Қоғам • 09 Қыркүйек, 2024

Маңғыстаудағы жаппай улану: елдің барлық мектебінде тексеріс жүргізіледі

99 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысындағы мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты арнайы тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстаудағы жаппай улану: елдің барлық мектебінде тексеріс жүргізіледі

Фото: Depositphotos

Олжас Бектенов Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы балалардың улануына қатысты Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрлері мен Маңғыстау облысының әкімін тыңдады.

«Бүгінгі таңда 460 бала дәрігерлердің бақылауында, олардың 83-і ауруханада, тағы екі бала жансақтау бөлімінде жатыр. Барлық зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Денсаулық жағдайының жақсаруына байланысты реанимацияда болған екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылады», делінген хабарламада.

Улану белгілерімен келген балалардың барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек, оның ішінде психологиялық көмек көрсетілетіні атап өтілді. Оқиға орнында Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауру ошағын оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін облысқа «Халық денсаулығын қорғау ұлттық орталығы» РМК жанындағы «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» РМК филиалының мамандары жіберілді.

«Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай мерзімде республикадағы барлық мектеп асханалары санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайды, бұл шара мектептегі тамақтандырудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуге және мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмауға бағытталған», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте бірінші және төртінші сынып оқушылары асханада жаппай уланып қалған.