Пікір • 13 Қыркүйек, 2024

Орта бизнесті дамыту бағдары

115 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатты іске асыруға басымдық берген кезекті Жолдауын жариялап, Үкімет пен қоғам алдында тұрған негізгі міндеттерді тағы бір мәрте қаперге салды. Кейбір маңызды тұстарын егжей-тегжей анықтап та берді. Жолдауда атап өтілгендей, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу айрықша маңызды.

Орта бизнесті дамыту бағдары

Сурет: kaznpu.kz

Мемлекеттің экономика­дағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады. «Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен қатар холдингтер мен Үкімет арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс» дейді Мемлекет басшысы. Осы ретте Президенттің наурыз айын­дағы Еліміздің экономикасын ырық­тандыру туралы Жарлығы аса ма­ңыз­ды. Аталған құжатқа негізделе оты­рып, жекешелендірудің ұлттық кеңсесі ашылды. Оған мүше ретінде Мәжіліс депутаттары да кірді, мен де өзімді ұсынып, мүше болдым.

Аталған Ұлттық кеңсенің бас­ты мақсаты – квазимемлекеттік ком­­па­ниялардың тарапынан жеке кә­сіпкерлікке орынсыз бәсе­келес­тік­ті жою, жеке кәсіп­кер­лік бастама­лар­ды ынталан­дыру. Квазимемлекет­­тік компания­лар­дың негізгі мақ­саты – мемле­кеттік тапсырмалар­ды орындау, экономикадағы бәсеке­­лес­тік жоқ секторларды дамыту, үл­кен инвестицияларды қажет ете­тін және стратегиялық маңызы бар салалармен айналысу. Алайда еліміз­де мемлекеттік-квазимемлекет­тік ком­паниялар көптеген бәсекелі сала­­да да орын алған. Мысалы, құ­­ры­лыс-монтаждау жұмысы, авто­бус тасымалы, таксопарк, тамақ­тан­дыру орындары, санаторий сияқты қызметтерді жеке кәсіпкерлермен жағаласа отырып жасайды.

Мемлекеттік капитализмді дамыту және мемлекеттің эконо­ми­каға шектен тыс араласуы елі­міздің экономикалық дамуын тежейді, мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлер санын көбейтеді және азаматтарға өз ісін бастауға үлкен кедергі тудырады.

Мемлекет басшысы 2029 жыл­ға қарай орта бизнестің ел эконо­ми­ка­сындағы үлесі 15 пайызға же­туі керектігін айтты. Қазір бұл көр­сеткіш – 7 пайыз шамасында. Әлемде шағын және орта кәсіпорындар жалпы кәсіпкерліктің 90%-ын, жұмыс­пен қамтудың 60-70%-ын және ішкі жалпы өнімнің 50%-ын құрай­ды. ЭЫДҰ елдерінің тәжіри­бе­сіне сүйенсек, ІЖӨ-дегі орта биз­нестің салмағы мен жан басына шаққандағы табыс деңгейі арасында оң байланыс бар. Яғни дамыған елдерде ІЖӨ-дегі орта бизнес үлесі 25-27%-ға дейін жетеді. Осы орайда, орта бизнесті дамыту – еліміздің экономикасын жандандырудағы ең маңызды мақсат.

Жаңа салық кодексі де осы мә­се­леге тікелей бағытталуға тиіс. Мем­лекет басшысы Үкімет пен Пар­­ламентке жаңа Салық кодексі­­нің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тап­сыр­ды. «Қиын болса да, дұрыс ше­шім қабылдау қажет. Бұл жер­­де асығыстыққа жол беруге бол­май­ды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзір­леу үшін оны қабыл­дау мер­зімін келесі жылға ауыс­тыруға болады деп санаймын» деді Мемлекет басшысы. Салық­тық әкімшеліндіру, салық заңна­ма­сы­ның тұрақсыздығы, тиіс­ті же­ңіл­діктерді алу қиындық­тары елімізге келетін инвестиция­ға кедергі болып тұр деп еркін айта аламыз.

Мысалы, бір жыл бұрын ен­гізілген бөлшек сауда салығы тағы өзгертілмекші. Оның шегін 500 млн теңгеге түсіру туралы ұсыныс Салық кодексінің жобасында көрсетіл­ген. Бірақ шағын кәсіпкерлер жаңа салық түріне сене отырып, майда бизнестерін ірілендіре баста­ған кезде бұл бастама кері үдеріс беруі мүмкін. Еліміздегі 1,5 млн кәсіп­кердің саны көп, алайда сапасы қандай? Орта кәсіпкерлер санының ұлғаймай тұруы да осы салық мәсе­лесіне тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған және Қара­шы­ғанақтағы газ өңдеу кәсіп­орын­дарының құрылысын тездету­ді тапсырды. «Осы саланы табыс­ты дамыту үшін инвестиция­ның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғы­сы­нан алғанда, бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтама­сыз ету мүмкін емес» деді Президент. Депутат ретінде жаз айларында республикамыздың 7 аймағын аралап шықтым. Сонда батыс аймақтардағы өзекті сұрақтардың бірі – газды өңдеу, оны тек шикізат ретінде ғана шығармай, өзімізде өндіріс орынын салу екеніне көзім жетті. Аталған өндіріс орындары 1 млрд-тан 6 млрд текше метрге дейін газ өңдей отырып, жергілікті халыққа жұмыс орыны мен тиісті мүмкіндіктер береді. Яғни газдан тауарлық газ, газдық конденсат, күкірт, сұйытылған мұнай газы сияқты өнімдерді алу мүмкіндігі пайда болады. Одан басқа, газдан электр қуатын өңдеу – ел дамуына үлкен ықпалын тигізбек.

 

Айтуар Қошмамбетов,

Мәжіліс депутаты