Суретті түсірген – Ерболат ШАДРАХОВ
Үйден шығып, қасқа жолға түскенім сол еді, бір шетел мәшинесі қасыма кеп тоқтай қалды. Рулдегі мұрты тебіндеген бозбала жігіт алдыңғы есікті ашып, қолын бұлғады. «Бір нәрсе сұрағысы келді ме екен?» деп есіктен ұстап, еңкейдім.
– Көке, сізді танып, тоқтадым. Неге жаяу жүрсіз? Айтыңыз, апарып тастайын.
– Жоқ, айналайын, өзім барам. Мешіттің маңы ғой.
– Жоқ, көке, сіздің жаяу жүргеніңіз маған ұят. Сізді неге жаяу бара жатыр деп таңғалып тұрмын.
– Мен ауылға жаяу жүру үшін келем.
– Алматыдан ба?
– Иә. Өзің қай баласың? – дедім жыға тани алмай бетіне шұқшиып.
– Мен Жәлидің баласы Нәсіппін. Бір руданбыз ғой. Ауылда Петух десеңіз, бәрі біледі.
– Сонда сенің қораз болғаның ба? – деп таңғала қарадым.
– Отыр, көке!
Ол өң-жүзінде масат сезім қалқып, мәшинені зыр қақтырды. Бір көшеде бір мәшине желмен жарысып, жүйткіп келеді.
– Иә, көке, ініңіз ауылды ұстап тұр ғой, – деп Петух масат сезімі молайып, көз қиығын тастады.
– Мен күніне сегіз мың адым аттаймын. Ол денсаулыққа өте пайдалы.
– Біз сегіз адым жер жүрмейміз. Тәуір жігіттер мәшинеден түспейді.
– Нашар жігіттер де бар ма?
– Күнін көре алмай жүргендер көп қой. Базарға барсаңыз, есек арба сүйретіп жүргендерді көресіз.
– Сонда олар кімдер? – дедім мешіттің төбесі көрінген кезде.
– Оны бара көресіз. Соларға Петух десеңіз, бәрі мені айтады. Базарды ұстап тұр ғой ініңіз. Мәшине керек кезде айтыңыз, әңгіме жоқ, – деп қиық Ай төбесіне қонақтаған мешіт жанына кеп тоқтай қалды.
– Есімім кім дедің?
– Нәпіл. Клишкам Петух.
– Көп жаса! – деп мәшинеден түсе бердім.
Мен де осылай бір сәт тәуір жігіттің санатына ендім.
«Жазушы деген...»
Айында-жылында бір кездесе қалғанда, сыныптастарым «алып қойсайшы» деп асты-үстіме түседі.
– Мен қойғанмын. Сендер лимонадты ащысынып жүргенде, мен «Портвеин-12»-мен ауызданып, жиналысқа түсуші едім ғой. Отставкаға шықтым, – десем де, бір сөзді қайталап, қажай береді.
– Ең болмаса бір алып қойсайшы, – деп өлердегі сөзін айтып отырып алады.
– Жазушы емессің бе, ішпейтін жазушы бола ма? – деп кәсібіме де қол сұға бастайды.
Мен бірақ серттен таймадым.
Ел болғасын өлім-жітімсіз бола ма? Қаралы ас үстінде де: «Сен жазушы емессің бе, бірауыз лебіз айтсайшы», – деп қалам-қаруымды өзіме кезейді.
– Сөйлеудің де жөні болады. Бұл мен сөйлейтін жер емес, – деп уәж айтам.
– Сені де жазушы дейді-ау, – деп тұқырта айтылған сөз тура атылады...
Су – жаздың жаны, шілдеде суға сүңгу ауылға барғандағы аңсарым. Өзен жағасында үлкен суға үңіліп тұрып та:
– Сен жазушы емессің бе, баста! – деп иір-шиір толқынға сескене қарайды қатар-құрбы.
Сырдария – кәрі досымыз. Бала күнімізде алыстан жүгіріп кеп, тік шаншылып сүңгісек, әлі де қарымымыз қайтқан жоқ. Мен сүңгігенде олар кірпік қақпай қарап тұрады, су перісі кімге қол созар екен дегендей күмән көкейде бүлкіл қақпайды дейсің бе? Бұлар мен ертіп келмесем, үй түбіндегі үлкен суға қарай шіліңгір шілдеде де аяқ баспайды екен.
– Рақатын-ай! – деді біреуі бетінен сорғалаған суды алақанымен сүртіп тұрып.
– Осы су үшін мың шақырымнан келіп тұрмын ғой, – десем, тағы да кәсібімді көлденең тартады.
– Сен жазушы емессің бе?
Жазушы деген бір көзге шыққан сүйел болды. Кезінде агрономдық тәлімімді тастап кетіп едім, жалғастыра бергенде өзім де осылай жазушыларды оққа байлап жүрер ме едім деп ойға батам.
