мәдени-генетикалық болмысын көрсете білді.

Жаңа оқу жылында бұл жұмыс «Күші­міз – бірлікте» бағытындағы өміршең жобамен жалғасын табады. Жоба Павлодар өңірінде тұратын этнос өкілдері салт-дәстүрі мен қазақ ұлттық салт-дәстүрінің интеграция арқылы біте қайнасқанын көрсетуді көздеп отыр.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Бола­шағымыз жарқын болсын десек, келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – сіз бен біздің кезек күттірмейтін міндетіміз.

 

Бақытжамал МАКСИЛОВА,

Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің және «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы