Сурет: ашық дереккөзден
Жолдауда көрсетілген бастамалар өз кезегінде қаржы-несие саясаты мен фискалдық саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюға, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толыққанды пайдаланып, бірінші кезекте инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту үшін кешенді шараларды іске асыруға, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін түбегейлі арттыруға, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруға бағытталған.
Ел Президенті Қазақстан халқы бүгінде мүлдем жаңа саяси шындықта өмір сүріп жатқанын атап өтті. Соңғы бес жылда ауқымды реформалар жүзеге асырылды, саяси жүйе түбегейлі трансформациядан өтті. Сондай-ақ Ұлттың саяси және қоғамдық өмірін, менталитеті мен мәдени кодын жаңарту басталды. Бір сөзбен айтқанда, Жаңа әділетті Қазақстанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Стратегиялық бағытты тұрақты ұстану жалғасады», делінген.
Еліміздің экономикалық әлеуетін дамыту мақсатында мемлекет қаржысынан бөлек жеке инвестициялар көлемін ұлғайту өте маңызды. Банктердің шағын және орта бизнесті қаржыландыруы деңгейінің төмендігі іскерлік ортаның белсенді қызмет атқаруына және экономикалық тұрақты дамуын тежеп отыр.
Сонымен қатар банктердің табатын пайдасынан мемлекетке төленетін салықтар мөлшерін қайта қарап, осы саладағы активтердің айналым мен инновациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Банктер туралы» жаңа заң қажеттілігі жөнінде Жолдауда нақты айтылды. Қазіргі қолданыстағы Заң 1995 жылы қабылданғанын ескерсек, бүгінгі уақыт талабына сай тетіктерді регламенттейтін жаңа заңды дайындау өте маңызды.
Еліміздің кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуын қамтамасыз етіп, 2029 жылға дейін орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Жолдауда кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау мен бірге, бизнеске кейбір мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан орын алатын инвестициялық жағдайға кері әсер ететін әрекеттерді жоюға қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Экономикалық заң бұзушылықтарды қылмыстан арылту туралы да айтылды. Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде Президент тапсырмасына сәйкес, экономикалық заң бұзушылықтардың бірқатар түрі кезең-кезеңімен қылмыссыздандырылып, заңнамалық түрде әкімшілік заң бұзушылық санатына ауыстырылды.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлер «капиталын заңдастыру» аясында ел экономикасына салынатын қаржы әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысына жұмсалуы қажеттігін және мемлекетпен келісімге келу арқылы қайтарылған қаржы мен активтерді «Заңсыз» деп танымауға қатысты норманы бекіту туралы айтты. Қолданыстағы 2023 жылғы 7 шілдеде енгізілген «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң нормаларына сәйкес Бас прокуратура жанында құрылған уәкілетті мемлекеттік орган және Премьер-министр төрағалық ететін арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде 156,3 млрд теңге қаржы және 84,4 млрд теңгеге бағаланған мүлік заңсыз иемденген деп танылып, мемлекетке қайтарылды.
Сондықтан Жолдауда Мемлекет басшысы айтқандай, тиісті нормаларды Заңға енгізу арқылы, қылмыстық құдалау тәуекелдерін азайту өз кезегінде кәсіпкерлердің бюджетке салатын қаржы көлемінің ұлғаюына оң әсері болары айқын. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамдағы заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігіне аса мән берді.
Елімізде жүйелі түрде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-саяси реформалар мен әр жылғы Жолдауларда қоғамдық қауіпсіздік, азаматтарымыздың құқығын қорғау, әділдік пен заң үстемдігі ерекше назар аударатын, стратегиялық маңызы бар мәселелер. Сондықтан Президент Үкіметке, құзырлы құқық қорғау органдарына қоғамда белең алып отырған қаржылық алаяқтық, есірткі, жол апаттарының алдын алу, автокөліктердің техникалық жағдайы, жүргізушілердің кәсіби даярлығы, ұсақ бұзақылық пен ауыр қылмыстарға қатысты нақты міндеттер қойып, депутаттардың назарда ұстауға тиіс екенін жеткізді.
Жолдауда айтылған автокөліктердің техникалық бақылауын, жүргізушілерге қойылатын талаптарды күшейту және жол-көлік инфрақұрылымын күтіп ұстауға жауапты лауазым иелерінің жауапкершіліктерін қатаңдату бойынша тиісті нормалар қазіргі уақытта Парламент Сенатында қаралып жатқан салалық заң шеңберінде енгізілетін болады.
Болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау және саламатты қоғамды қалыптастырудағы есірткіге, лудомания мен вандализмге қарсы күрестің маңыздылығы қозғалды. Қазіргі уақытта Парламентте қарастырылып жатқан есірткіге қарсы заң жобасы жан-жақты талқыланып, қарсы іс-қимылдарды күшейтуге қажетті нормалар енгізілетін болады деп күтілуде.
Президент жаһандық энергия тапшылығының артуы тақырыбына жеке тоқталды. Ол атом энергетикасының дамуына барынша назар аудару қажеттігін айтты. Елдің ұзақмерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескеру қажет екенін және осы мәселеге қатысты нақты шешімін айтып, осы жылдың қазан айында атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізілетінін жеткізді.
Біздің еліміз саяси жаңғыру және экономикалық реформалар жолында дамып келе жатыр, ал биылғы Жолдау әлеуметтік стандарттарды арттыруға және отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартады деп нық сеніммен айтуға болады. Сондықтан Президент ұсынған прогрессивті бастамаларды іске асырып, жоғары мақсаттарға жету үшін Парламенттің, Үкіметтің және мүдделі мемлекеттік органдардың азаматтық қоғамның өкілдерімен бірлесе отырып, алға қойған жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткізіп, әділетті, әлеуеті жоғары қоғам қалыптасқан біртұтас мемлекет болып нығаятын боламыз.
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
Сенат депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және
құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы