Яғни дүниетаным дегеніміз – адам санасының қоғамдық өмірге, табиғатқа, өзіне көзқарасы және сенімі. Дүниетанымының қалыптасуы ұзақ және күрделі үдеріс екені даусыз. Осы себепті де ол әрбір жан өмірін тұтастай қамтып, нәтижесінде, жеке көзқарастар мен сенімге тікелей үкім жүргізеді. Пенде ақиқатты ұстанып, дұрыс әрекеттер жасап, ішкі тыныштықты сақтап жүрсе, қиянат жасамай, сүйіспеншілікті іс жүзінде көрсету арқылы кейінгіге жеткізсе – ізгілікті дүниетаным иесі сол. Бұл құндылықтар – адамның ұлтына, нәсіліне, тұратын орнына байланысты емес, уақыт желімен өзгермейтін, жалпыадамзаттық құндылықтар дер едік.
«Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы дене біткен ретімен.
Істің басы ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен».
Абай істің басы ретті тану екенін айтады. Бірінші – жүректің көзін ашып алу. Ғибадат-құлшылық содан соң дейді. Өйткені ішін тазалап болмай тек сыртқы сақал мен шашты түзегеннен ешнәрсе өнбейді. Бүгінде қоғамда бүлік шығарып, әртүрлі зорлық-зомбылыққа себепші болып отырғандар – сол ішін тазаламаған, дүниетанымы тар адамдар.
Махатма Гандидің: «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген сөзі бар. Әлбетте, тіл білу біздің дүниетанымымызға ашылған үлкен арна. Ағылшын тілін білу арқылы тұтас әлем көкжиегінің атмосферасын өз танымымызға енгізуге болады. Бірақ жүректегі сүзгінің беріктігін әуелі күзетіп алмасақ, танымымыз шұбарлануы ғажап емес. Өйткені адамгершілік қағидалар мен сенімдер бүкіл дүниетаным жүйесінің негізін құрайды. Ал мәдениет бұлақтары бұл негіздерге толағай үлесін тигізеді.
Үнді философы Инайят Хан дүниетанымды шектейтін бірден-бір фактор атаққұмарлық екенін баян етеді. «Атаққұмарлық үдеген сайын өзгеге деген мейірім кеми береді. Себебі бар ықыласы өзінің өзімшілдігін қанағаттандыруға арналады. Сондықтан өзгенің қайғысын сезінбейтін боп алады. Мұндай өзімшілдік адам дүниетанымын шектейді. Дүниетаным ғана емес, адамның санасын да байлап тастайды» дейді ол.
Қоғам – алып диірмен секілді. Бұл диірменнен жарқын дүниетаным жолын соңына дейін бәз қалпында сақтап өту үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Біз қар-мұзға жеңілмеген, сынақтан мүжілмеген сол бір нұрлы әлем сарбазын үлкен әріппен тұлға деп атаймыз.