Зерде • 12 Қыркүйек, 2024

Ғалымнан қалған қазына

179 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ескі жүйелер тозып, ел тағдыры сынаққа түсіп, бұған дейін қалыптасқан құн­дылық пен әдет-ғұрып әлсіреп, жаңа жүйелер мен құндылықтарды қалып­тастыру қажеттілігі туған кезде халық өз ортасынан сайланып шығар кісіні іздейді. Бодандық құрсауында жүріп өз тағдырына үңіле алмаған ұлт мәдени тірек қалыптастыру қажет болғанда әлгіндей талаптардың барлығына жауап бере алатын тұлғаларды шығарады. Осы тұрғыдан алғанда, Амангелді Әбдірахманұлы қазақ ұлтының қажетін өтеуге жаралған адам секілді еді.

Ғалымнан қалған қазына

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Тәуелсіздік алған жылдарымызда Амангелді ағамыздың жасы 50-ден  енді ғана асып еді. Бірақ бұған дейін жинаған білімі мен тәжірибесін, ұстанымын ұлт қызметіне арнай білді. Оның негізінде әкесінің қаны, анасының сүтімен берілген табиғи мінез-құлық қасиетімен бірге, өзі үздіксіз еңбек арқылы қалыптастырған қарым-қабілеті де ерекше-тұғын. Бір жағынан алғанда, Амангелді Әбдірахманұлы табиғатынан өмірде болып жатқан күрделі үдеріс пен түрлі алуан оқиғадан ой қорытып, түйін түйіп, тұжырым жасап, заңдылығын анықтай алатын философ және әлеу­меттанушы болды. Екінші жағынан, осы тұжырымдар мен қорытындыларға негіз болатын ақпаратты жинап, таразыға салып, талдап, оны ғылыми тәсілдермен тұжырымдама деңгейіне жеткізе алатын зерделі ғалым еді. Ол кісінің бірегей болмысында табиғи даналық пен кемең­герлік, ғалымға тән ыждағаттылық пен еңбекқорлық бітеқайнасып жатты. Үшін­шіден, Амангелді Әбдірахманұлы пара­сатты ұстаз болды. Оның ұстаздығын жаңа технологияға сай пайдаланып қалу мақ­сатында өмірінің соңғы жылдарында дәрістерін YouTube-арнада жазуды ұйым­дастырып, оны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова қолға ала бастаған еді. Өкі­н­іш­ке қарай, уақыт жетпей қалды. Бірақ ол кісі бойындағы барын, жиған-тер­ге­нін, өзінің тікелей дәріс берген сту­дент­терімен де, жалпы көзіқарақты, кө­кі­регі ояу азаматтармен де бөлісіп, қазіргі қа­зақ қоғамында озық ойлы азаматтар бол­са, солардың бәрінің қалыптасуына әсер етті.

Амангелді Әбдірахманұлының жаңа қырынан танылуына, ұлттық деңгейдегі мәселелерді көтеруіне, ұлттық деңгейде пікір қалыптастырушы тұлғаға айналуына Парламент Мәжілісінің депутаты атануы үлкен мүмкіндік туғызды. Парламент мінберін әркім әртүрлі пайдаланады. Бірақ Амангелді Айталының депутат ретіндегі қызметі жаңағы айтқан бойындағы үш үлкен қасиеттің ұштасуының тағы бір көрінісіне айналды. Терең қоғамдық мәселелерді танып, оның салдары шешілмесе қалай болатынын, шешілсе қалай болатынын болжап, қоғамдық-саяси өмірімізге байланысты үлкен ойлар айтты. Жадағай ұран емес, терең ойлы ұсынысымен ерекшеленді. Заңға қажетті өзгерістерді әзірлеп, оларды қорғап, заң нормасына айналдыра білді. Сонымен қатар түрлі оқу орындарында, қоғамдық кездесулерде, «Темірқазық» секілді клубтардың отырыстарында ұстаздық парызын толығынан атқара білді. Сол себепті, «Темірқазық» клубын Алматыдан Астанаға көшіргенімізде Амангелді Әбдірахманұлына клубтың ғылыми жетекшісі болуды ұсындым. «Темірқазықты» бірге өткізген жылдарымыз өте жемісті болды, себебі әр отырысты дайындауда, қорытуда Амангелді Әбдірахманұлымен терең мәселелер бо­йынша сұхбаттасу мүмкіндігі туды.

