Шаруашылық • Бүгін, 09:33

Шаруалар техниканы қалай жаңартып жатыр?

31 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыған дейін Жетісуда ауыл шаруашылығы техникасы ескір­ге­нін айтқанбыз. Дегенмен жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Мәселен, биыл облыс 664 бірлік жаңа ауыл ша­руа­шылығы көлігін сатып алған. Оның 33-і Қаратал ауданына тиесілі. Оған шамамен 532 млн теңге жұмсалған. Қазір қа­ра­­­тал­дық шаруалардың көңілі тоқ, егін басында жүр. Келер жы­лы да өңірге бірнеше жаңа техника келеді.

Шаруалар техниканы қалай жаңартып жатыр?

Агроөнеркәсіп ке­ше­нінің дамуы ауыл ша­руашылығы тех­ни­ка­сы­ның жағдайына тікелей байла­нысты. Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын жыл сайын 8-10%-ға жаңартып отыру қажеттігі тура­лы тапсырма берген еді. Осыған орай Жетісу облысының шаруа­шылықтары мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңіл­­діктерді пайдаланып, қар­жы институттары арқылы жаңа техникалар сатып алып жатыр. Солардың бірі Ескелді ауда­нын­дағы «Дюсенбинов А.К.» шаруа қожалығы «Қазақстанда жа­сал­ған» бағдарламасы арқылы авто­паркін жаңа техникалармен толық­тырды.

Облыстағы іргелі шаруашылық саналатын «Дюсенбинов А.К.» ШҚ 1998 жылдан бері аграрлық сала­да жемісті еңбек етіп келеді. Шаруа­шылық басшысы Айдын Дүйсенбиновтің айтуынша, қосымша «Қасымов» және «Демеуов» шаруа қожалықта­рын құрып, үш қожалық бір­лесіп жұмыс істейді. Олардың 1 500 гектардай суармалы жері бар. Оның 400 гектарына қант қызылшасын, қалғанына масақты-дәнді және мал азығы дақылдарын өсіреді. Қожалықтардағы техни­каның саны агрегаттарды есептемегенде 50-ден асады. Дегенмен оларды шетінен жаңартып отыру қажет дейді фермер.

«Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жылына 6 пайыз­дық үсте­­мемен елімізде құрас­ты­ры­латын «Buhler» маркалы 400 аттың күші­не тең трактордың екеуін сатып алдық. Егер шетелде шығатын техниканы алған болсақ, ол бізге аса қымбатқа түсетін еді. Отандық техниканы сатып алғанымыз үшін Үкімет шығынымыздың 30 пайызын субсидиялап отыр. Алғашқы жарнасын бірден төлемейтініміз де үлкен жеңілдік болды. Оны тек желтоқсан айында төлеп, келесі жылдан бастап негізгі қарыз­ды өтеуге кірісеміз. Бұл бағдар­ла­маның тағы бір ерекшелігі – кепіл­дік сұра­майды. Шаруа қожа­­лық­тары үшін кепілге мүлік табу қиын. Бұл бағдарламада сатып алынып отырған техниканың өзін кепіл ретінде қояды. Қазір сатып алын­­ған екі трактордың біреуі бір апта­­дан бері алқапта жұмысқа тар­тыл­­ған. Екіншісінің соқасын реттеп, күз­де жер жыртқанға дайын­дап отыр­мыз», дейді А.Дүйсен­бинов.

Бұдан бөлек шаруашылықтар гербицидке, жанар-жағармайға, қы­зылша тұқымына мемлекеттен субсидия түрінде жеңілдіктер алып отыр. Осындай қолдаудың, агротехнологиялық талап­­тарды сақтаудың арқасында был­тыр «Дюсембинов А.К.» шаруа қожа­лығы қант қызылшасы алқа­бы­нан орташа шығымы 800 цент­нерден өнім жинаған. Биыл да өнімділік осы шамада болмақ. Үш шаруашылықты қоса алған­да, мұнда 50 адам тұрақты жұ­мыс істейді, ал маусымдық кезең­де жұ­мысшылар саны 100-ге жуық­тай­ды.

Қаржы институтының өкіл­дері ауыл шаруашылығының тех­ни­каларын жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін бірқатар бағдарлама бар екенін, соның ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға ба­ғыт­талған «Қазақстанда жа­сал­ған» бағдарламасы пайдалы екенін айтты. Бұл – елімізде жасалған немесе жинақталған ауыл шаруа­шы­лығы техникасына лизинг беру­ді қар­жы­ландыруды көздей­тін бағ­дар­лама.

«Облыста филиал ашылғалы шаруалар 6 мыңға жуық жаңа техникамен қамтылды. Бүгінде мыңға жуық қожалық бізбен бірлесе жұмыс атқарады. Биыл ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында аймаққа 6,5 млрд теңге қаржы бөлініп еді. Дегенмен бірінші жартыжылдықта 7,5 млрд теңге қаржы игеріліп, жоспар артығымен орындалды. Қосымша 1,2 млрд теңгеге сұраныс жібердік», дейді «Қазагроқаржы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының ­директоры Талғат Мамырбаев.

Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларының саны 22 500-ден асады. Өткен 8 айдың ішінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 664 бірлік жаңа техниканы «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-лары арқылы, сондай-ақ өз қаражаттарына сатып алған. Қазір қараталдық шаруалар соның қызығын көріп отыр. Аталған ауданда қызылшаға арналған 3, күріш өсіру бағытында 1 сервистік дайындау орталығы болған. Биыл «Жетісу» ӘКК арқылы тағы бір орталық ашылып, қант қызылшасы бағытында 10 техника, яғни 4 комбайн, 4 сепкіш, 2 жапырақ басқыш техника сатып алынды.

Ауданда биыл ауыл шаруа­шылығы дақылдары 22,1 мың гек­тарға егілсе, соның 1 200 гектары – күріш, 1 461 гектары – қант қызылшасы. Бұл орайда егістікті суару жүйелерін жаңғырту қолға алынып, бүгінгі күні 112 шақырым арна толығымен тазартылған. 81 шақырым суару жүйелерінің 20 шақырымы ауыстырылды. Бұл жоба толық іске асқанда жаңадан 1 300 гектар іске қосылып, 5 500 гектар егістік жерді суару жақсарады.

«Аудандағы 74 ішкі шаруа­шылық арналарды механи­калық тазартуға 168 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс осы жыл­дың соңына дейін толығымен аяқ­талады. Сол сияқты ауданда 400 гек­тар жерге су үнемдеу тех­но­ло­гия­сын қолданудың 2 жобасы іске асы­рылады», деді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.

Жалпы, ауыл шаруашылығы субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл ретте облыс көлемінде ауыл шаруашылығын қолдауға 34,9 млрд теңге бөлінген, соның 23,2 млрд теңгесі – субсидия. Қазір шаруалар өнімдерін жинап жатыр.

 

Жетісу облысы