Жабайы сауданың жауабы
Жүгері жеп өскен баламыз, «жүгері – жұғымды дақыл» деген хрущевтік науқан да еміс-еміс есімде. Шәу тартсақ та, әр нәрсеге көңіл аударып, көз сап жүрер біреуміз. «Саяхат» автовокзалындағы жайма базарда буы бұрқыраған жүгеріні көріп қап:
– Жұғымды дақыл қаншадан? – өзім қатарлас сары қарын әйелге әзіл жүгіртіп, сауал тастап едім:
– Не деп тұрсың?! – деп шаңқ ете қалды. Жабайы сауда оңай ма, күнұзақ екі аяғымен тік тұрып қажыған шығар, оның үстіне «жүгері – жұғымды дақыл» деген лұғат сөзден хабары жоқ болар. – Қайнағанының да, қайнамағанының да бағасы бірдей. Екеуі де тікірейіп тұр ғой, қарасайшы, көзіңді ашып. Саған қайсысы керек? Алсаң ал, алмасаң басымды ауыртпа, – деп нақты жауабын берді. Шәңк-шәңк еткен әйелдің қолынан жүгері жегендей боп, кері бұрылып кеттім.
Салып ұрып пойызға шығар теміржол вокзалына келсем, екі жасөспірім сап-сары торлама қауынды біріне бірі лақтырып, вагонға таман жақындатып жатыр екен.
– Бұл өз өнімдерің бе, әлде Тәшкен жақтан алдырдыңдар ма? – деп сұрадым әдеттегідей әуенге салып. Сары торламаны қағып алған сары бала жөпелдеме жауап берді.
– Аласыз ба, алмайсыз ба? Біз каникулда жүрміз. Мешайт етпеңіз.
«Ә-ә, жазғы каникулда жалданып, нан тауып жүрген балдар болды ғой. Үлкеннің бірауыз сөзі сонша шымбайына батып кеткені ме? Біз де есек арбаға қауын тиеп өсіп едік. «Сауда сақал сипағанша», дегенмен сатушы мен алушының арасында нәзік бір өткел тартылмай ма?». Осы күні жабайы сауда жамбас көтере бастады. Дегенмен саудаға да мәдениет керек. «Өзбек – өз ағамнан» үйренер нәрсе аз емес.
Тораңғының саясы
Ауылға барсам, құрбы-құрдастарым аяғымды жерге тигізбейді.
– Суға түсесің бе? Бірақ қазір су дегенің су емес, у. Ағын судың бәрі күрішке сепкен гербицидпен уланып қалған, – деп өздерін-өздері қайтарып тастайды.
– Кәрістің көксиіне апарайық, бұның кәрістің шемішкесі мен көксиіне тәбеті тартып тұрады ғой, – дегенде, Шиеліге жеткенше пойызда оқып келген Анатолий Кимнің кітаптағы томпиған бейнесі көз алдыма көлең ете қалды.
– Тораңғыға апарайық, – деді оқыған-тоқығаны көп, бірақ жолы болмай жүрген Өтеген. Әкімді сынаймын деп билік қырын қарап, осы ауылдың «арам шөбіне» айналған жайы бар.
– Аттанайық! – деп бірден келісім бердім. Дария жағасындағы көптен көрмеген ұзын бойы көк тіреп тұнып тұрған тораңғы тоғайы көз алдыма көлең етті. Бұл – өзі шөлейт аймақтар мен өзен аңғарларында өсетін түк жапырақты көпжылдық көне ағаш. Бір сөзбен айтқанда, Сырдарияның көркі. Он шақты шақырымнан соң-ақ шоқ-шоқ ағаш тоғайы шаңқай далада көзге сая боп көріне бастады.
– Бұрынғы жерге ме? – деді шопыр жігіт иек қағып.
– Дәл солай, – деді жолбасшы Өтеген.
Тораңғы тоғайы даланы жапырағымен бүркеп, қалқан боп тұрғандай. Қатпар-қатпар діңі күннің ыстығын бойына сіңіріп, алақандай жапырақтары адамдарға сая болған қорғаныш секілді. Отыратын жер де арнап соғылған тапал үстелдей ыңғайлы екен, бірақ шөп-шаламның үстіне қонақтап, жалбырап жатқан жыртылған газет пен қол сүрткіш жұқа қағаз көзге қораш көрінеді, дөңгеленіп жатқан консерві қалбыры мен сорайып жатқан ақ арақтың бөтелкесі де аз емес.
– Осы жер ме? – дедім жол бастаушы Өтегенге.
– Осы. Бұл жермен салыстырғанда Ялтаң да, Қырымың да жолда қалады.
– Бұдан гөрі тазалау жер жоқ па?
– Осы жер біздің тұрағымыз.
Сәл лекіген желмен бірге қаңсық иіс мұрнымды қытықтай бастады.
