Тұлға • 09 Қыркүйек, 2024

Ақжүрек азамат еді

54 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов адамдарды екі топқа бөлген екен. Оның бірі – төңірегіне түн-түнек орнатып, кең дүниені тарылтып, адамдардың мазасын алып жүрсе, екіншісі – төңірегіне нұр шашып, айналасындағыларды қанаттандырып, өзімен тең санап, ақылдасып жүрер кенендер тобы көрінеді.

Ақжүрек азамат еді

Құдайға шүкір, киелі өлке, құт қонып, қыдыр дарыған Сарыарқада ескінің сарқытындай зерделі де зия­лы азаматтар жетерлік. Соның бірі – қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы Жылқыбай Жағыпарұлы еді. Кеше ғана арамызда жүрген жайсаң да атпал азамат ағамыз туралы естелік жазамын деп кім ойлаған? Бойындағы барын туып-өскен жеріне арнап, еліне елеулі, халқына қалаулы, жұртына жұғымды болған, ақжүрек жанды өмірдің отты толқындары ағызып әкетпегенде, бүгінде қазыналы жасын тойлап жататын едік.

Қаламы қарымды жазушы, ұш­қыр ойлы журналист Жылқыбай Жағыпар­ұлын парасаттылықтың қайнарынан қайнап шыққан кенендер қатарынан көреміз. Жықаңдай жаны таза, ізгілікке жаны құш­тар, пейілі адал жанды кездестіру – сирек құбылыс. Ағамызбен дидарласа қалсаң, таным көкжиегің кеңейіп, рухани жағынан асқарланып, ерекше сезімге бөленесің. Тумысынан жақ­сылық жасауға бейім жара­тылған Жылқыбай ағадай нар жігіт­тің болмысы арқылы Арқа же­рінің де абыройын асқақтатып тұратын-ды.

Жылқыбай Жағыпарұлы 1979 жылы Целиноград қаласында неміс автономиясын құруға қарсы нара­зылық шеруінің бел ортасында жүрді. Жалынды үндеулер жазып, бейбіт шерудің бұқаралық сипат алуына белсенді үлес қосты. Осы оқиғадан кейін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан тексерістен өтіп, осы органның тұ­рақты назарында болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде «сенім­сіздер» қатарында бақылауға алынды.

Сексенінші жылдардың ортасында Целиноград қаласындағы жалғыз қазақ мектебі Жамбыл атындағы №4 мектепте бірінші сы­ныпқа бала болмай, бастауы­ш сыныптар жабыла бастады. Бала саны 200-ге толмайтын мек­тептің болашағына қатер төнді. Сол уақытта Жықаң үй-үйді аралап, ата-аналар арасында үгіт жұмысын жүргізіп, қазақ мектебін тығырықтан алып шыққан ұлт­жанды ұстаз, марқұм Жанна Бай­сейітқызы Әр­пеноваға жан-жақты көмектесті. Ал 1978 жылы ол баласы бірінші сыныпқа баратын әрбір отбасында болып, ата-аналармен сөйлесіп, Ақмола шежіресінде алғаш рет Целиноград қаласының қақ ортасындағы №3, №8 және №26 орыс мектептерінде бірінші қазақ сыныптарының ашылуына ұйытқы болды.

Жықаңның әдебиетке, көр­кемсөзге деген жақындығы, шешендік әрі нақыл сөздерді, әзіл-қалжыңды, сан қилы аңыз әңгімені майын тамызып, тыңдаушысын ұйытып айтатын қыры туралы әңгіме бір басқа. Ал біз ол кісінің адами қасиеті жайында айтсақ деп едік.