«Ақжол» партиясының мүшелері ретінде тұңғыш рет елімізде ұлттық саясат тұжырымдамасын дайындаған едік. Ол тұжырымдама Амангелді Әбдірахманұлының жетекшілігімен әзірленді. Әрине, партия төрағасы ретінде мен де өз ұстанымдарыммен бөлісіп, үлес қостым. Бірақ басты еңбек Амангелді Әбдірахманұлына тиесілі. Сол тұжырымдаманы әзірлеу кезінде ол кісінің ғылымға тән ақиқатқа ұмтылуы мен қарапайымдылығының өзара үйлесім тауып тұрғанына көз жеткіздім.

Ол  ғалым ретінде қай әлеуметтік мәселені де терең білетін. Дегенмен әрбір ұсынысты мұқият қарап, әрбір ұсыныс иесіне құрмет білдіріп, үлгі көрсетті. Соңғы жиырма жылда Амангелді Әбдірахманұлымен сұхбаттасып, ағалы-інілі армандас ретінде араласуымды өмірімдегі үлкен олжа деп есептеймін. Ағамыз депутаттық мандаты аяқталған соң қайтадан Ақтөбеге оралуға бел буды. Гүлжан жеңгей екеуі Ақтөбеге оралып, бұрынғы ортасымен қауышып, Әбекең қайтадан шәкірт тәрбиелеуге белсене кірісті. Бұл мен үшін қиын да жағдай болды. Өйткені қажет кезінде дидарласа алмайсың. Алайда ол кісі Астанаға келгенде міндетті түрде уақыт бөлуге тырысып, екеуміз оңаша отырып екі-үш сағат бойы әңгімелесетінбіз. Мен мүмкіндігінше уақыт тауып Ақтөбеге сапарлап тұруға тырыстым. Сол кезде ол кісінің бойында әлі де көп арманы бар екенін байқадым. Соның бір көрінісі – соңғы үш томдығы, ұлттану, дінтану кітаптары. Әсіресе «Қазақты намысы қамшыласын» секілді терең фундаменталды кітабы, басқа да іргелі еңбектері ұлттық дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, өз-өзімізді тануымызды тереңдетіп, ұлтты жаңа биіктерге дайындауда қажет, орасан зор еңбек болды. Сонымен қатар Амангелді Әбдірахманұлының өзіне тән ерекше ағалық жылылығы бар еді. Білімі ұшан-теңіз бола тұра, інілерін тыңдауды да біліп, сол тұрғыдан үлгі көрсетті.

Бүгінде қоғамда Амангелді Әбді­рахманұлының орны ойсырап тұр. Дегенмен артында қалған мол мұрасы ұлтқа үздіксіз қызмет қыла бермек. Ол үшін білім ордасында «Айталы оқу­лары» деген атпен конференция­лар ұйым­дастырылып, сонымен бірге, ғалым еңбек­терін саралап, тереңіне үңілетін ғылыми еңбектер жазылса құба-құп ­болар еді.

Әбекеңді толық таныдық деуге, еңбектерімен таныстық, зерттедік деп айтуға әлі ерте. Ол  осындай жағ­дайда ұрандап кетпей, жалаң мадақ­қа берілмей, терең толғанып, әділ баға беруге үйретті. Амангелді Әбдірах­ман­ұлы­ның өте жақын көрген қарындасы Ханбибі Есенғарақызы апамыз еді. Маған ол екі кісіні бір-бірімен таныс­ты­ру бақыты бұйырды. Сол кезден бас­тап екеуінің өмірге терең қарап, үде­ріс­­тер­ге терең үңіле алатынына, екеуара ағалы-қарындасты ғажап сыйластық ор­на­­­­ғанына куә болдым. Қазір енді Хан­бибі апаймен кездесіп, не болмаса телефон арқылы сөйлескен кезде міндетті түр­­де Амангелді Әбдірахманұлын еске аламыз.

Амангелді Айталы  шын мәнінде қай­таланбас тұлға еді. Бұрын ағалы-інілі болып араласқанда оған деген шек­сіз құрметім мен ілтипатым қазір сағы­нышпен алмасты. Мен қатты сағынатын адамның бірі – Амангелді Әбдірахманұлы. Бірақ бір шүкір, тәуба дейтінім еліне мол мұра қалдырды. Сол мұраны зерделеп те, зерттеп те, дамытып та ұлтқа еңбек сіңіре беретін жаңа буын қалыптасып келеді.

 

Әлихан Байменов,

Астана мемлекет қызмет хабының төрағасы