Ұлтаралық қатынас мәселесі – А.Айталының студент кезінен бергі ғылыми ізденістер тақырыбы. Алғашқы іргелі нәтиже 1968 жылы келді: интернационалдық тәрбие тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғалды. Одаққа белгілі ғалым М.Сужиковтің жетекшілігімен жүргізілген ғылыми еңбек қоғамтанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ғылыми кеңестің ұсынысымен толықтырылып, дамытылып «Социализм және бұқараны интернационалдық тәрбиелеу» атты монографияға ұласты. Ұстаздық, ағартушылық қызметімен бірге өрбіген ғылыми зерттеулері 1988 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғауға әкелді. Айтуға жеңіл болғанымен, бұл жетістік Әбекеңе оңай келген жоқ. Ғылыми проблеманың күрделілігіне тоталитарлық жүйеге қызмет еткен моноидеологияның қасаң қағидаларын қатаң сақтау талабы қосылды. Желтоқсан көтерілісіне қатысты тұтас ұлтқа таңылған «қазақ ұлтшылдығы» жаласының салқыны да тимей қалған жоқ. Алайда әу бастан таңдаған мақсаткер ағартушылыққа негізделген қарекетті бәсеңдетпей, әрі қарай ұлғайтып, тереңдетуге жігер, күш-қайратын жұмсады.
Амангелді Айталының ғылыми ізденісі мен қайраткерлік қарымын елге айрықша танытқан кезең – Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарған жылдары. Ол депутат жүгін Мәжілістің екі шақырылымында, 1999-2007 жылдары аралығында арқалады. Қоғамдағы қордаланған өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеуге аянбай атсалысты. Бұл жөнінде сол кездегі Парламенттегі әріптесі, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова былайша куәлік етеді: «Амангелдінің үлкен тұлғаға айналғанына осы Парламентте көзім жетіп, қуандым. Ұлттық, халықтық тұлға деңгейіне көтерілген азамат палатаның бір шешімге келе алмай тығырыққа таянған сәттерінде шешімді, парасатты пікірлерімен талай алып шыққанын Мәжіліс депутаттары жақсы біледі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, шетелдерге бала сатуды тоқтату, министр ауысқан сайын өзгеріп жататын білім, ғылым саласындағы реформалар, шетелдердегі қандастарымыздың тағдыр-тауқыметі – міне, осы мәселелердің бәріне бастамашы болған Амангелді Айталы болатын».
Шерхан Мұртаза айтса айтқандай: «Парламентте өткен бес жыл ішінде Айталы республика мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстары оның абырой-атағын биікке көтерді».
Сол кездегі Парламент азулы еді. Халықтың шерін ішке бүкпейтін Шерхан Мұртаза, айтаққа ермейтін, өзіндік айтары бар Амангелді Айталы сол шақырылымның алдыңғы шебінде болды. Билікке жақпаған тау тұлғалар кешікпей шеттетіліп, нағыз демократияның алауын жаққан сол жолғы депутаттық корпус кезекті текетірестен соң таратылды. Бірақ сол шақырылымдағы депутаттардың біразы қазаққа жанашыр, мемлекетшіл тұлға ретінде шын халықтың қалаулысы болып тарихта қалды. Одан кейінгі депутаттық корпус қиғаш кетіп бара жатқан саяси ойынның тізгінін тарта алмады. Тәуелсіздіктің отыз жылдық саяси сахнасында бас шұлғумен, жыл сайынғы жолдауды жарнамалаушы деңгейден аспады. Ілуде біреуі болмаса А.Айталы, Ш.Мұртазаның ширегіне келмейтін қос палатаға қарап қарны ашқан елдің әлеуметтік сала депутаттарынан үміті сейілгені қашан.
Қайраткер ағамыз депутаттықтан соң әр кеңсені бір сығалап, жылы кабинет іздеген де жоқ, мандатын тапсырған соң маң басып Ақтөбесіне қайтып оралды. Ғалым болып қалыптасқан жылы ұясы – Қ.Жұбанов университетіне келіп, ұлы іс – ұстаздығын жалғастырды.
