Тұлға • 19 Қыркүйек, 2024

Эссе: Кемердегі кәдімгі Мағауин

1107 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Былтырғы қыркүйектің ортасынан аса Ақтеңіздің толқыны әлдиленгендей болып, Антальяның әуежайында отырғанымда уатсабыма Мұхтар Мағауиннің АҚШ-тан Кемерге көшіп келіп, теңізде малтып жүрген көрінісін көзім шалып, ұшақтан түсіп қала жаздағандай күй кешіп едім...

Эссе: Кемердегі кәдімгі Мағауин

Жүйткіген уақыт-ай, содан бе­рі жыл өтіпті арада. Алма­тыдан арнайы келген досы, академик Сәбит Байзақұлы екеуміз, ­міне, Мұхаңның шаңырағына сәлемдесе бар­дық. Қысқа жең көйлегінің үстінен жилет  ­киіп, ықшам денесін жеңіл үйіре оң қолын­дағы таяныш таяғына сүйеніп қарсыла­ған жазушы көңілді көрінді. Әйт­кен­мен, шаршаңқылау жүзінен жазу бедерле­ніп көрінгендей екен, әлдебір таңсықтық­­пен үңіле  түскенімізде, шетелдерде – Че­хия мен АҚШ-та тұрақтаған он алты жыл ішінде «Шыңғысханның» төрт томын, «Алтын орда»  романын, басқа да қыруар жазу жазған сөз зергерінің осыншама бейнет пен бір күн үстелден ажырамай­тын  қара еңбекке қалай ғана шыдас бергеніне таңданып, қалам киесіне тәнті бола түстік.  Иә, иә, қалам киесіне малынған алтын қалам иесі ертегідей болып алдымызда тұр­ғаны рас па өзі дегендей әсермен көзі­мізді ашып-жұмдық.

Елдің есендігін сұраған Мұхаң пе­йіл­­деніп, жан қосағы Бақытжамал апа­мыз­­дың демеуімен жұмсақ диванға  біз­бен қатарласа отырып, бірде біз жете­леп, бірде өзі бастаған әңгіме өрі­сін қияға салсын. Бірді айтып, бірге кет­кен сыралғы отырыстың түпкі мәні ұлт­тық өркендеудің, тәуелсіздікті баянды ету­дің қадау-қадау түйіндері­мен бай­ла­нып, ел тыныштығының мызғы­мас­тығын бойтұмардай  үкілейтін арман-сенім, мақсат-мүдде орайымен жүрек бұлқынысын үстей түседі. Осы­дан-ақ ғұмыр бойғы жазуында Мұхаң ке­нел­ген бұла күштің қайдан буыр­қанып жат­қанына көңіл сеніп, мейір қанатындай. Про­метейлік алып күш сарқырамасына тәнті болмасқа әдің жоқтай.

Біраздан бері достығы мен түйдей құрдастығы  жарасқан Мұхаң мен Сәбең кейде еркін әзілдесіп, сыпайы сыр тар­қатысып, пікірлерін төтелей салып, біз секілді  жаңадан қосылған қызық­тау­шыларға әңгімелерін ұғынықты тұспалдай біледі екен, мұндай жарастықтары молынан пішіліп, қаныққымыз келген біраз жағдаяттар өзінен-өзі көкірегімізге қат­тала берді.

– Мұха, әлі исі танау жаратын соңғы 26 томыңыз Алматыда қолыма тиді, – деді Сәбит аға сол қуанышы әлі басылма­ған­дай кейіппен жадырай сөйлеп. – Солар­дың ішінен «Алтын орданы» шапшаң оқып шықтым, осы жаққа дереу аттанатын бол­ғандықтан. «Жұлдыздың» үш санына жа­рияланды деп те естігем, бір әріптесім содан оқып, разылығын жеткізіп жатыр сізге.

Мұхаң бұл сөзге селт етіңкіремей, селдір мұртын бір сипап кідірді де «кітап шыққаны жақсы ғой, ал жұрттың оны оқығаны тіптен жақсы ғой» деп елеусіздеу үн қатты.

Сәбең сәл үнсіздіктен кейін әңгіме ауа­нын Алтын орда тарихының жекеле­ген мәселелерін айғақтайын жүлгелерін хандар тізбегінің ажырағысыз бөлшегі ретін­де қабылдайтынына назар аударып, кей­бір тарихи оқиғаларды тігісін жатқызып ­баяндай түсті де, автордан әлдене түсінік жөнін күткендей тосылып қалып еді, Мұхаң сергектікпен былай қорытты:

– Алтын орда – талайлы тарихымыз. Бүгінгі күн де біз үшін мақтаныш, рухани үлгі. Өткендегі «Шыңғыс хан» тетралогиясы сияқты, мына «Алтын орда» кітабы да берісі – Қазақ, арысы – бүкіл Қыпшақ-түрік жұртының танымы үшін ғана емес, езілген еңсесін көтеру үшін, өзгеше болашағына нұсқау ретінде жазылды. Ал, Сәбе, мына  кітапты ыждағатты оқығаныңызды аңдап отырмын, орманшы-ғалым академиктің көзімен ықтиярлы талдауыңыз ұнады маған.

Бұл жиырма алты томдығы екі мың данамен шыққан екен, ұлы Едіге кітапха­наларға тарату мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді.

– Көкем қалай айтса, солай істейміз ғой,– деп Едіге біткен істің маңызына разы күйде анадайда ас қамымен зыр жүгі­ріп жүрген Алтын жарына рахаттана жүзін ­аударып, екеулеп қомдасып атқара­тын алғы жұмыстарына аса бейілділігін аңғартты.

Осы кезде ас дайын болып, жайнаған дастарқанға жиналдық. Шелпек нанды қомдап қойып жатып Бақытжамал апай:

– Ата, атасы-ау! – деп шалының назарын өзіне аударып алып  ойын білдірді.–Сәбиттің зайыбы Света қандай еді, жа­рықтық. Қапылыста өмірден өтеді деп кім ойлаған. Сырласым еді, қазақ келінінің төресі еді. Арнайы шелпек пісіртіп едім, қане, дұғаны кім оқыр екен?

Мұхаң ұлы Едігеге қарады, Сәбит ағам маған иек қақты...

Аруақтардың атына бағышталғанда Светамен қосып, жыл көлемінде Сәбиттің біріне-бірі ілесе өмірден озған ағасы Сай­лау мен жеңгесі Мақыштың да рух шат­тығына демеу айтып едім, Мұхаң  разы кейіппен басын изеңкіреп, құптаған раймен бетін сипады.

«Дос қайғысын жеңілдетудің дәстүрлі қалыбынан таймаған неткен асыл жандар еді!» деп іштей толқып, көңіл жасы­тып қалсам керек, Мұхаң өзі алғаш танысып отырған маған алайыңқырап қарап, мүмкін сынай барлағаны да шығар, ел жігіттерінің амандығын сұрады.

Жөпелдемеде нақтылай қамти алмасымды сезіп, жалпылама есен-саулығын сыдырта баян еттім де, Мұхаңа етене таныс, өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабын орысшалаған белгілі аудармашы туралы есіне салғым келіп:

– Ғосман Төлеғұл бақилық болған,– дедім «осыным жөн бе?» дегендей дүдә­мал оймен мүдіріңкіреп.

Мұхаң жанары жасындай жарқ етіп, қос алақанымен бетін жанамалай, ерін­дері күбірлей жөнелді... «Иманды болсын!».

Сәл үнсіздіктен кейін Ғосманның еңбек­қорлығын, білгір аудармашы екен­дігін, уәдеге беріктігін, сол қолжазба­ның Алматыға жолаушылаған кісінің қор­жынында біраз жүріп қалып, әрең иеленгенін есіне алып өтті.

Марқұм Ғосманды кезінде өте білім­паздығын, қостілді терең меңгерген­дігін ескеріп, өзі басқарып отырған «Жұлдыз­ға» шақырғанын, бірақ оның келе алмаға­нын білетін мен тағы бір сенім артып қол ас­тында талантын жарқыратқан бір азаматтың есімін тіл ұшымнан ысырып жібердім:

– Теңізге шығар алдында Қорғанбек Аманжолмен хабарласып едім, сізге дұғай сәлем айтып жатыр.

– Е, әдебиет қорғанындай болған Қор­ғанбегім ғой ол, оған да сәлем де...

– Қорғанбек жақсы азамат қой! – деп Бақытжамал апай да қостап, ақынның жалынды жырлары алыстан желпініп жеткендей жадырап қалды.

