Пікір • 13 Қыркүйек, 2024

Халықтың түсінігі мен пікірі маңызды

89 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша ұлттық референдум өтетінін хабарлады. Бұл референдум – елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам. Алдағы таңдау еліміздің энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болары анық.

Халықтың түсінігі мен пікірі маңызды

Сурет: matritca.kz

Қазіргі энергетикалық қуатымыз әлі де көмірге тәуелді. Бұл елдің экономикалық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да үлкен қауіп төндіріп отыр. Елдегі электр энергиясының 57%-ы көмірден, 29%-ы табиғи газдан өндіріледі, ал жаңартылатын энергия көздеріне небәрі 13% тиесілі. Мұндай жағдай энергияны әртараптандыру мен экологиялық таза технологияларға көшудің қажетті­лігін айқын көрсетеді. Қазба отындарын пай­далану тек экологиялық емес, кли­маттық және медициналық тұрғыдан да шығындарға әкеледі. Ұлттық мұхит және атмосфералық зерттеулер басқармасының мәліметіне сәйкес, қазба отынын жағу климаттың өзгеруіне, соның ішінде жиі және күштірек экстремалды ауа райы құбылыстарының туындауына әсер етеді. Әрбір осындай апат миллиардтаған долларлық шығынға ұшырады. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында АҚШ-та орман өрттері, дауылдар, желді борандар, су тасқындары және құрғақшылық салдарынан келтірілген шығын 606,9 млрд долларды құраған.

Елімізде АЭС салу қажеттілігі бір­неше себепке байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екін­ші мәселе – елдегі ескірген энергетика­лық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін стансалар эколо­гиялық және экономикалық тұрғы­дан тиімсіз болып барады. 2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын импорттап, бұл ел­дегі электр энергиясының 20%-ын құра­ды. Осыған байланысты АЭС тұрақ­ты әрі сенімді энергия көзі ретінде қарас­ты­рылып отыр. Үшіншіден, АЭС-тің құры­лысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай стансалар экологиялық таза әрі тұрақты энер­­гия көзі ретінде елдің парник­тік газ­дар­ды азайту бойынша халықара­лық міндеттемелерін орындауына көмек­теседі. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету – еліміздің басты экологиялық мақсаттарының бірі.

Осы орайда мемлекетіміздің уран қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі екенін атап өткен жөн. 2022 жылы еліміз әлемдік уран өндірісінің 43%-ын қамтамасыз еткен. Бұл елдің атом энергетикасын дамытуға қолайлы жағдай жасайды. АЭС-тің артықшылықтарының бірі – жоғары қуат тиімділігі (90%), бұл оны жел энергиясынан (25-35%) әлдеқайда тұрақты етеді. 1 154 МВт қуат өндіретін бір АЭС миллион халқы бар қаланы бір­неше ондаған жыл бойы энергиямен қам­тамасыз ете алады.

Сонымен қатар атом энергетикасы ел экономикасына да оң әсерін тигізеді. Мысалы, Францияда атом өнеркәсібі 457 200 жұмыс орнын қам­тамасыз етеді. Қазақстан өзінің уран қоры мен энергетикалық қажеттіліктерін ескере отырып, атом энергетикасының әлеуетін тиімді пайдалана алады. Алайда Қазақстанның ядролық энергетикаға қатысты тарихи тәжірибесі ерекше ескерілуге тиіс. Семей ядролық поли­гонындағы 40 жыл бойы жүргізілген сынақтар елдегі атом энергетикасына деген сенімсіздік пен алаңдаушылық тудырғанын жоққа шығару мүмкін емес. Қазақстан үшін атом энергетикасының эконо­микалық тиімділігі айқын болғаны­мен, Семей полигонының ауыр мұрасы ел азаматтарын бұл салаға сақтықпен қарау­ға итермелейді. 1949-1989 жылдар аралығында 456 ядролық сынақ жүр­гізілген полигонның әлеуметтік және эко­логиялық зардаптары әлі де сезі­леді. Осыған байланысты халықтың бір бөлігі атом энергетикасына көшу туралы шешімді қабылдауда терең талдау мен ашықтықты талап етеді.