Қазақтың ұлттық руханиятын ояту жолында тіл, дін, саясат, әдебиет пен мәдениет тақырыбында оқшау ойлы, терең танымды еңбектер жазды. Ғылыми ізденістерінің нәтижелері «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы», «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», «Қазақты намыс қамшыласын», «Дін және діндарлық» атты кітаптарда жарияланды. Қоғамтанудың сан-салалы мәселелеріне арналған жүзден астам ғылыми-публицистикалық мақала жазып, олар республикалық баспасөзде жиі жарияланды. Дүниеден өтер өткенінше қаламы қолынан түспеді. Көп оқитын. «Кітапты көп оқыған адам алжымайды екен», деп күліп отыратын. Ұлтты тану тұрғысынан, ұлттану теориясы бойынша қазақ тілінде жазылған тұңғыш еңбек – «Ұлттану» кітабының соңғы нүктесін қойып үлгерді.
Екі мыңға жуық құнды кітабы бар жеке кітапханасын табыстаған Қ.Жұбанов университетінде Амангелді Айталының ғылыми кітапханасы бар. Оның ішінде сирек кітаптар қорына енгізілген 1891-1896 жылдар аралығында «Санкт-Петербург» баспасынан шыққан 82 томдық «Новый энциклопедический словарь» кітабының құндылығын атап өтсек те жетілікті. Ол жерде ғалымның жиған кітаптары ғана емес, құнды қолжазбалары, көп адам арнайы жазылып ала бермейтін шетелдік ғылыми журналдары да сақталса, кейінгі ғалымдар мен студенттерге таптырмас дүниелер болары хақ.
Бүгінде адамзат баласына рухани азық жетіспейді. Жетіспейді емес, жұмыр басты пенде рухани азықты қажетсінбейтін болды. Ал рухани кемелдікке ұмтылғандар әсте азайып бара жатқандай. Осыдан ғасыр бұрын қазақтың ішінен қармана іздеген Абайдың «Толық адамы» да төбесін көрсетпейтін заманға тап болғандаймыз.
Қашаннан қазақтың бүгінгі мен болашағына алаңдап, сол алаң көңіл ойларын суық ақылға салып, жан-жақты білімнің қайнауына суарып барып қағаз бетіне түсіретін ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Әбдірахманұлы Айталы ағамыздың соңғы жылдарда жазған баспасөздегі ғылыми, ғылыми-публицистикалық мақалаларын, сұхбаттарын жинап, ғалымның сексен жылдық мерейтойына орай «Рухани кемелдік» деген атпен ұсынып, алғысөз жазғаныма, яғни ағамыздың кезекті бір кесек туындысының шығуына зәредей болса да атсалысқаныма бүгін шүкіршілік айтамын.
Ұлт мәселесі, ұлттық құндылықтар деген тақырыпқа барған зерттеушілерге әлі күнге «ұлтшыл» деп тосырқай қараушылық – бойымыздан кете қоймаған кеңістік көзқарастың мысы басым. Көршіге жалтақтау, басқа ұлтқа имене жол беру санада әлі де сақталып отыр. Қазақстанды тіпті ұлттан тыс мемлекет моделіне бағыттап, ұлттық проблемаларды көрсе де көргісі келмей, жауырды жаба тоқыған пікірлер әлі де айтылып жүр.
Әрине, Қазақстан қазақтардың мемлекеті ме, әлде қазақстандықтардың мемлекеті ме деген мәселенің төңірегінде пікірталас болуы орынды. Бірақ бір мәселенің басы ашық. Әр елде де мемлекет құраушы, елдің тілін, мәдениетін құраушы ұлттың орны бөлек. Осыған байланысты «Барлығына таяныш болған қазаққа сүйеніш те керек», деп ұлтқа ерекше жанашыр автор қазақ мәселесін әр қырынан саралап, бүгінгі өткір мәселелерді көрсетеді. «Қазақ болу: рухани арпалыс» деп аталатын мақала атының өзі бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін байқатады. Рухани кемелдік деп Амангелді Айталы бүгінгі ұлттың, әсіресе қазақ сияқты отарланған ұлттың, жетілу, жаһандану заманында ұлтсыздықтан, нигилизмнен тазарып, толық қазақы мәдениетке, имандылыққа жақындауын сөз етеді. Қазақ әлемдік өркениетті өз төлтума мәдениетімен байытады, оны үйренеді.
«Ұлттану» кітабын парақтағанда көп саясаттанушы-ғалымдар байқастап баратын ұлт проблемаларына, оның ішінде ұлт және мемлекет, ұлттық идеология, ұлттық рух, дін, ұлттық патриотизм, жаһандану және ұлт мәселесі, қазақстандық ұлт, Ресей қазақтары, Желтоқсан көтерілісі, Қордай оқиғасы, Қаңтар қасіреті сияқты өткірдің жүзіндей қылпып тұрған тақырыптарға батыл барып, қоясын ақтара зерттеп Ұлт жоқшысына айналды. Біле-білгенге бұл еңбек – тізгін ұстап отырған әр басшының алдында жататын кітап.