Алматы қаласындағы қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазМУ-ды тәмамдап, жас маман ретінде жан-жаққа жолдама алдық. Ол кезде жастарға астанамыз Алматыда қалуға мүмкіндік шектеулі еді. КСРО саясаты қазақтарды қалаға орнығуына қарсы болды. Мен еңбек жолымды Алматы қаласында бастамақ болған шешімімді күрт өзгертіп, сол кездегі Целиноград қаласына аттанбаққа бекіндім. Курстастарымның бәрі «Жұрт Алматыда тұруға қолы жетпей жатса, сен жолың түсіп тұрса да қаптаған қалың орыстың ортасына кетіп бара жатқаның қа­лай?» деп шу ете қалысты. Сонда мен: «Көресіңдер, ертең Целиноград астана болады, бәрің сонда келесіңдер» деп әзілдеп, достарымның көңілін басқан болатынмын. «Сандырағым» айнымай келіп, кешегі Целиноград шынымен тәуелсіз елдің бас қаласына айналды.

Көп ұзамай «Ақмола ақиқаты» атты Целиноград қалалық газетінің редакциясына орналастым. Газеттің жаңадан ашылған кезі. Қала тұрғындарының дені өзге ұлт өкілдерінен құралғандықтан, қазақ оқырмандары мүлде жоқтың қасы. Қоғамдық көлік ішінде бес-алты қазақ отырамыз. Бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесе қалсақ, орыстар өре түре­геліп, жеп қоя жаздайды. Не керек, арындаған көңілім су сепкендей басылды. Жұмыстан шығу жөнінде арызымды жазып, «Алматы қайдасың?» деп тартып отырдым.

Айтпақшы, сәті келгенде, орыс­танған өлкедегі Жықаңның тағы бір ерлігін тілге тиек ете кетейін. Сонау бір жетпісінші жылдары жеті пайыз ғана қазағы бар Ақмола қаласында ұлттық дәстүр, туған тіліміз бен діліміздің проблемасы өте күрделі еді. Туған топырағында өгейлік күйін кешкен ұлттық болмыстың ащы қасіретін ашына жазған Жылқыбай Жағыпарұлының «Уа, ағайын!», «Дат халқым!» деп басталатын публицистикалық байыптамалары Арқа өңіріндегі ұлтжанды оқырманның намысын қайрап, рухын көтеруде игі ықпал жасады. Жықаң республикамыздағы алғашқы «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ерекше еңбек сіңіріп, ұйымдастыру ал­қасының төрағасы болды. Қоғам­ның құрылтайында беташар сөз сөйлеп, баяндама жасады. Ол облы­сымыздағы орынсыз бұрмаланған тарихи жер атауларын қалпына келтіру, қала көшелерінің атауын қазақыландыру жұмысына белсене араласты. 1998 жылы 31 мамырда қаладағы студент жастардың көмегімен елімізде тұңғыш рет 1932-1933 жылдардағы аштық құр­бандарын еске алу жиынын өткізіп, қала ортасындағы мұсылмандар зиратында қалпына келтіру, көгал­дандыру жұмысын жүргізді.

Әңгіме төркініне қайта ауысайы­н. Алматыға келісімен ұстазым, диплом жетекшім, көрнекті ғалым Темірбек Қо­жакеевке мән-жайды толық баяндап бердім. Ол кісі көмек қолын созатынын, ғылыммен айналысатынымызды айтып, қошеметтеп қойды. Не керек, жұмыстан біржола есеп-қисабымды ал­мақ болып, Целиноградқа қайта келдім. Редакциядағы тілші жігіт Қуат Мақашев арызыма қол қойыл­мағанын, менімен облыстық «Коммуннизм нұры» (кейін Арқа ажары» болып өзгерді) газетінің басшылары бірауыз тілдеспекші екенін айтып, соғып кетсең қайтеді деді. Содан Саясат және әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі Жылқыбай ағаның алдынан бір-ақ шықтым. Ол кісі мені газеттің бас редакторы Октябрь Әлібековке алып барды. Сәлден соң бас редактордың орынбасары Жомарт Әбдіхалықов, жауапты хатшы Бәдуан Имашев, Баймұрат Есмақанов, Төлеген Ілдебай, Аманкелді Жұмабеков, Марат Дәдікбай ағаларым келді. Асау дариядай буырқанып жататын марқасқа ағаларым-ай десеңші ( Бүгінде біразы дүниеден өтті ). Мен Целиноградта қазақ зиялылары жоқ деп налып жүргенде, солардың ортасына қалай топ ете түскенімді аңғар­май қалдым. Содан бас редактордың кабинетінде Жылқыбай аға сөз алып: «Сен баланы ешқайда жібер­мейміз. Облыстық газетке қызметке тұрасың. Жат жерге келген қазақтың бір баласы жылап кетті деген жү­рекке түскен сызатпен бірдей. Біз­дің азаматтығымызға үлкен сын, қарағым. Арқада біздей ағаларың отырғанда, сені жіберіп қойып, бейқам жүре алмаймыз, айналайын. Қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз. Қазір аптыққан көңіліңді басып, үйіңе барып жиырма күн дем алып кел», деді. Уағдаласқан межелі мезгілде келгенімде, жөндеуден өткен мұнтаздай таза жатақхананың бір бөлмесін дайындап, бәрін шешіп қойыпты. Содан екі-үш ай өтпей жатып, орталықтан пәтер алуға септігін тигізді.

Жылқыбай ағаның ізгі қа­сиеттері де күннің шуағындай санаңда сәуле шашып тұрады. Сол кезде Целиноградта қазақ жастары саусақпен санарлық қана еді. Жыл­қыбай аға бәрімізді туған бауырынан кем көрген емес. Ағалық мейірімін төге білді. Алдымызда құрақ ұшып жүретін ағамызға біз де шынайы ықыласымызды көрсетуге тырыстық.

Дарын Қаппаров, Саят Са­ғындықов, Қуат Мақашев, Болат Төлепбергенов сынды жігіттердің азамат болып қалып­тасуына Жыл­қыбай ағаның өнегелі ісі, пайым-парасаты, өр мінезі, табиғатына сай қажырлығы, қара­пайымдылығы, бауырмал­дылығы арқау болды десек, мұным еш боямасыз шындық дер едім. Аты аталған жігіттерді өз қолымен үйлендіріп, отау етіп, түтін түтетуіне де мұрындық болды.  

Дана халқымыз «Жарыңның жүгін өзің арқала, егер шын жар болсаң» демей ме. Ағамыздың үйіндегі Қарлығаш «Үкілі жеңгеміз» де – ( еркелетіп осылай атаймыз) бір қабақ шытып көрмеген жан. Ағамызға лайықты жар болу үрдісінің үлгісін көрсетті. Бәріміз топырлап, ағамызды алдымызға салып, таң, күн, түн демейміз жетіп келеміз. Сондағы бар ашуы жұдырығын түйіп, «сендер ме, сендер таяқ жейсіңдер» дегенді меңзеп, қазанын көтеріп жүгіріп кетеді ғой. Бәрімізді «қайныларым» деп, жеңгелік ілтипатын, ізетін көрсетіп, бар жылы-жұмсағын ал­дымызға тосып жүреді. Атына сай қарлығаштай шырылдап, қана­тымен саялап, жеңге емес-ау, ана орнын алмастыра білді.

Бүгінде Жылқыбай аға мен Қарлығаш жеңгеміздің кіндігінен тараған төрт қызы – төрт құбыласы. Күйеу балалары тіреу болар ұл­дары. Шаңырақтары немере­лерінің сыңғыр күлкісіне толып, аяулы ата-әже атанды. Бұл да олардың адамға деген жақ­сылығының өтеуі шығар. Әрине, жақсылық жасаудың түрі жетіп артылады ғой. Мәселен, біреуге әділ баға берсең де, дұрыс бағыт сілтесең де, білмегенді үйретсең де, жетпегенді бөліссең де – бәрі жақсылық. Ал Жылқыбай ағамыз жақсылықты бөліп-жармайтын әрі жақсылығын міндетсінбейтін.

Ол кісі көңілі ашық жанның бәріне жолдас, аға, бауыр бола білді. Жылқыбай ағаны да жаны жауһар тау тұлғалы азамат десек, көңілі телегей теңіз, жады мен түйсігі зерделі, пайым-парасаты жоғары Жылқыбай ағамыздың ортамызда жадырап жүрмейтіні ғана бүгінде арқаға аяздай батады.

 

Бейбіт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі