Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сонымен қатар мұндай технологияларды қылмыстық атқару жүйесіне енгізу заңнамалық және техникалық аспектілерді кешенді талдауды, оларды тиімді қолдану үшін пәнаралық көзқарасты талап етеді. Отандық және шетелдік тәжірибені зерттеу озық тәжірибелерді анықтауға және оларды белгілі бір елдің жағдайына бейімдеу бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қылмыстық атқару жүйесінде озық технологияларды қолдану олардың қызметін жетілдіріп қана қоймай, жалпы қылмыстық сот төрелігі жүйесін реформалаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Электронды білезіктер алғаш рет АҚШ-та жасалып, қолданылды. Алғашқы құрылғыны 50-жылдары Гарвард университетінің ғалымдары жасаған. Ал оны тәжірибе жүзінде қолдану 1983 жылы басталды. Қазіргі уақытта қамаудағылар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарды қашықтан бақылау – АҚШ-тағы түрме жүйесінің шығындарын азайтудың ең кең таралған әдістерінің бірі. Электронды бақылау құралдарын (ЭБҚ) пайдалану тәртібі мен шарттары әр штатта әртүрлі және бұл мәселе бойынша бірыңғай заңнамалық база жоқ. Ол, әсіресе жыныстық қылмыс жасағандарды түрмеден шыққаннан кейін бақылау үшін, сондай-ақ жәбірленушілерге жақындауға тыйым салатын сот шешімдерін орындау үшін белсенді түрде қолданылады. Осыған ұқсас ережелер Францияда да бар.
Жыл сайын АҚШ-та шамамен 150 мың адам, соның ішінде сотталғандар мен тергеудегілер 50 штаттың 49-ында қолданылатын электронды білезіктерді киеді. Кейіннен ЭБҚ енгізу мен қолдану тәжірибесі басқа да елдерге тарай бастады. Ұлыбритания оны 1989 жылдан, Швеция 1994 жылдан, Нидерланд 1995 жылдан, Франция 1997 жылдан және Бельгия 1998 жылдан бастап пайдаланып келеді. Швецияда үш айға дейін бас бостандығынан айырылған барлық тұтқын ЭБҚ алуға өтініш бере алады. Германияда электронды білезіктерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жататын барлық адам таңдауға құқылы, ал соңғы шешімді прокуратура қабылдайды.
Бүгінде сотталғандарды бақылауға арналған электронды білезіктер – әлемнің 60 елінде қолданыста. Тұтқындарды бақылауға арналған құрылғылардың күрделілігі әртүрлі. Ұялы байланыс арқылы бақылау сотталғанның үйінде орнатылған қабылдау құрылғысы арқылы жүзеге асырылады. Бұл құрылғы адамның бөлмеге кіріп-шығу уақытын қадағалап, кестенің бұзылуын немесе оны бұзу әрекетін тіркейді. Мұндай бақылау құрылғысы қалалар үшін жарамды, бірақ ұялы байланыспен қамтылмаған ауылдарда тиімсіз.
Біздің елімізде ЭБҚ қолдану Қылмыстық атқару кодексі, Қылмыстық іс жүргізу кодексі, Үкіметтің 2005 жылғы 11 ақпандағы №97 қаулысымен бекітілген Әкімшілік қадағалаудағы тұлғаларды есепке алу ережесі, Үкіметтің 2014 жылғы 15 тамыздағы №511 қаулысымен бекітілген Пробация қызметін ұйымдастыру қағидалары, «Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару жүйесі және ішкі істер органдары пробация қызметі пайдаланатын электрондық қадағалау құралдарының тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің 2014 жылғы 7 қарашадағы №1180 қаулысы секілді бірқатар номартивтік құқықтық актілермен реттелген. Бұл ережелер елімізде электронды білезіктерді қолданудың құқықтық негізін құрайды және сотталғандарды тиімді бақылауға әрі қайта қылмыс жасау оқиғаларын азайтуға ықпал етеді. Қылмыстық атқару кодексінің 69 және 169-баптарына сәйкес, Пробация қызметі мен ішкі істер органдарының қызметкерлері сотталғандар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың тұрған жерін тиісті бақылау және қадағалау үшін ЭБҚ пайдалануға құқылы.
