Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауылдың шаруа қожалықтарында және малсақ қауымның бағымында 400-ден астам қара мал, 600-ден астам жылқы бар.
– Ауыл ішіндегі жолдарды орташа жөндеуден өткізуге 152 миллион теңге қаражат қарастырылды, – дейді селолық округ әкімі Самат Бермағанбетов, – конкурс қорытындысына сәйкес кіреберістегі жолды «Дорстрой Көкше» серіктестігі, ал қарсы беткейдегі жолды «Көкшетау жолдары» серіктестігі жөндеуде. 4 035 метр жолға асфальт жамылғы төселді.
2012–2022 жылдары егістік алқаптары екінші деңгейдегі банкте кепілдікте тұрып, еңселерін түсіріп келген болатын. Игерілмей жатқан бос жерлерді инвесторлар сатып алып 40 мың гектар құнарлы жерді игеруге кірісіпті. Мұны ақ түйенің қарны жарылған әдемі оқиға деуге болады. Президент таяудағы Жолдауында осы мәселені қадап айтқан болатын. Ауылдағы тіршіліктің қайта өрлеуіне «Алтын бидай NS» және «Агросфера KZ» ЖШС қомақты үлес қосып отыр. Ең бастысы, ауыл тұрғындары тұрақты жұмысқа орналасып, табыс тауып жатыр. Серіктестіктер жаңа астық комбайндарын, өзге де техникаларды әкелуде. Егін өсірумен қатар, қара мал бақпақ. Малдың алды жеткізілген. Мал қоралары дайындалған. Шынтуайтында, бұл ел үшін тиімді іс. Мал болса, жыл бойы тұрақты жұмыс та болады.
Жұмысын жаңа бастап жатқанымен, серіктестіктер елге қарайласуды парыз санайтын сыңайлы. «Алтын бидай NS» серіктестігі ауылдың 90 жылдығына орай құны 12 млн теңге тұратын футбол алаңын салып беріпті. Жаңа жыл қарсаңында ауылдағы 93 балаға сый-сыяпат жасаған.
– Серіктестік ауыл тұрғындарына көп-көрім көмек көрсетіп жатыр, – дейді ел ағасы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Аманжол Бекболатов, – былтыр ауыл тұрғындарына 15 тонна арпа таратты. Елді мекенді көгалдандыруға, абаттандыруға ден қойды. Қаржылай көмек берумен қатар, арнайы техника жұмылдырды. Тасқынның алдын алу мақсатында қыруар жұмыс атқарды. Ел азаматтарымен бірлесіп ауыл ішінде қарғын суды өткізетін құбырларды салып, ретке келтірді. Көктемгі қар суы тұрғындарға кесірін тигізбеу үшін жылға-жылғаны қуалап арық қазды. Жаз айларында тілсіз жаудың алдын алуға да септігі тиіп тұр.
Мектеп те жақсылықтан қағыс қалмаған. Биыл 225 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған мектеп үйі биыл мемлекет қамқорлығының арқасында өзгеше кейіпке енді, – дейді мектеп директоры Гүлнар Сәдуова, – барлық пән кабинеттері жөнделіп, сыланып, сырланып, көзтартарлық болып қалды. Мектепте 19 ұстаз дәріс береді. Жаңа оқу жылынан бастап 76 оқушы білім алып жатыр. Ұстаздардың 17-сі – жоғары білімді. Жөндеу жұмыстары сәл кешеуілдегенімен, енді он күннің ішінде аяқталмақ. Қазір спорт залының соңғы жұмыстары қалды. Ауылдағы серіктестіктер білім ошағын жабдықтауға көмектесіп жатыр. Оқушыларды тегін аспен қамтамасыз етуге қолұшын беріп отыр.
Төңірегі мұнтаздай таза елді мекенінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр екен. Ауыл тазалығына айрықша мән беретін ел азаматтары «Таза Қазақстан» бастамасын бір адамдай қолдап, 7 рет сенбілік, 7 рет таза бейсенбілік шараларын өткізіпті. Қазір көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Ауыл ішіндегі екі автобус аялдамасы ақталып, тазартылған. 86 жарықтандыру тірегі орнатылған. «Жасыл аймақ» республикалық акциясы аясында Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушыларына арналған ескерткіш маңына көшет отырғызылыпты.
– Ауылымыз өте ұйымшыл, – дейді әкімдік аппаратының бас маманы Мәриям Нұрмағанбетова, – жалпы жұртқа қатысты кез келген игілікті шаруаны қолдап, бір адамдай бірігіп кетеді. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық туралы айтатын болсақ, ұялы байланысты жетілдіру үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы республикалық бюджет есебінен ВОЛС құрылғысын орнату қарастырылған. Мобильді байланысты қамтамасыз ету мақсатында антенна орнату жоспарланып отыр. Бүгінгі күні жер телімі рәсімделуде.
Күзгі ауыл келбетінде келер қыстың қамын жеу байқалады. Әр үйдің мал қораларының маңында қоянжон маялар бой көтеріпті.
– Өткен қыс малсақ қауым үшін өте ауыр болды, – дейді Аманжол Бекболатов, – көктем шығысымен жайылымда қалған өлекселерді жинап, арнайы шұңқыр қазып, залалсыздандырдық. Биыл ауыл тұрғындарына қысқа ерте қамдану қажеттігін айтып-ақ жүрмін. Бір жақсысы, серіктестік басшылары қолы қысқа адамдарға қарайласып, бума-бума шөптерін беріп жатыр. Өткен қыста жанымыз қысылғанда осындай үш жүз келілік бір бума шөпті 25 мың теңгеден сатып алып едік. Негізінде ауылға осы серіктестіктердің келгені, ел игілігіне пайдасы тимей жатқан жерімізді алып жұмыс істегені жақсы болып тұр. Бүгін мына мектептегі құрылыс жұмыстарының барысын көрейін деп келіп едім. Енді аз күнде аяқталатын сыңайы бар.
Ел қамын жеген осындай ақсақалы, шарапатын тигізіп жатқан инвесторлары бар ауыл несібесі мол болары анық.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы