Сурет: kazakhexport.kz
Қазір жаңа инвестициялық кезеңге аяқ басатын уақыт келді. Байқап отырсақ, инфляция баяулап, былтырғы жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеп отыр. Еліміздің халықаралық резерві 100 млрд доллардан асты. Ендігі басты міндет – инвестиция үшін отандық бизнестің тұрақты болуын қамтамасыз етіп, экономиканың инновациялық, жоғары технологиялық секторларын дамыту.
Президент Жолдауда шағын және орта бизнеске баса назар аударды. 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бүгінде отандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсететін түрлі мемлекеттік және жеке сектордағы компаниялар бар. Алайда жекелеген кейстерді қарастырсақ, мемлекеттік қолдау шараларын әлі де бірізділікке салып, тиімділігін арттыра түсіру қажеттілігі байқалады. Біз «FinTech» және IT-жобалары арқылы көрсетілетін қызметтер мүмкіндігін күшейтуіміз қажет.
Тағы бір маңызды мәселе – терең өңделген өнім экспорты. Мемлекет басшысы өңдеуші сектор өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керегін кесіп айтты. Иә, экспорттың ұлттық экономиканы жаңа деңгейге шығаратын тетік екені белгілі. Экспорттың артқаны – жаңа жұмыс орнының көбейгені, өндіріс көлемінің артқаны. Оған қосымша салық пен ел экономикасына құйылатын инвестицияны қосыңыз.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ ел экономикасын әртараптандыру маңызын жетік түсінеді. Агенттік Президент тапсырмасы аясында экспортты бетке алған отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіп, шикізат емес өнім көлемін арттыруға жағдай жасап отыр. Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «KazakhExport» негізінде елімізде экспорттық-кредиттік агенттік құрылды. Оның міндеті – экспорттаушыларды қолдауға үздік халықаралық тәжірибелерді және дамыған мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, экспортқа қаржылық қызметтер көрсету. Агенттік экспортқа бағдарланған өндірістерді құруға инвестициялық кезеңді қоса алғанда, экспорттық циклдің барлық кезеңінде қолдау көрсетеді. Шет мемлекеттердің қаржы институттарын да тартып, жобаларды қаржыландырады. Тіпті қаржыландыру құнына сәйкес жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Мұндай агенттік Орталық Азияда бұрын-соңды болмағанын атап өткен жөн. Біз агенттік мәртебесін ала отырып, қолдау шараларын кеңейтіп үлгердік. Алдағы уақытта Президент қойған міндеттерді жүзеге асырып, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жұмысты жалғастырамыз.
Еліміз қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде Мемлекет басшысы ұсынған дамудың жаңа бағдарын ұстанып, әділетті, адал және қауіпсіз қоғам құру жолында аянбай еңбек етуі керек.
Аян Бектібаева,
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары