Араға екі жыл салып ұйымдастырылатын этноспорт аламаны бесінші рет жалауын желбіретсе, құсбегілердің бекзада өнерін дәріптеушілер діттеген мақсатына осы жолы ғана қол жеткізді. Бүркіт, қаршыға, ителгі құстары бойынша сынға түскен құсбегілер алдымен қолға шақырудан сайысса, екінші күні қырандарының қырағылығын сынап, шырғаға салудан додаға түсті. «Көшпелілер әлемі» этноауылында өткен құсбегілік сайысты тамашалауға шетелден келген туристердің шоғыры қалың болды. Бұл ата-бабаларымыздың байырғы өнерінің жүлгесін бүгінге жалғап келе жатқан құсбегілермен тайталасқа түскен шетелдік саятшылардың да қыран баптауға деген құлшынысы қуантты.
Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы екі күнге ұласқан саятшылар сайысының іріктеу, жартылай финалдық тартысына көрермен көп жиналғанын атап өтті. «Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының төртінші сайыс күнінде сынға түскен құсбегілердің додасы көкпардың финалдық сайысымен бір күнде, бір уақытта өткеніне қарамастан, жанкүйерлердің шоғыры қалың болды. Тіпті құсбегілік тартысының билеті күні бұрын түгелдей сатылып та кетіпті. Көрермендер арасында шетелдіктер өте көп болды. Біздің мақсатымыз да осы еді. Ұлық өнерімізді, бабаларымыздан мұраға қалған құсбегілікті қалай қастерлеп келе жатқанымызды дүние жүзінің назарына ұсынсақ деп талпынып, қам-қарекет жасап келеміз. Еркіндіктің, алғырлықтың рәмізі саналатын қыран құстардың қырағылығына қызығушылардың да қатары артқаны қуантады», дейді Бағдат Мүптекеқызы.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Қырғызстанда үш мәрте, Түркияда бір рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға құсбегілік сайысын қосу жөнінде федерация талпыныс жасағанымен, нәтиже шықпаған. «Өз елімізде өтетін ұлы аламанда мемлекетіміздің рәмізі саналатын көк туымызда бейнеленген еркіндіктің белгісі қыран құсымыздың мәртебесін неге асырмаймыз? Осы мақсатқа ұйып, бүркіт, қаршыға, ителгі құстарының қасиетін дүние жүзіне көрсетуге барымызды салдық. Тәубе, тұңғыш рет өткен құсбегілік сайысына 10 елден саятшылар келіп қатысты. Келешекте көкжиегі кеңи түспек», деді ұлттық спорт қайраткері.
Құсбегілік сайысында жеңімпаз атанған бүркітшіге темір тұлпар тарту етіп, мерейін өсірген кәсіпкер Талғат Сақан қыран бүркіттің көк туымызда бейнеленуі рухымыздың асқақ екенін әйгілей түсетінін айтады. «Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанаты шілдеде Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиаданың ашылу салтанатынан кем соққан жоқ, тіпті мәдени көркемдігі жағынан асып түсті. Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли мырза арнайы шақырған соң, ел мерейін асырған саңлақтарды қолдау мақсатында бүркітшілер арасында топ жарған Серікбек Күнтуғанға автокөлік тарту еттім. Құсбегілер арасында бүркіт салудан сынға түсушілердің жеңімпазына темір тұлпар сыйлаудың өзіндік мәні бар. Көк туымызда қалықтаған қыран бейнесі асқақтығымызды айқындап, келешекте еліміздің тек көкке қарай самғайтынын әйгілейді. Біздің Q4 Tulpar компаниясы еліміздің салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін, спортын, ғылымын ұлықтайтын іс-шараларға әрқашан қолдау білдіріп келеді. Жуырда Абай облысында өткен «Шығыс Алтын тайы» ат бәйгесіне де екі көлікті бәйгенің жүлдесіне байладық. Жуырда 100 игі іс челленджін бастап, еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жолдадық. Міне, сол баталы бастаманың алғашқы игілігін Астанада өткен көшпелілер ойындарында жұртқа ұсынып, құсбегілердің мерейін өсірдік. Ұлттық құндылығымызды ұлықтап жүрген азаматтар қандай құрмет-қошеметке де лайық», деген кәсіпкер этноспорт додасы төл өнеріміздің дамуына ерекше серпін беретінін жеткізді.
Кәсіпкер «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген аталы сөзге тоқтап, бүркіт салудан жүлделі ІІ орын иеленген жерлесі, Үржар ауданының тумасы, бүркітші Ерзат Байқадамовқа да темір тұлпар сыйлады. Кәсіпкер құсбегілік өнердің кез келген жанға қонбайтынын, ұлық өнердің ауыртпалығын арқалап, қиындығына шыдап келе жатқан жандар қашанда құрметке лайық екенін айтты.
Елорда төрін апта бойы дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпелілер ойындары құсбегіліктің өркендеуіне серпін беруге тиіс. Елімізде құсбегілік федерациясы құрылып, Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына енді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, дамуына серпін беріліп, федерациясының жұмысы жүйелі жолға қойылды. «Көшпелілер ойындарына қатысуға келген делегация мүшелері федерацияның жұмысына оң бағасын берді. Сайысты өткізу ережесін ағылшын тіліне аударуды ұсынды. Сөйтіп, өз елдерінде біздің ережеміз бойынша сайыстар өткізіп, шыңдалуға құмбыл екендігін байқатты. Жалпы, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұлттық спортымыз, оның ішінде құсбегілік өнердің қарқын алуына айтарлықтай серпіліс болды», дейді федерацияның вице-президенті Б.Мүптекеқызы.
«Алғыр» атты қыранымен бүркітшілер сайысында топ жарған Серікбек Күнтуғанның да бүгінде танымалдылығы артқан. Бабаларынан мирас боп қонған құсбегілікті өзінің ұлдарына үйретіп жүрген бүркітші көшпелілер ойындары орасан істердің жүзеге асуына қозғау салатын айтулы аламан болды дейді. «Қыран құсты асырау, оны күйін келтіріп жемін беріп, ішін тазалап, етін қатыру оңай емес. Оған кез келген жанның төзімі шыдамайды. Сосын бүркіт өте кекшіл келеді, балапан кезінде бір қысастық жасасаң, соны өмір бойы ұмытпайды. Көшпелілер ойындарына келген түркиялық, қырғызстандық, моңғолиялық бүркітшілерді бұрыннан білемін, араластығымыз бар. Канада, Испания, Грузиядан келген бүркітшілермен де танысып, аз-кем тілдестік. Өз елдерінде бүркітті қолға үйретіп, балапан шағынан баулып келе жатқан құсбегілер келешекте де халықаралық турнирлерге қатысуға ықылас танытты. Ұлттық спорт дәрежесіне көтерілген құсбегілікті әлемдік деңгейге шығару үшін осындай барыс-келіс жиі ұйымдастырылғаны дұрыс. Кейінгі кездері құсбегілікке елімізде де баса назар аударылып келеді. Бүркітшілердің сайысына автокөлік бәйгеге тігілгенін біз алдын ала білмедік, тосын сый болды. Бұрындары құсбегілікке аса мән бере қоймайтын жандар қазір биялайдың не екенін, томағаны кигізу керегін сұрайды. Қыран құстарды асыруға ықыласты балалардың да қатары қалыңдап келеді», дейді Серікбек Күнтуған.
Құсбегілік федерациясы былтыр республикалық сайысты 4 рет, халықаралық доданы 5 мәрте өткізді. Келешекте де бұл үрдістің жүлгесі үзілмегені абзал.