Үкімет • 14 Қыркүйек, 2024

Түркі елдерінің тауар айналымы ұлғаяды

136 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасында оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісім қаралды. Сенаторлар депутаттық сауалдар жолдады.

Түркі елдерінің тауар айналымы ұлғаяды

Экономикалық интеграция нығаяды

«Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң кедендік операциялар үдерісін жеделдетуге және тиісті рәсімдер құжаттарының санын қысқартуға арналған. Сондай-ақ құжат сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және Түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше елдер арасындағы өзара экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етпек.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын­да еліміздің транзиттік әлеуетін арт­тыру мәсел­есіне ерекше тоқталып, нақты тапсыр­малар берген еді. Бұл – тәуелсіз мем­лекетіміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Бүгін қаралған заң осы мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасында жеңілдетілген кедендік бақылау орнату үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Мақұлданған заң жүктерді тасымалдау көлемін арттырып, тараптар арасында сауда-экономикалық белсенділіктің өсуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Демографиялық даму бағдарламасы қажет

Палата отырысында сенаторлар де­путат­тық сауалын жолдады. Мәсе­лен, Нұртөре Жүсіп елімізде демогра­фия­­лық саясат саласындағы уәкілетті мемлекет­тік органның болмауына алаңдаушы­лық білдірді. Сенатордың айтуынша, осыған байланысты халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон сияқты демографиялық сын-қатерлерді еңсеру жолындағы жұмыстар уақтылы жүргізілмей келеді.

Депутат өткен сессияда сенаторлардың демо­графия тақырыбына арналған Үкі­мет сағатының қорытындысы бойынша әзірленіп, Үкіметке жолдаған ұсыныс­тарды еске салды. Сенаттың форсайт-сессия­лар өткізу және ұлттық баяндама дайын­дау туралы ұсыныстарына Үкімет нақ­ты шаралар белгілеместен салалық ми­нистр­ліктердің жұмысын үйлестіру тура­лы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр.

Ұзақмерзімді демографиялық даму бағдарламасын әзірлеу, жерді жалға беру, салық жеңілдіктері, солтүстік өңірлерге арналған құрылыс несиелері мен климаттық жеңілдіктер сияқты ұсыныстар да қабылданбады.

«Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбани­зация және көші-қон, халықтың шама­дан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет етеді. Демо­графия­лық үдерістер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Кейінгі жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың азаю үрдісі қатты байқалып жатыр. СҚО, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адам саны жылдан жылға азайып келеді. Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажет деп есептеймін», деді Н.Жүсіп.

 

Әскерилерге арналған жеңілдіктер қайтарыла ма?

Сенатор Андрей Лукин Үкіметті әске­ри қызметшілерге арналған әлеумет­тік жеңілдіктерді қайтаруға және олар­дың мәртебесін көтеруге шақырды. Ол үшін «Әскери қызмет және әскери қызмет­шілердің мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы күштер шешуші рөл атқарады. Алайда бұл саладағы күр­делі проблемалар шұғыл шешуді талап етіп отыр. А.Лукин Премьер-министр Олжас Бектеновке осындай депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қазіргі жағ­дайға талдау жасағанда бұрын әскери қыз­мет­керлерге берілген көптеген әлеу­мет­тік жеңілдік жойылғаны немесе жақсы жақ­қа өзгермегені анықталған. Әсіресе ол дене күші мен ар-намысқа тіке­лей қатысы бар ерек­ше қызмет жағ­дайы аясында аса маңызды.

«Қазіргі кездегі қауіп-қатерді, сондай-ақ әлемде болып жатқан әлеуметтік-саяси үде­рістерді ескере отырып, Үкімет әскери қыз­метшілерді әлеуметтік қамсыздан­дыруды жақсарту жөнінде кезең-кезеңімен шаралар қабылдау мәсе­лесін пысықтауы қажет. Әскери қыз­мет­шілер мен олардың отбасы мүше­­лері­нің теміржол көлігімен жылына бір рет демалысқа бару және кері қайту­­да тегін жол жүру, қоғамдық көлік­пен, қалалық, қала маңындағы және жер­гілікті қатынаспен жол жүруде, дала­дағы жаттығу төлемдерін беру, комму­нал­дық қызметтерді 50%-ға өтеу сияқты әс­кери қызметшілердің әлеуметтік жеңіл­діктеріне басымдық беру қажет болып отыр», деді А.Лукин.

Осы мәселелерді шешу үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сенатор аталған жеңілдіктерді қабылдау әскери қызметтің тартымдылығын арттырады және Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың имиджін айтарлықтай арттырады деп санайды.

 

Маман тапшы, жүктеме көп

Депутат Нұрлан Бекназаров сот сарап­шыларының әлеуметтік мәртебесін көтеру туралы ұсыныс жасап, осы сала­дағы кадр­лар тапшылығына қатысты про­блема­лар­ға тоқталды. Сондай-ақ ол сот сарапта­м­асы ор­та­лықтарының мате­риал­дық-тех­ни­­ка­лық базасын жақсарту қажет екенін атап өтті.