Елімізде электронды бақылау құралдары көбінесе Қылмыстық атқару жүйесі комитеті саласында пробация субъектілеріне қатысты кеңінен қолданылып келеді. 2022 жылы жазаны ауыстыру бойынша 3 660 ескерту жасалса, оның 364-і ЭБҚ арқылы жүзеге асты. Сотқа 4 305 материал жолданып, оның 199-ында ЭБҚ мәліметтеріне сүйеніп шешім шығарылды.
Электронды білезіктерді қолданудың шетелдік және отандық тәжірибесін талдау қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін адамдарға қатысты электрондық бақылау құралдарын қолданудың орындылығы туралы оң қорытынды жасауға мүмкіндік береді. ЭБҚ қолдану тергеу изоляторлары мен қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердегі адамдарды бостандыққа шығаруға, сол арқылы түрме контингентін азайтуға көмектеседі. Бұған аталған білезікті тағып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын енгізу арқылы қол жеткізіледі. Сол арқылы сотталғандар мен тергеудегілерді ұстауға жұмсалатын шығындар, оның ішінде қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі тамаққа, киімге, жәрдемақыға, медициналық қызмет көрсетуге және басқа да материалдық қажеттіліктерге арналған шығындар азаяды.
Қашықтан басқару мүмкіндігі пробация қызметінің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді, адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру қажеттілігін және рейдтер санын азайтады. Сонымен қатар бұл сотталғандардың жұмыспен қамтылуын арттыруға ықпал етеді. Өйткені олардың бостандықта жұмыс істеу мүмкіндігі бар, бұл өз кезегінде материалдық шығынды өтеуге және әлеуметтік оңалту жағдайын жақсартуға септеседі.
Сонымен қатар ЭБҚ қолдану сотталғандарға отбасымен және қоғаммен әлеуметтік-пайдалы байланыстарды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл олардың түзелуіне ықпал етеді және қайта қылмыс жасау ықтималдығын азайтады. Пробациялық бақылау немесе балама бұлтартпау шарасы шарттарын бұзу, бас бостандығынан айыру мен қамауға алуды саралауға мүмкіндік беретін неғұрлым қатаң шараларды қолдану үшін негіз бола алады. Сондай-ақ сотталғандар мен күдіктілердің лауазымды тұлғалармен байланысын барынша азайтып, азаптау және қатыгездікке ұшырау қаупінің алдын алады.
Дегенмен ЭБҚ қолданудың бірқатар қиындығы да жоқ емес. Соның бірі – кей жерлерде интернетпен қамтудың нашарлығы. Мұндай аумақтарда ЭБҚ-ны тиімді пайдалану қиын. Бұған қоса білезік көлемінің добалдай болуы әрі тағып жүруге қолайсыздығы, батареяның әлсіздігі бақылауға алынған адамдардың наразылығын тудырып жүр. Сонымен қатар ЭБҚ-ны жалға алғанда жеке деректерді қорғау талаптарының бұзылу қатері қатар жүреді, ал бақылауға алынған адамдардың орналасқан жерін онлайн бақылау үшін бірыңғай платформаның болмауы интеграцияланған стратегиялық геоақпараттық платформаны құруды талап етеді.
Электронды білезіктерді пайдаланудың тиімділігін арттыру әрі пайдалану үшін бақылауға алынған азаматтардың орналасқан жерін онлайн бақылайтын бірыңғай оператор қажет. Дербес деректер қауіпсіз ортада сақталуы үшін оған тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана қол жеткізе алатындай ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес деректерді сақтау схемасы да әзірленуі керек. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жазаны орындау және әкімшілік қадағалау үдерісі кезінде әртүрлі құқық қорғау органдары үшін ЭБҚ қолданудың құқықтық негіздерін біріздендіру қажет.
Елімізде және шетелдерде электронды бақылау құралдарын қолдануды талдау қылмыстық атқару жүйесінің тиімділігін арттыруда осы технологиялардың айтарлықтай әлеуетін көрсетеді. Қауіпсіздік деңгейін, бақылаудың және сотталғандарды әлеуметтік оңалтудың тиімділігін айтарлықтай арттыруға сеп болады. Бұл шаралар – қылмыстық атқару жүйесін реформалау, қоғамдық қауіпсіздік қажеттілігі мен сотталғандардың құқықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолындағы маңызды қадам.
Дариана БИСЕКЕШЕВА,
Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының аға оқытушысы