Елдегі жігіттердің жағдайын өзі сұра­ғасын шолақ қайырмайын деп, Мұхаң туралы «Сұңғыла» атты роман жазған Жанат Елшібектің де сәлемін жеткізуім мұң екен, оның ата-бабаларының Семейдің Шұбартауынан екендігін сыздықтатып, үзіндісін оқығанын, өзінің қайда екенін, жағдайын сұрастыра бастады. Алыстағы Жанатын мейірімімен өбіп отырғандай шырайланып кетті...

Бірауық Мұхаң ойлы көзін төңке­ріңкіреп, сәл кідірді де:

– Кезінде мен «Жұлдызға» шақыр­ғанда келмеген екі жазушы болды, – деді. – Жұмабай Шаштай мен Жүсіпбек Қорғасбек еді...

«Қаламынан қадірін аңдайтын көріп­келдей кісі екенсіз-ау» деп іштей күпініп қаласың, әрине, мұндай жанашырлы­ғын сезінгенде. Сүйсіне отырып классик­тің елі­міздің жас жазушыларының жинағына жазған беташар сөзіндегі үміт етіп, сенім артқан көрегендік лебізінің бүгінде шын­дыққа айналғанына бек разы боласың. Солардың бәрі қазір жалы күдірейген жампоз қаламгерлер санатында.

Мұхаңның Кемердегі мына шаңы­рағынан дәм татқанымызға тәубе десіп, іштей шүкіршілік етіп, Чехия мен АҚШ-тағы қонысы қандай болғанын ойлаймын ғой, баяғы. Алматыдағысы ше? Ал ата-бабаларының құт мекені болған Көп­бейітке осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын бабасы Құрымбайдың арнайы шақыруымен жаз жайлауға ұлы Абай келіп қонғанын, сол жолы атақ­ты «Жаз» өлеңін шығарғанын өзінің жазға­нынан оқыған едік. Соның әсерімен тағы бір сұрақты балалатып жіберіппін. Мір­жақыптың құрметіне кенже ұлының атын Мадияр деп қойғанынан хабарым бар  еді, бұл Алаш қайраткерінің өзіме жақын нағашы болып келетінін сыналап жіберіп, Мұхаңның «Менінен» оқығанымды, яғни Міржақыптың бұл шаңыраққа қатысты оқиғасын сыналағанымды қайтерсіз.

Мұхаң елең етіп, маған елжірей қарады да:

– Иә, иә, әлгі  ұлы Абай қонған ата-бабам үйінде 1918 жылдан 19 жылға қа­раған қыста болса керек, Міржақып бас­таған Алаш зиялыларының үлкен бір тобы бой тасалап, Орынбордағы Ахмет Бай­тұрсынұлынан хабар күтіп қырық күн жатыпты,– деп тарихтың ұзын сонарынан қысқа қайырды.

Бұл отырыстың әр сәтін тәтті талма­ғандай тамсанып отырғанымды ерсі санап жатқаным жоқ, үстемеленген бір дәмелі білмегім Мұхаңның ұқыпты жүргізетін «Алтын дәптері» жайында сөз қыстырып жібердім:

– Мұха, кезінде біз сол «Алтын дәп­терге» қарап, күллі шығармашылық жос­парларыңызға қанығып, алда не жаза­тыныңызға дейін өзімізше болжамдап отыратынбыз. Сол темірдей тәртібіңізге сайсақ, бергеніңізді білеміз, бермегіңіз де жетерлік секілді-ау.

Мұхаң бұл сұрағымызға еш тосылмады, құдды бір, өзінің жазғанындай етіп және де менің жаттап алған сөйлемдері­ме сәйкестендіре  айна-қатесіз құйқылжыт­ты дерсіз. «Алтын дәптердің» маңызын ­былайша қайырды: «Бір әңгіме – екі-үш-ақ сөз екен, бір хикаят – жалғыз-ақ сөйлем екен, екітомдық тұтас роман – төрт-ақ жолға сыйыпты. Біз атап айт­қан, жазылғаны бар, түгелдей жазы­лып үлгер­мейтіні бар, түгелдей жүзеге асса берісі отыз томға жететін қаншама сюжет небәрі қырық тоғыз бетке сыйыпты, әрі қарай созуға ғұмырымыз жетсе, көп болса жетпіс бетке ілінер. Яғни «Алтын дәптер » – жоба емес, жоспар емес, белгі, тізім ғана. Ұмытпастық үшін жүргізілген».

