Тоқсанның төртеуінде дүниеден озған Күләш Құнантайқызы Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогика институтының ректоры (1968-1984) болды. Республикадағы білім ісінің ұйымдастырушысын 1977 жылдан бастап білетінмін. Өйткені осы жылы қазақ әдебиетінің классигі М.О.Әуезовтің 80 жылдық салтанатты жиынына орай жоғары оқу орындары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиада ұйымдастыруды Алматы қалалық жас ғалымдар кеңесі маған жүктеген еді. Сонда Күләш Құнантайқызы ұлт руханиятына жанашырлық танытып, жан-тәнімен қолдады. Екінші, сол жылы Қыздар педагогика институтының қабылдау емтихандарына қатыстым. Үшінші, аталған жоғары оқу орнында жоғары курс студенттеріне «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс оқыдым. Сол кезде институттағы әдеби кештер, ұлттық тәрбие жұмысы, студент үйірмелері ерекше жұмыс істейтінінің куәгері болдым. Тіпті деканның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары тәртіп сақтау мақсатында жатақханада түнейтін еді. Институттың ғылыми-педагогикалық, шығармашылық дәрежесі, интеллектуалдық мәдениеті, білім сапасы да жоғары-тұғын. Мәселен, студенттерге академик Зәки Ахметов, лингвист Төлеутай Қордабаев пен Сейілбек Исаев, түркітанушы Алтай Аманжолов, тарихшылар Кеңес Нұрпейісов пен Керейхан Аманжолов, Кеңес Одағының батыры Құдайберген Сұрағанов, өнертанушылар Өмірбек Байділдаев пен Дәурен Әбіровтер ұстаздық ететін-ді.
1944 жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қазақ қыздарын оқыту үшін жоғары дәрежелі оқу ордасын ашу мақсатында КСРО-ның бас хатшысы И.В.Сталинге бұйымтайын айтқан көрінеді. Сонда қаһарлы басшы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батырлары Әлия мен Мәншүктің қаһармандық рухын ескеріп, қазақтың алыс аудандардағы малшы-диқан қыздарына киімі мен ас-суын тегін беріп оқытуды ыждағатпен тапсырған деседі. Осынау игілікті бастама қазақ қыздарының жоғары білім алуына үлкен септігін тигізді. Бұл әсіресе әу бастан ұлт мүддесін ойлаған көшбасшылардың бірегейі – Күләш Құнантайқызы ректор болған тұста оқу орнының мәртебесін асқақтата түсті.
Академик Күләш Құнантайқызы Қыздар педагогика институтын 1952 жылы тәмамдап, педагогтік қызметке кірісті. Облыстық, республикалық комсомол ұйымдарында қызмет етіп, Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министрі орынбасары, одан соң өзі түлеп ұшқан оқу ордасының тізгінін ұстады.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей білім академиясының мүшесі Күләш Құнантайқызы елінің кемелденіп, көркеюіне, жас ұрпақтың рухани жетілуіне, сапалы білім, саналы тәрбиеленуіне берекелі ісімен орасан зор еңбек сіңірді. Өмірі өнегелі санаткер ұлы философ Платонның «Қызды тәрбиелей отырып, ұлттың иесін тәрбиелейміз» деп айтқанындай, айтулы әрі аяулы оқу ордасы – Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогика институтында үздіксіз он алты жыл бойы ректорлық міндетін мінсіз де мүлтіксіз атқарды. Шын мәнісінде, ол осы білім бесігінің тірегі де, тілеуқоры да, түлетушісі де, ажар-көркі де бола білді.
Ал ғалымның ғылыми-педагогикалық зерттеулерін зерделесек, Қазақстанда халыққа білім беру ісінің тарихын сонау 1917 жылдан бастап 1990 жылдың аралығын тәптіштеп баяндайды. Оқыту мен тәрбиелеудің әлеуметтік-саяси және педагогикалық мәнін терең ашып көрсетеді. Зерттеуші Күләш Құнантайқызы еңбектерінде көптеген дерек, мәлімет келтіреді. Әсіресе, қыз балаларды оқытудың жай-күйіне ерекше назар аударады. Мысалы, 1945/1946 оқу жылында Қазақ КСР-інде ұзын саны 24 оқу орны, 15 мыңнан аса студент болған екен. «Тамшы тасты жарады, Күшпен емес, көп тамып. Адам ғалым болады, Күшпен емес, көп талып» дейді латын даналығы, ендеше Күләш Құнантайқызының ғылым дүниесінде ірі жетістікке жетуі еңбектің азабын шегудің, бейнетқорлықтың арқасы деп айтуға тұрарлық.
Күләш Құнантайқызының қайырымды, мейірімді, ізгілік пен білік иесі болуы, негізінен ананың сүтінен. Анасы қиялы ұшқыр Зияда Жарболқызы (1889-1986) бармағы майысқан майталман шебер тігінші болған. «Ою ойғанның ойы ұшқыр» дегендей, шешен тілді, бала таңдай айтыскер ақын екен. Бұл пікірімізге:
«Жасымда шырқаушы едім әнді баяу,
Әнімнен шықпаушы еді ешбір қаяу.
Атақты ақын болып кетпесем де,
Өлеңнен емес едім қара жаяу» –
Я болмаса:
«Кіндік кесіп, кір жуған атамекен,
Сенің таңың өзгеше атады екен.
Сенің күнің өзгеше нұрын құйып,
Сенің бейнең жүректе жатады екен», –
деген лебізі дәлел.
Қызы Күләштің білім биігіне шығандап шырқауына, елі үшін жан аямай қалтқысыз қызмет етуіне, шәкірт мейірімнің шуағына бөленуіне Зияда ананың ақ жүрегі, асыл тілегі сеп болған шығар.
Күләш Құнантайқызының қызмет істеген заманы да, ортасы да ерекше еді ғой. Кім-кімнің болсын ойында, көңілінде, санасында халықтың көсегесін көгертіп, шыққан күнмен шарықтап, батқан күнмен қалықтап елімнің атақ-даңқы арта берсін деген бір мақсат болатын. Ғалымның өмір жолы осының дәлелі. Елдің білім саласында ерекше із қалдырған, қазақ қыздары қайраткерлігінің үлгісі болған Күләш Құнантайқызының есімі елімен бірге жасай беретіні анық.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор