Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешендегі реформаларды табысты іске асыруға жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Осыған жауап ретінде біз жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған университетіміздің 2025-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасын әзірледік. Аграрлық бағыттағы жетекші жоғары оқу орны ретінде біз нарық пен қоғамның қажеттілігін болжай отырып, уақыттан озуға тырысамыз. Біз өз қызметімізде саяси, экономикалық, демографиялық және технологиялық факторларды ескереміз. Бұл бізге қазіргі кезеңдегі өзекті әлемдік үрдістерді ескеріп, білікті кадр даярлауға мүмкіндік береді.
Қазақстан – тарихи тұрғыдан аграрлық ел. Сондықтан мақсатымыз – халықаралық деңгейде бәсекеге түсетін ауыл шаруашылығы және онымен байланысты салаларға элиталық маман дайындау. Бір жағынан, жетекші университеттерімен байланыс біздің оқу бағдарламамызды әлемдік стандарттарға бейімдеуге көмектеседі.
Қытайдың жетекші университеттерімен ынтымақтастық – әрқашан біздің қызметіміздің маңызды бағыты. Біз бұл ынтымақтастықтан тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар академиялық ұтқырлықты, оқытушылар мен студенттердің кәсіби құзыреттілігін, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды арттыру болашағын көреміз.
Қазіргі уақытта С.Сейфуллин университеті ҚХР-дан өзге, АҚШ-тан бастап, Оңтүстік-Шығыс елдеріне дейінгі әлемнің 35 елімен жасалған 180 келісім мен меморандум негізінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Ал Қытай Халық Республикасы – еліміз үшін жан-жақты стратегиялық әріптестік, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты көршілес елдің бірі. Тек, ҚХР-дың 40 астам жетекші университет, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Бүгінгі таңда біз Циндао аграрлық университеті, Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті, Хэнань ауылшаруашылық университеті, Харбин ветеринарлық ғылыми зерттеу институты, Тарым университеті, Оңтүстік-Батыс университеті, Шисен картоп индустриясы тобы, Қытайдың Шаньдун ауылшаруашылық ғылымдары академиясы, Шыңжаң Ауылшаруашылық ғылым академиясы, Қытай Ғылым академиясының Ухань вирусология институты, Шыңжаң ауылшаруашылық университеті секілді Қытайдың іргелі ғылым ордаларымен тығыз байланыстың нәтижесінде ҚХР жоғары оқу орындары арасындағы қосдипломды бағдарламаларды да белсенді дамытудамыз.
Мұндағы негізгі мақсатымыз – екі ел басшыларының арасындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша халықаралық жобаға, ғылыми байланысқа өз үлесімізді қосу. Биылғы Астана қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының отырысында екі ел Президентінің кездесуі барысында Қазақстан-Қытай аграрлық ғылым мен білім орталығын бірлесіп құру туралы келісімге қол қойылған еді.
Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен жасаған келіссөз нәтижесінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылықтары университеттері ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, екі университет магистратура деңгейінде «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» қосдипломдық білім бағдарламасын іске асыруға қол жеткізді. Нәтижесінде, қазіргі уақытта 4 магистрант қосдиплом жобасының аясында Қытайда білім алып жатыр. Қазір Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы экономикалық және инвестициялық қарым-қатынасы жылдан-жылға нығайып, екі елдің ынтымақтастығы, білім-ғылым саласындағы байланысы артып келеді.
Биылғы мамыр айында Қытай Халық Республикасының Ғылым және технология вице-министрі Чен Чиачанг мырза университетімізде болып, Харбин ғылыми зерттеу ветеринарлық институтымен бірлесіп, С.Сейфуллин университетінде ашылған Қазақстан-Қытай биологиялық зертхана жұмысымен танысты. Сондай-ақ вице-министрмен бірлескен зерттеулерді дамытып, ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жөнінде келістік. Алдағы уақытта бұл зертханада қытайлық ғалымдар өз тәжірибелерімен бөліседі. Жақында университетімізге келген қытайлық ғалым Чжан Чжэнмао осы зертханада өзінің сан жылғы тәжірибесімен бөлісетін ғылыми мектебін ашатын болды. Бүгін зертхананы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысы ойдағыдай жүргізіліп отыр. Бұл – екі ел жоғары оқу арасындағы ғылым мен білімнің одан әрі дамуына ықпал етіп, жаңа бірлескен жобаларды әзірлеудегі сәтті қадамның бірі.
Қазір екі мемлекет арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу мәселесімен үкіметаралық келісімге келу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осыдан біраз жыл бұрын Қытай зерттеушілері: «Орталық Азия елдері суды ысырап етіп, жерді тиімсіз пайдаланып отыр», деп дабыл қаққаны баршаға аян. Бұл Қытай зерттеушілерінің Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығында су және жер ресурстарын қаншалықты тиімді пайдаланатынын есептеп, зерттеу жүргізуінің нәтижесінде белгілі болды. Орталық Азия – әлемдегі су тапшылығын тартып отырған аймақтардың бірі. Зерттеуге қарағанда, Тәжікстан балапан өсіруге 61 есе көп су жұмсайды, ал Түрікменстан мақта өсіруге 42 есе артық су пайдаланады екен. Орталық Азия елдері егін өсіру үшін суды ысырап ететіні бөлек әңгіме.
Ауыл шаруашылығындағы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Dayu Irrigation Group Company» вице-президенті Цуй Жинг ханыммен және компания өкілдерімен кездестік. Бұл кездесу су ресурстары проблемаларына арналды. Соңғы екі онжылдықта планетаның су ресурстарының жай-күйі, сондай-ақ оларды тұтынудың өсуіне, ластануына байланысты алаңдаушылық артып келеді.
Орталық Азия елдерінде ирригацияның кеңінен пайдаланылуы, сондай-ақ индустрияландыру қарқынының жеделдеуі аймақтағы онсыз да шектеулі су ресурстарының тапшылығын әкелді. Университетімізде бакалаврлар үшін «Су ресурстары және гидрология» мамандығы бойынша білім бағдарламасы ашылып, биыл алғаш рет студенттер қабылдадық. Ал магистранттарға «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясы» атты жаңа білім бағдарламасын әзірлеу үстіндеміз. Бұл мамандық бойынша алдағы жылы магистранттарға университет есігі айқара ашылады.
Биыл университетімізде алғаш рет су ресурстары мәселелеріне арналған халықаралық жазғы мектептің жұмысы табысты өтті. Мұнда Орталық Азия мемлекеттерінен, Қытай Халық Республикасынан келген студенттер, ғалымдар мен су ресурстары саласындағы мамандар білім алып, гуманитарлық байланыс орнады.
Университет ғалымдары еліміздегі, әлемнің су тапшылығын шешу мен оны тиімді қолдану бойынша технологияларға баса назар аударады. Болашақта су ресурстарының мәселелерін шешумен айналысатын мамандарды даярлау мақсатында Қытай университетімен бірлесіп, қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ Қытай университеттерімен, «Dayu Irrigation Group Co», «Ltd» компаниясымен бірлесе отырып, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында ирригация, мелиорация, басқа да су мәселелерімен айналысатын су ресурстарын басқаратын Қазақстан-Қытай хабын құру жоспарда бар.
Жуырда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің өкілдері Шыңжаң ауылшаруашылық университеті мен Хохай университеті арасында бірлескен су зертханасын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім үш университет арасындағы су ресурстарына байланысты ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға зор ықпалын тигізіп, бірлесе атқаратын жұмыстарға серпін береді.
Екі ел басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылағанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салада табысты жүзеге асып отырған бірлескен жоба бар екенін айтты.
«Егіншілікте «smart» жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығымды білдіремін», деген еді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Қытайдың бірнеше жоғары оқу орны арасында өзара ынтымақтастық орнатқан.
Бұл өз кезегінде С.Сейфуллин университетінің инновацияға және білім берудің жоғары сапасына деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар шетелдік университеттермен ынтымақтастық аграрлық ғылым мен технологияның дамуына ықпал ететін ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болады.
Қытайдың жетекші университеттерімен ынтымақтастық әрқашан қызметіміздің маңызды бағыты саналады. Біз бұл ынтымақтастықта тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар академиялық ұтқырлықты, оқытушылар мен студенттердің кәсіби құзыреттілігін, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды арттыру болашағын көреміз.
Қанат ТІРЕУОВ,
академик, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор