Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Иә, киік егін салып, мал баққан шаруалардың мазасын кетіріп, мал жайылымы мен шабындыққа ортақтасып, егінді таптап, үлкен шығынға ұшыратып жатқанын айтып, шаруалардың дабыл қаққанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Үкімет бұл жағдайды естіп-білмей отырған жоқ. Осы салаға тікелей жауапты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан бұл мәселеге байланысты бірқатар шаралар қолға алынып жатқанымен, шынын айту керек, оңды нәтиже жоқтың қасы.
Айта кетейік, киік мәселесін біздің республикалық «Қансонар» қауымдастығы осыдан үш жарым жыл бұрын көтеріп, киік санының өсуі, олардың шаруа қожалықтарының егіндік, шабындық және жайылымдық жерлеріне жайылуы, малға күні қараған ауыл тұрғындарының қысқа қажетті шөп жинай алмауына, егін еккен шаруаларға егінін жинауға және көктемде егіс егуге алған несиелерін өтей алмауына себеп болып отырғанын министрлікке және осы жағдайға тікелей жауапты министрліктің Жануарлар дүниесі комитеті мамандарына, басшыларына жеткізгенбіз. Олардың тарапынан ешқандай әрекет болмағандықтан, сол кездегі премьер-министрдің атына «Қансонар» қауымдастығының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов хат жолдады. Үкімет басшысы хатты қайтадан министрлікке жіберіп, министрліктен біз көтерген мәселелерге қатысты сол кездегі вице-министр Әлия Шалабекова қол қойған жауап алдық. Қағаз жүзінде алдағы уақытта біраз іс-шаралар жоспарланып, қаттап қойылған екен. Бірақ киік мәселесіне байланысты туындап тұрған егіндік, шабындық және жайылым жерлерге қатысты түйткілді істің шешімі туралы нақтылы, көңілге қонарлық жауап болмады. Тек киіктерді қорғау мақсатында бұл өңірде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» қаумалының құрылатыны туралы Үкімет қаулысының шыққаны ғана айтылған. Алайда құрылып жатқан резерват пен қаумалдың осы өңірдегі егіндік, шабындық-жайылым жерлерді киіктен қорғап қалуға кепілдік бола алмайтыны әуел бастан белгілі еді. Сондықтан министрліктің шаруалар мүддесін қорғауға байланысты көтерілген сұрақтарымызға нақты жауап бере алмай, «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген бағыттағы құрғақ, шығарып салма жауабынан бұл мәселенің таяу арада оңтайлы шешіле қоятынына күмән келтірдік. Күмәндануымыздың себебі де жоқ емес еді, соның нәтижесін міне, бұл күндері өмірдің өзі анық көрсетіп отыр. Ол қандай себептер деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Мәселен, әлі күнге дейін киік санын реттеуге қатысты нақты бағдарлама жоқ. Осы саланың мамандары тарапынан айтылып жүрген әр түрлі ұсыныс бар, бірақ оларды қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейтіндей және экологиялық жүйеге зияны тимейтіндей етіп іске асыру мәселесі қолға алынбаған.
Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әуесқой аңшылар арасында таяуда киікті атуға, аулауға рұқсат берілетіні жөнінде жарыса жазылып, айтылып жатыр. Әңгіме – сол баяғы киік санын қалай ретке келтіру, оларды аулап, өнімдерін пайдалану. Киік мүйізінің Қытай елінде сұранысы өте жоғары, құнды тауар екенін білетін кейбір ұйымдар, бизнес өкілдері, оны аулауға рұқсатты тез арада қабылдау керектігі жөніндегі ұсыныстарын барынша белсенді дәлелдегісі келеді. Еске сала кетейік, 1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған. Осы орайда, Экология министрлігінің және осы саланың басқа да мамандарының сөз саптауынан киік аулауға тыйым салынған заңнаманың күші жойылып, оларды аулауға рұқсат берілсе, мәселе шешімін табады деген сыңай байқалады.
Әрине, саны өсіп, жойылу қаупі сейілсе, етін, терісін өңдейтін кәсіпорындар ашып, киік мүйізін өңдеп, дәрі-дәрмек жасау қолға алынып, сол арқылы жергілікті бюджетке қыруар қаржы түсіруге болар еді. Алайда дәл қазір киіктің етін, терісін өңдейтін, мүйізін пайдаға асыратын өндіріс орындары жоқ. Бұл – біріншіден. Екінші, ең басты мәселе – құзырлы мемлекет мекемелері тарапынан, қазіргі қолданыстағы заңдарға қажетті өзгерістер енгізуге бағытталған жүйелі іс-шаралар да байқалмайды.
Мысалы қазіргі қолданыстағы заңдар киіктің мүйізін пайдалануға рұқсат бермейді, олар тек өртеу арқылы жойылады. Осы орайда, құқық қорғау органдарында тәркіленген киіктің мүйіздері (дериваттар) қалай сақталып, қай жерде, кім, қалай жойып жатқанына бақылау жоқ. Бұл арнайы тексеруді талап ететін күрделі мәселе. Өйткені соңғы кезде Батыс Қазақстан облысында киік мүйізіне байланысты полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тарту фактілері жиілей орын ала бастады. Облыстық ішкі істер департаментінің тергеушісі қылмыстық іс бойынша браконьерлерден тәркіленген 149 киік мүйізінің санын әдейі 49-ға кемітіп көрсетіп, өзінің лауазымын пайдаланып, заңсыз жасырып қалған 100 киіктің мүйізін сатпақ болғаны үшін ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды. Тәркіленген 13 киіктің мүйізін сақтағаны үшін Қазталовка ауылының учаскелік инспекторы де ұсталып, жауапқа тартылған. Полиция қызметкерлеріне байланысты осындай фактілер Саралжын ауылы, Бөкейордасы аудандарында да болған.
Қазірде Қытай медицина индустриясының мүйізге деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін барады екен. Ал киік дериватының (мүйіздерінің) көлеңкелі айналымда 1 килограмы 4 мың АҚШ долларына бағаланатынын ескерсек, осындай үлкен сұраныс болып, мүйіз саудасы қызып тұрған жағдайда, оны өртеп жоюдың экономикалық тұрғыдан қаншалықты негізділігі, тәркіленген киік мүйіздерінің сақталуы, жою процедурасының сенімділігі үлкен күмән тудырады. Неге десеңіз, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облыстық департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында Қытай шекарасында 3 144 дана (700 кг) киік мүйізі тәркіленгенін хабарлайды. Мұндай жағдайлар Ресеймен шектес батыс өңірлерінде де орын алған. Қысқасы, тәркіленген киік мүйізінің айналымын бақылау тетігі жоқ.
Қазіргі кезде киікті атқанның өзінде оның дериваттарын (мүйізін, етін) ресми түрде сату мүмкін емес. Себебі «Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы (CITES) конвенция» талаптары, халықаралық деңгейде мұндай өнімдерді коммерциялық пайдалануға тыйым салған. Киік өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға осыншама тонна ет, осыншама мүйіз деген сияқты жыл сайын квота бекітілуі қажет. Конвенцияның талаптарына сәйкес, біздің елге экспортқа «нөлдік квота» тұр. Яғни пайдалану заңға сәйкес реттелмеген жағдайда, олар контрабандалық өнім болып саналады. Демек ешбір мемлекет мұндай өнімдерді заңды түрде қабылдамайды.
Бұлардан бөлек, 2005 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағында киіктерді аулауға, олардың мүйіздері мен өнімдерін жинауға, пайдалануға, сатып алуға немесе өткізуге тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Кейін бұл шектеу мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Бұйрық әлі күшін жойған жоқ. Сондай-ақ жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау конвенциясына қосылу туралы Қазақстан Республикасының Заңы да күшінде.
Киік өзіне қолайлы орта іздеп, үздіксіз қоныс аударып жүретін жануар. Мәселен, батыс өңіріндегі киіктер ауа жайылып, көршілес Ресей өңірлеріне барады, ол жақтан ауып бізге келеді. Ал Ресейде киіктер «Қызыл кітапқа» енгізілген, яғни аулауға мүлдем тыйым салынған жануарлар түріне жатады. Бұл жөнінде Ресей мен Қазақстан арасында келісім де бар. Демек, көрші елдің келісімінсіз, біржақты киік аулайтын болсақ, екі елдің арасында міндетті түрде даулы жағдай туындайды.
Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) сияқты тағы да басқа еліміз қол қойып бекіткен халықаралық келісімдер бар. Ал Конституцияның 4-бабында Республика бекіткен халықаралық шарттардың ел заңдарынан басымдығы атап көрсетілген. Демек, қандай да бір себептермен науқаншылыққа салынып, халықаралық шарттардың талаптарын ескермей, киіктерді өз бетімізбен аулау – мемлекетімізді үлкен халықаралық дауға ұрындырады.
Әлбетте, бұл күрделі мәселе жуық арада шешімін табуы қажет. Бірақ үкімет тарапынан киікті атып, аулауға рұқсат беру арқылы шаруа қожалықтарының мәселесі шешілмейді. Осы орайда айта кету керек, киіктердің санын тиімді реттеу жолдарын ұсынушылар жоқ емес.
«Киік саны көп өңірден олардың бір бөлігін киік саны аз өңірге көшіріп, киік шаруашылығын ұйымдастыру қажет», дейді «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы, ауылшаруашылық саласының сарапшысы Алмасбек Садырбай.
«Киіктер жайылатын жерлер, олардың табиғи көші-қон жолдары жекеменшікке беріліп кеткен. Тексеріс жүргізу арқылы сол жерлерді қайтарып, содан соң олардың миграциялық жолдарын қалпына келтіру керек», дейді киік мәселесін соңғы жылдары жиі қозғап жүрген табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет. Мұның бәрі – әзірге нақты шешімі шықпаған ұсыныстар.
Киіктердің мекен ететін, төлдейтін, жайылатын, олардың табиғи көші-қон жолдары бүгінде жеке егістікке, мал шаруашылығына беріліп кеткен және Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында киік қорғау аймағынан шаруа қожалықтарына жер берілу әлі де жалғасып жатыр. Киік қорғау аумағынан берілген ауыл шаруашылығы жерлеріне киіктердің бәрібір кіретіні, сол жерді алушыға да, жерді берушіге де белгілі болғанмен, олардың тарапынан жануарларға деген мейірім, дұрыс пейіл де байқалмай тұр. Экология министрлігінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары киіктің өрісі 5 есе қысқарған. Бірақ киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенінен министрлік хабарсыз екен. Ал ол жерлерді үлестірген аудан әкімдіктері шаруа қожалықтарын жақтап, барлық мәселені киік туғызғандай, «аң мен адамды аңдыстырып, жауластырып» қойып отыр.
«Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалануға беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Заңсыз алынған жерлер мемлекетке қайтарылуға тиіс», деді Президент биылғы Жолдауында.
Ұлы Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» атты әйгілі өлеңіндегі, күз созылып, қысқа аяқ басқан, «Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, аңдыстырған бір-бірін, құдайым-ай», деп, қара басының қамын жеп, қыстауға көшпей, күзеуде ықтырмада отырған бай, байдың малын бағып, жылынуға отын таба алмай, бүрсең қағып жүрген жалшы, сол заманғы шаруашылыққа қолайсыз ауыл өмірінің суреті көз алдымызға келеді. Бүгінгі айта-айта ұзақ сонар жырға айналған, әлі күнге дейін не пайдасы, не залалы белгісіз, қаншама жылға созылып, шешімін таппай келе жатқан табиғаттың елімізге берген бір сыйы – киікке жазда жайлауға жайланып қона алмай, күзде күзеуде жерге, суға жарымай таласып, қып-қызыл, айтыс-тартыспен тірлік кешіп жүрген батыс өңірі шаруа қожалықтарының жағдайы, сол баяғы ауыл қазағының жаңа бір сүреңсіз бейнесіне айналғандай.
Ғаният НАСЫРОВ,
«Қансонар» республикалық қауымдастығының бас заңгері