– Дәл осы жер ме? – деп тағы да нығыздадым.
– Не, ұнамай тұр ма?
– Оу, мынау қоқыр-соқыр тастайтын жер ғой.
– Әне, қалалықтар туған жерін менсінбейді, – деді бір сыныптас.
– Сен футболдың жанкүйерісің, – дедім қоразданып тұрған сыныптасқа қарап. – Кеше әлем чемпионатында жапондар Даниядан жеңіліп тұрса да, өздері отырған стадионды жылан жалағандай ғып тазартып кеткен жоқ па? – деп едім, көзі ашық Өтеген:
– Иә, обал болды, 3:2 ғып жеңіп тұрып, 4:3 боп жеңіліп қалды, – деп сөзімді құптады.
– Жеңілсе де, еш өкпе-назсыз шетелдің стадионын мұнтаздай тазартып кетті ғой. Сендер неге өз жерлеріңді таза ұстамайсыңдар, – деп едім, бір сыныптас сөзімді қармаққа іліп ап, су астынан бүлкілдетіп тарта бастады.
– Сен бұрынғы сыныптас емессің, өзгерейін депсің...
– Сендер қашан өзгересіңдер? – Қармаққа түскен балық боп бұлқынып қалдым. – Мен кеттім. Мына жерде отыра алмаймын.
– Онда көксиге барайық. Бұның көкейін тесіп тұрған кәрістің көксиі ғой, – деп тағы біреуі іліп кетті.
– О жер, бұ жерге қарағанда таза, – деп машина есігін аштым.
Бойы көк тіреген тораңғы тоғайы томсарып қала берді. Жасыл жапырағы да тазалық тілеп жалбырап тұрған секілді. Айтуға тіл жоқ, бірақ бір күні табиғат та оңдырмай сөйлеп, ойындағысын ақтарады.
Дәл түбінде кәрі Сырдария ішін басып, шымырлап ағып жатыр.
Түзу мен қисық
Жас ұлғайған сайын түзу сөйлейтіндерге күмәнмен қарайтын болдық, ал қисық сөйлейтіндердің аузында бұлқынып бір ақиқат жатады. Бұның ұлы мысалы, Желтоқсан көтерілісінен кейін Жазушылар одағында өткен «ауысып келген алқа би» Колбинмен кездесу еді. Сөз бастаған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлжаппар Әбішев ақсақал: «Біз сіздей басшыны 25 жыл күттік» дегенде, көңілі күпті ел-жұрт үн-түнсіз қалды. Жұбан Молдағалиевтің «Қыздарымызды етікпен тепкілеп, ұлдарымызды итке талатқан көріністі көргенше мен кешегі соғыста неге өліп кетпедім» деген сөзі сол кезде «қисық сөз» боп жиналыс хаттамасына түскенмен, ел аузында аңыз боп айтылып қалды.
1991 жылы азық-түлік дүкенінің алдында жасөспірім ұлыма кездесіп қалған белқұрдас:
– Неғып жүрсің? – дейді.
– Нанға келдім.
– Бір үзім нанға қарап қалдық қой, – дейді маңдайын тыржитып.
Қайта құрудың алашапқынында айтылған сол сөзді қырма сақал балам әліге дейін аузынан тастамайды.
Түзу сөзде тақтайдай тегіс тәртіп бар, қисық сөз ызыңдаған маса секілді денеңді бір шұқып ап, теріңді ашытады. Бірақ бұны маса шаққан адам біразға дейін айтып жүреді, маса шаққан жердің түртиіп орны қалады. Жазушылар одағына келген бір ірі шенеунік: «Талай жерде істеп едім, Жазушылар одағына алғаш келуім, жүрегім дүрсілдеп тұр» дегенде, бір айтқыш: «Судан ұрттап қойыңыз, жүрек орнына түседі» деп демеу берді. Шенеунік сол сәт мөлтілдеп су құйылған қырлы стаканға көзін салды, бірақ дәм татпады. Санасындағы су мен удың айқасы бірден байқалып қалды.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді», сөз түзелмей, біз түзелмейміз. Түзу сөздің соңынан ерген «қисық інісі» ақиқатты айта қалса, маңғаз ағасы естімей қала береді. Сонда да түзу мен қисық сызық қатар жүреді. Бұл – геометрия заңы. «Сызба геометрияны тапсырсаң, үйленуге жол ашық» дейді екен түзу мен қисықтың зардабын тартқандар. Бұл – өмірдің қатаң ережесі, олар жабысып тұрған сиам егіздері сияқты жұптары
жазылмайды.
Түзу жүріп, түзу тұрғанға не жетсін! Түзу ағасының соңынан қисық інісі тілі түзелгенше еріп жүре берсін, қисықты да түзететін күн туар. Әңгіме сөзден басталды. Сөз өлмейді, ол өмірге бәрінен бұрын келген.
Қуандық Түменбай,
жазушы