Фото: ашық дереккөз
Әлемдік ТОП-7 беделді олимпиадаларда жүлделі орын алған 26 Қазақстан оқушысы қаржылай сыйақы алады. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.
Айта кетсек, мемлекет тарапынан осындай біржолғы сыйақы Президент тапсырмасымен 2022 жылы тағайындалған. 2023-2024 оқу жылында ұлттық құрама ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленген екен.
Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медальға – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Ал алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 26,5 еселенген мөлшерінде; күміс медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде; қола медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі.
Сонымен қатар аталған жеңімпаздарға еліміздегі ЖОО-ның кез-келгеніне оқуға түсуге білім гранты берілетіні мәлім.
Естеріңізге салайық, өткен жылы 23 оқушы 65,6 млн теңге, 20 педагог жалпы сомасы 71,4 млн теңге біржолғы сыйақы алған. Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан Қазақстанның 1218 оқушысының 603-і медаль иегері атанған, яғни, әрбір екінші қатысушы жүлделі орынға ие болған.