Біраз жазушылар туралы естелік­тер де айтылып қалды. Көбі етене таныс. «Жұлдыз» журналында жария­лан­ған­дарын қақшып оқып отырғанмын. Осылайша, сөз дәйегі өзінің баспагерлік ұстазы Ілияс Есенберлинге тірелгенде, ол кісіден естіген бір өжеттік мысалын қайталады. Шынашақтай бір бозбала қызын әдейі қақпақылдай қаға берген еңгезердей үш дәуді қас қағымда сұлатып түсірмей ме. Сөйтсе, ол бокстан одақ чемпионы Мақсұт Омаров болып шығады.

Осы тұста мен:

–Үйбай-ау, ол Мақсұт Торғайдың тумасы ғой. Оның егіздесі Махмұт та одақ чемпионы болған. Әлі күнге дейін Торғайдан аттарына көше бере алмай жүрміз,– деп қалдым, өкінішпен өксігендей болып.

Мұхаң маған аңтарыла қарады да қойды...

Аумағы орасан екі қабат вилланың аула жақ терезесінен тағы бірер осындай зорайған үйлердің сұлбасы ағараңдайды.

– Әне, атамыз жүзетін ұзындығы ­22 метрлік басейннің қапталындағы үй даяр тұр,– деп Бақытжамал апай Сәбит аға­ның жүзін бұрғызғандай етіп, терезе жаққа оң қолын сермеңкіреп әлдене оймен түсі­нік айтты. – Көшіп келгісі келгенге  жайлы ұя.

Бұл ымды түсінгендей Сәбит аға төбесі күмбезденген көрікті ғимаратқа мойнын соза бұрылып қарап, күлімсіреді де қойды.

Одан әрі сөз төркіні қазақтардың осы Анталья аймағына көптеп қоныс­танып жатқанына ауысып, академик Кен­жеғали Сағадиевтің зайыбы Нағытай­дың  Аланияны мекендегеніне, оны-мұны сырқатынан құлан-таза айығып, құлдыраңдап жүргеніне ауысып, өздерінің жуырда  АҚШ жаққа тағы жол тартқалы тұрғанына ойысты.

– Атасы сондағы кабинетінде жосылтып жұмыс істеуге құмартып жүр, – деді бәйбішесі.

– Алла жазса, алдағы жылдың ақпа­нында көкем 85 жасқа толады ғой,– деп Едіге ұлы да біраз сырдың басын шал­ғандай болып ой салды бізге.

Мұхаң асқа батасын беріп отырып, арасында сол тойға бізді де шақыратын емеурін танытты:

– Иә, Сәбит, өзіңді шақырамын, – деп сәл бөгеліп маған қарап, – «мынаны да...» дей бергенде, құрдасы менің есімімді қосақтай қойғасын, – Иә, Қайсарды да шақырамын деп нығарлады.

Дастарқан басынан көтеріліп, қабыр­ғадағы сүйеулі тұрған таяғын оң қолына таянып, Мұхаң кабинетіне беттегенде мен де қолтығынан демеп ілестім.

Ұзын үстелдің ортасында жараған аттай солығын басып жайғасқан «Олим­пия» мәшеңкесі көзіме оттай басылып, кла­виштеріне еріксіз саусақ жүгіртіп, қай жылдан бері пайдаланып келе жатқанын сұрадым.

Мұхаң мүдірместен:

– 1965-жылғы ғой, – деді де бүйірдегі есіктен қол жуғыш бөлмеге кіріп кетті.

...Шағын мәшеңкеге қарап отырып, не деген шалдықпайтын жазудың қара нары еді дегендей сезіммен Мұхаң екеуін қабыстыра оймен әлдилеп, олардың АҚШ- қа баратын осы сапарында қандай іс тындырарын білер ме еді деген таңсық болжаммен елітіп, тіпті манадан бері «Мұха, елге оралатын ойыңыз бар ма? Қашан?» ыңғайында саптап әкелген сұрағымды қоя алмағаныма өкіндім.

Дәл осы білгім келетін жайтты қазір көрінетін Мұхаң құлағына салар-салмасыма тәуекелім жетпейтінін тағы ұқтым...

– Сапар оң болсын, Мұха! Қара мә­шеңке! – деппін ғой ішкі бұлқыныспен дауыстай, сезімге оранып...

– Әлей болсын! – деген Мұхаң күлім­дей түсіп, қарсы алдымда тұр...

 

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Астана – Анталья – Кемер –Астана