АЭС құрылысы бойынша қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Бір жағы­нан, қазіргі заманда «бейбіт атом» ұғымы атом энергиясының қауіпсіздігін баса көрсетеді. Барлық қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда, атом электр стансаларының зиянына қарағанда, пайдасы көп болары сөзсіз.

Атом электр стансаларының (АЭС) құ­ры­лысына қатысты қорқы­ныш кө­бінесе ядролық энергия туралы түсі­ніспеушіліктен немесе тарихи оқиғаларға байланысты теріс көзқарастардан туындайды. Қазіргі таңда атом энергетикасы саласында қауіпсіздік шаралары ең жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілген. Халықаралық атом энергетика агенттігі (МАГАТЭ) бекіткен қауіпсіздік стандарттары барлық АЭС құрылысында қатаң сақталады. Жаңа буын реакторларының жобалары, соның ішінде шағын модульдік реакторлар (SMR), тіпті төтенше жағдай­лар­да да қауіпсіз жұмыс істейді. Бұл реакторлар автономды түрде жұмыс істеп, ядролық қалдықтардың мөлшерін барынша азайтады.

Әлемде атом электр стансаларын (АЭС) салу тәжірибесі көптеген ел үшін энер­гияның сенімді әрі экологиялық таза көзі ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда әлем бойынша 64 ядролық реактордың құры­лысы жүргізіліп жатыр, мұның шамамен үштен бірі – Азия елдерінде. Бұл жобалар негізінен Қытай, Оңтүстік Корея және Үндістан сияқты елдерде жүзеге асырылып жатыр.

АҚШ-та қазір 92 атом реакторы жұмыс істейді. Ал Оңтүстік Кореяда 24 реактор елдің шамамен 30%-ға жуық энергиясын қамтамасыз етеді. Қытайда 27 жаңа реактор салынып жатыр. Бұл елдер жаңа қауіпсіздік технологияларын, соның ішінде шағын модульдік реакторларды (SMR) қолданып келеді. Бұл атом энергия­сын одан әрі қауіпсіз етуге бағытталған. Сонымен қатар Словакия мен Беларусь елдері де атом энергетикасына басымдық беріп отыр. 2023 жылы бұл елдерде жаңа реакторлар іске қосылды. Атом энергия­сы бұл мемлекеттер үшін экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде қарастырылады. Италияның да атом энергетикасына оралу ниеті байқалады. 2011 жылы «Фукусима» атом электр станса­сындағы апаттан кейін Италия үкіметі елде атом электр стансаларын салуға мо­раторий жариялаған еді. Алайда уақыт өте келе қоғамның пікірі өзгеріп, 2023 жылдың мамыр айында Италия парла­менті үкіметке атом энергиясын елдің энергетикалық балансына қосуды қайта қарауды ұсынды. Қыркүйек айында үкі­мет Ұлттық тұрақты ядролық энергетика платформасының алғашқы отырысын өт­кізді. Италияның қоршаған ортаны қор­ғау және энергетикалық қауіпсіздік ми­нистрі Джильберто Пичетто Фратин Ми­ланда өткен «Ғаламдық энергетикалық көшу» конгресінде Италияның атом энергетика­сына қайта оралу перспективасын атап өтті.

Елімізге халықаралық тәжіри­бені ескеру және атом энергетикасын дамыту барысында экологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл тек технологиялық тұрғыдан дайындықты ғана емес, сонымен бірге қоғамның сенімін арттыру мен әлеуметтік жауап­кер­шілікті қамтамасыз етуді талап етеді. Егер біз АЭС салмасақ, бір­қатар нақты тәуекелмен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Энергия тапшылығы артып, елдің сырт­қы көздерге тәуелділігі кү­шейеді. Соны­мен қатар көмірден алынатын энер­гия­ның экологиялық зардап­тары ұлт­тық және халықаралық мін­де­ттемелер­ді орындауға кедергі келті­реді. Сондықтан АЭС мәселесін уақты­лы және тиімді шешу еліміздің энер­гетикалық қауіпсіздігі мен эколо­гиялық тұрақтылығы үшін маңызды болмақ.

 

Берік БЕКЖАНОВ,

Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары