Оқиға • 10 Қыркүйек, 2024

Energo University-де атом энергетикасын дамыту мәселелері талқыланды

118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше, 9 қыркүйекте Energo University-де (Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) атом энергетикасының дамуы тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Energo University-де атом энергетикасын дамыту мәселелері талқыланды

Іс-шараға бейіндік мамандарды даярлауға жауапты ғалымдар мен оқытушылар, ҚР Энергетика министрлігінің сарапшылары, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ университет студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел қатысушылары келесі мәселелерді талқылады:

  • Атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау;
  • Қазақстанда атом энергетикасын дамыту;
  • Елдегі атом энергетикасының қазіргі жағдайын зерттеу және талдау;
  • Қазақстандағы атом энергетикасын дамытуға арналған оңтайлы жолдар мен стратегияларды іздеу;
  • Атом энергетикасын дамыту және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша сарапшылар, ғалымдар және мүдделі тараптарды тарту;
  • Атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздік, экология және қоғамдық пікір.

«Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры Жақып Ғалиұлы Хайрушев құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы шешімді алғашқылардың бірі болып қолдағанын атап өтті. Атом электр станциясының құрылысы елдегі энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеткілікті электр энергиясын өндіру үшін қажеттігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар іс-шарада «Қазақстан Республикасының инженер-энергетиктер одағы» ЗТБ бас директоры Марат Тұрғанбекұлы Дулкаиров шақырылған спикер ретінде сөз сөйледі. Ол қазіргі таңда республика бойынша электр энергиясының тапшылығына байланысты жаңа генерация көздерін іздестіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ электрмен жабдықтау тұрақты, сапалы және сенімді болуы керек және дәл осы талаптарға жауап беретін атом электр станциялары және олардың Қазақстанда салынуы электр энергиясының тапшылығы мәселесін жауып тастайтынын атап өтті.

«Барлық жұмыс істеп тұрған жылу және электр станцияларының тозу дәрежесі шамамен 70% құрайды. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы-бейбіт атомды пайдалану. Атом электр станциясында энергия өндіру кезінде қоршаған ортаның ластануы болмайды. Атом электр станциясының жұмыс принципі ЖЭС-ке ұқсас, тек жылу отынды жағу кезінде емес, ядролық реакция нәтижесінде бөлінеді. Атом энергетикасы-болашақтың энергия көзі», деді «Самұрық-Энерго» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Серік Сүйінбекұлы Тютебаев.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамы өз сөздерінде кез-келген кезеңде қоршаған ортаның радиоактивті ластану қаупін барынша азайтатын, мүлдем қауіпсіз станция құру мақсатында атом саласы үшін жоғары білікті мамандарды сапалы даярлаудың маңыздылығын атап кетті.

«Елдің энергетикалық қауіпсіздігі: сын-тегеуріндер мен перспективалар» атты баяндамасында Energo University профессоры Үмбетқұлов Ержан Қожағұлұлы: «жаңартылатын энергия көздері қажет, олар дамиды, бірақ олар әлі де жеткіліксіз. Олардың тікелей жұмыс режимі жалпы электр энергетикасы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Ең жоғары жүктеме кезінде бізде электр қуаты бес есе қымбаттайды. Міне, осы бағамен біз көршілерден, атап айтқанда Ресей Федерациясынан қыста сатып аламыз. Өткен ғасырда салынған станциялар ескірген. Енді жаңа көздерді іздеу керек. Ал көздердің бірі-атом электр станциясы», деп атап өтті Energo University профессоры Үмбетқұлов Ержан Қожағұлұлы.

Бүгінде Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Атом электр станциялары» мамандығы бойынша студенттер білім алуда.  Университет Ядролық физика институтымен АЭС үшін кадрларды бірлесіп даярлау туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар хаттамаға сәйкес, болашақ мамандар осы институттың базасында осы мамандықтар бойынша практикадан өтеді, онда оларға стационарлық зерттеу реакторын пайдалана отырып практикалық сабақтар өткізуге мүмкіндік берілетіні хабарланды.