Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 14 Қыркүйек, 2024

Дәстүрді асқақтатқан дода мәресіне жетті

176 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ даласын апта бойы дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары да мәресіне жетіп, тарих жылнамасына жазылды. Кеше «Көшпелілер әлемі» этноауылында айтулы аламанның жабылу салтанаты өтіп, 2026 жылы өткізетін елге аманаттады.

Дәстүрді асқақтатқан дода мәресіне жетті

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

2010 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қабылдаған Астана этноспорт аламанының айбынын асырып, даңқын еселеп, көшелі істің көшінен керуен тартты. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынып, 89 елден спортшылар қатысты. Біздің елдің саңлақтары 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль еншілеп, жалпы нәтижеде топ бастады.

шг

Алты құрлыққа сауын ай­тыл­ған этноспорт Олимпиа­дасын өткізуге бой көтерген «Көшпелілер әлемі» этноауылында өткен жабылу салтанатында Біләл Ердоған алғаусыз көңі­лін ақтарды. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының пре­­зи­денті ауқымды шара­ны ауыр­­сынбай арқалай білген қазақ еліне, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор алғы­сын жеткізді. «Қадір­лі қонақтар, бауыр­лас Қазақстанның ардақты азаматтары! Баршаңызға ізгі сәлемім мен шексіз құрметімді жолдаймын. Мағжан Жұмабаев жырла­ған алыстағы бауырыңыз ретінде Түркиядан барша халқымыздың дұғай-дұғай сәлемін әкелдім. Бұл тамаша жетістік сіздерге тиесілі, ардақты қазақ елі. Бар болыңыздар, нар болыңыздар! V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізген Қазақстан түркі әлемінің туыстас, бауырлас екенін, мызғымас достығы беріктігін дүние жүзіне әйгіледі. Осынау этноспорт додасында түркітілдес елдердің бай мұ­расы дәріптеліп, салт-дәстүрі насихатталды. Келесі дүние­жүзі­лік этноспорт қабылдайтын Қырғызстанға сәттілік тілеймін», деді Біләл Ердоған. 

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов аптаға ұласқан аламанның аяқталған сәтіне жеткенімізді атап өтті. «Байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге әйгілеген бірегей оқиға ретінде тарихта қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Көшпелілер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш.

нг

Бұл бізге ұлттық спорт түрлерін дамытып, танытуға ғана емес, сондай-ақ туристік әлеуетімізді жарқырата көр­сетуге берілген тамаша мүмкіндік болды.  Ең бас­тысы, Қазақстан әдеттегідей спорт арқылы мемлекеттер арасындағы бай­ланысты бекемдеуде маңызды қадам жасады.

Өздеріңіз тамашалап, куә болғандай, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 89 мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысты. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды. 30-дан аса мемлекеттің спортшылары медаль иеленді. Оның ішінде айту­лы аламандағы бағдарламаның негізін құраған Көш­пелілер өркениетінің өкілдерінен бөлек, Франция, Италия, Аустралия, Мажарстан, Польша, Румыния секілді мемлекеттер де алтын медаль олжалады. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхит асып келген Канада, Мексика спортшылары да бар.

Астана төріндегі ойындардан кейін әлемде этноспортқа деген қызығушылық одан әрі арта түсетініне кәміл сенемін. Біз спорттан бөлек, мәдени және ғылыми бағдарламаға да ерекше назар аудардық. Мұндай әлемдік ауқымдағы оқиғадан ғылыми із қалуы қашанда маңызды. Айту­лы аламанды ойдағыдай өткізуге атсалысқан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Ортақ іске өңірлер де үлкен үлес қосқанын, Ойындардың мазмұнын байытқанын бөле-жара атап өтуге тиіс­піз. Қатысушылар мен қонақтарға тіке тұрып қызмет көрсеткен еріктілердің еңбегі де ерен. Келесі VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Этноспорт додасының беделі биіктей берсін!» деді министр.

Төрткүл дүниенің дидарын өзіне аударған Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жабылу салтанаты әсем ән мен тәтті күймен көмкерілді. «Наз» мемлекеттік би театры, «Royal Dance» балет шоуы, Еркеғали Рахма­диев атын­дағы Мемлекеттік акаде­миялық филармониясы, Қырғыз Республикасының «Қамбарқан» фольклорлы-этногра­фиялық ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, халықаралық конкурс­тардың лауреаты Мәди Сыздықов және «Меломен» тобы  өнер көрсетті.

ап

Қорытынды шарада Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының рәмізі – торсық Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табысталды.