Кадр тапшылығы – өткір мәселенің бірі. Сенатор қазіргі кезде 140 жұмыс орны бос екені және жыл сайын тағы ондаған са­рапшы жұмыстан шығарылады деген дерек­ті келтірді. Оның себебі – жалақының тө­мен­дігі, жұмыс кестесінің шамадан тыс көп­тігі, әлеуметтік кепіл­діктің болмауы және ме­ди­циналық сарапшылар оқуының ұзақтығы.

«Сарапшылардың жеткіліксіздігі жүк­теменің 3-4 есеге артуына, сараптама жүргізу мерзімдерінің шамадан тыс созылуына әкеліп соғады. Өз кезегінде бұл үдерістік мерзімдердің сақталуына, азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының сот арқылы әділ, тиімді қорғалуына теріс әсерін тигізеді. Осы жылдың 7 айында ғана 62 сот сарапшысы өз еркімен қыз­меттерінен босаған», деді сенатор.

Тағы бір мәселе – орталық филиалдарын ғимараттармен және үй-жаймен жабдықтау ісі. Қызметкерлер бейімделген бөлмелерде жұмыс істеуге тиіс. Сондай-ақ кәсіби деңгейін ұстап тұру үшін сот сарапшылары бес жылда бір рет біліктілігін арттыруы керек. Алайда Қазақстанда біліктілікті арттыру бойынша ғылыми-әдістемелік база жоқ. Ал сот сарапшыларын шетелде оқытуды көздейтін бюджеттік бағдарлама мүлде қаралмаған. Н.Бек­назаров осыған байланысты Үкіметтен елдегі сот сараптамаларының сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шараны қабылдауды сұрады.

«Сот сарапшыларының еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру арқылы олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, аккредиттеудің халықаралық стандарттарын енгізудегі талаптарды ескере отырып, қолда бар ғылыми-техникалық жабдықты жаңғырту және сатып алуды қамтамасыз етуде жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге қатысты заңға өзгерістер енгізу керек. Өңірлерде сот сараптамасы институттары үшін бірыңғай ғимараттар салуға қаражат бөлуді қарастыру керек», деді депутат.

 

Цифрландыру бағдарламалары нәтижесіз

Сенатор Сүйіндік Алдашев еліміз­де цифрландыру жөніндегі бағдарлама­лардың тиімсіз жүзеге асқаны туралы депутаттық сауал жолдады. Оның айтуын­ша, бұған дейін елімізде «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» және басқалары сияқты түрлі бағдарла­ма­лар қабылданған еді. Олар цифрлық техно­логияны енгізу және болашақтың цифр­­лық экономикасын құру арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыт­талған. Алайда жақсы мақсатты индикаторлар мен айтарлықтай қаржы­лық инвес­ти­цияларға қарамастан, бұл бағ­дар­­ламалар күткендей нәтиже бермеді және эко­номикаға айтарлықтай әсер етпеді.

«Елімізде цифрлық технологияларды енгізу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ болашақтың цифрлық экономикасын жасауға бағытталған «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламалары, «Цифр­ландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы сияқты бірқатар бағдарламалық құжат қабылданды. Қазіргі уақытта бұл стратегиялық құжаттардың күші жо­йылды. Бұл бағдарламаларда жақсы нысаналы индикаторлар айқындалды, алайда, осыған қарамастан, оларды іске асыру елеулі нәтиже мен ел экономикасының дамуына мультипликативтік әсер бермеді. Оларды іске асыруға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Жоғарыда аталған бағдарламаларды іске асыру қорытындыларына егжей-тегжей талдау және бағалау жүргізілді ме? Оларды жүзеге асырудың нақты нәтижелері қандай? Бағдарламалық құжаттарды іске асырудың әсерін қалай бағалайсыз?», деп сұрады С.Алдашев.

Сонымен қатар ол цифрландырудың жүйесіз жасалғанын және үйлестірудің нашарлығынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің интеграциясы әлсіздігін атап өтті. Көптеген мемлекеттік органның өз дерекқорлары бар және әралуан ақпараттық жүйелердің интеграциясы талап деңгейінен өте төмен. Депутат ауылдағы интернетке қол жеткізу мәселесін де атап өтті. Ауылдардың шамамен 41%-ы ғана талшықты-оптикалық желіге қосылған, бұл барлық жерде цифр­ландыру мүмкіндігін шектейді.

«Қазіргі уақытта 2023–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іске асып жатыр. Оның мақсаты – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін интернет желісіне жоғары жылдамдық­пен қол жеткізуді қамтамасыз ету. Осы жоба­ны іске асыру кезінде алдыңғы бағ­дар­ламаларды орындау кезінде орын алған барлық олқылықты ескеру қажет. Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін билік органдарының, бизнестің, ғылыми және білім беру қоғамдастықтарының, сондай-ақ азаматтардың тиімді бірлескен күш-жігері қажет», деді С.Алдашев.

Бұған қоса отырыста сенатор Сергей Карплюк Ақмола облысындағы нәтижесіз бастамаларды назарға алып, елімізде туристік саланың инвестициялық тартым­дылығы төмен екенін айтты. Осыған байланысты ол заңнамалық өзгерістер ұсынып, мәселені шешу жолдарын атап көрсетті.