Ғалымның сонау 2015 жылдары айтқан сөздері әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Тәуелсіздік туғанда жақсы-ақ басталып, кейіннен сұйыла бастаған партиялардың ісінен тиянақ таппаған А.Айталы ағамыздың пікіріне құлақ түрейік: «Бүгінгі әкімшілік партиядан тыс, саяси жағынан кескіні анықталмаған, күнделікті тіршіліктің ауыртпалығынан титығына жетіп шаршаған халықпен істес болып отыр. Бұл да саяси өмірдің дабылын қағатын, ойландыратын белгі (индикатор). Саяси селқостық, ықыластың жоқтығы, жеке бастың қамымен, мұңымен шектелу қоғамда көзге көрінбейтін жасырын әлеуметтік күш-қуаттың, энергияның шоғырлануына әкеледі. Ерте болсын, кеш болсын ол сыртқа теуіп шығады. Бірақ қоғам өміріне, оның тұрақты дамуына әсер етуі эволюциялық жолға емес, революциялық секіріске, жанжалдарға сүйенуі мүмкін», деген еді ғалым. Бүгінгінің Мөңке биіне Әбілқайырдай құлақ асар ел билеушілері табылмады. Табылғанда Айталы сөзінің астарын ұғып, қазақты «қаңтардан» аман алып қалар ма еді, кім білген?
Сана тәуелсіздігіне салқынын түсіріп тұрған мәселелерді ашық айтып: «Еуразиялық одақ, еуразиялық кеңістік деген жалаң ұранмен төлтума ұлттық мәдениет үлгілерін орыс мәдениетіне қарай ыңғайлау әлі де орыстандыру идеяларының жалғасып келе жатқандығын анықтайды», деп баға береді. Әрине, ұлттану, ұлшылдық, ұлтжандылық, тіл, дін, Алаш тақырыбын айтқандар өкіметке қарсы, халықты дүрліктіруші, ұлтараздықты туғызушы деп бағаланады әуелден, қазір де сол. Ал, шын мәнінде, бұл ушығып тұрған мәселелерді жабулы күйінде қалдыруға болмайтынын ескертеді ғалым. Осылардың әрқайсысының диагнозын қойып, емдеу жолдарын нұсқайды. «Қазақ ұлтының бүгінгі тынысы күрделі. Ұлтқа төніп тұрған қауіп – ұлтсыздық. Бұл асқынып кеткен дерт, оның микробтары ұлттық организмді кеңінен жайлаған. Алдын алса ұлтсыздықтан, орысшылдықтан бара-бара айығуымыз да мүмкін, ал бұл мәселедегі немқұрайдылық, самарқаулық ұлттың түгелдей ассимиляцияға ұшырауына әкеледі. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ ұлты – тарихи жол торабында тұрған ұлт» – деген сөзі, керек десеңіз дабыл қағуы – қаншалықты үрейлі болғанымен, соншалықты шындық. Мұндай сананы тітірентер тұжырымдарды салмақты басылымдарда А.Айталы ғана айта алды. Ағамыз тәуелсіздік туралы толғағанда М.Твеннің «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотореяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек», деген сөзін жиі келтіріп отырушы еді...
Біз Абайдың толық адамын, кемел адамын көктен іздейміз. Немесе сол ақынның заманына дүрбі саламыз. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған қаншама кемел адам арамызда жүрді, бүгінде де жүр. Бірақ соны байқамаймыз. Меніңше, Абай аңсаған толық адамның бірі қазақты қайтсе ел етем деген Асан қайғылар мен Мөңке билердің жалғасы осы – Амангелді Айталы ағамыз.
Ешкімге жалтақтамайтын, жағымпаздана сөйлемейтін адами болмысы биік, кейінге қалдырған мұрасы құнды, ұстаздық келбеті кемел Амангелді Айталы болмысы – Абай бабамыз қармана іздеген толық адам. Ендеше, Амангелді Айталыны тани түсу – сіз бен бізге, келешек ұрпаққа парыз.
Бауыржан Ердембеков,
филология ғылымдарының докторы, профессор