Медицина • 20 Қыркүйек, 2024

МӘМС: тағы да тығырыққа тірелді

86 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорында қаржылық мәселелер туындады. Мұның салқыны қордан қаржы алып отырған медициналық ұйымдарды да айналып өтпеді. Қазір қор басшылығы мен жергілікті ұйымдар жағдайды ескере отырып, қаржыны үнемдеу жағын да ойластырып жатыр.

МӘМС: тағы да тығырыққа тірелді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­ның басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғам­дық кеңесінде қаржыландыруға қатысты қалып­тасқан мән-жайды ашып айтып берді. Спикер 8 айда қордың негізгі бағыттары бойынша іске асқан жұмыстың қорытындысын жасап, қысқамерзімді жоспар туралы мәлімдеді. Есепті кездесуге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да қатысты.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – медициналық қызметтердің стратегиялық сатып алушысы әрі төлеушісі болғандықтан, Әбілқайыр Сқақов жыл басынан бері медици­налық көмекті сатып алу қорытындысы мен оны медициналық ұйымдарға бөлу барысы туралы айтты. Биыл қорда сатып алу ойдағыдай, барынша автоматты түрде өтсе де, қаржыландыруға қатысты туындаған мәселелер бар.

«Тапшылықты айтар болсақ, бастапқы қар­жыландыру бойынша – 116 млрд және бұрыннан келе жатқаны – 571 млрд теңге шамасында. Біз Денсаулық сақтау министрлігі­мен, жергілікті атқарушы органдармен бірге қаржылық тұрақтылық жоспарын бекіттік және қаражатты үнемдеуге бағытталған іс-шара­ларды қабылдадық. Қазір дағдарыс бойынша тапшылықтың 70%-ы жабылды. Алайда жыл соңына дейін қаражат тапшылығы түбегейлі жақсармасы анық. Ақшалай өтімділіктің болмауы – Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Қорға байланысты емес объективті фактор. Жыл соңына дейін уақтылы төлемдер болмауы мүмкін», деп атап өтті басқарма төрағасы.

Бүгінде Қорда қаражат тапшылығы шығын­дарды және Қор қабылдаған міндеттемелерді оңтайландыру есебінен де шешіліп жатыр. Осылайша, Қор аса маңызды көмек түрлері бойынша қарыз сомасын 116 млрд теңгеден 27 млрд теңгеге дейін азайта алды. Сонымен бірге Қорда медициналық қызметтердің тарифтерін жетілдіру жұмыстары толастаған жоқ. Бес бағыт бойынша тарифтер қайта қаралып, күшіне енген. Тағы тоғыз бағыт бойынша жұмыс осы айда аяқталады.

Ә.Сқақов медициналық ұйымдарды бақы­лау нәтижелері, МӘМС қамту аясын кеңейту, Қордың ағымдағы жұмысы және кадрлық саясаты туралы да есеп берді. Соның ішінде цифрландыруға қатысты мәселелер сөз болып, қор басшысы кеңес мүшелеріне ахуалдық-талдамалық орталықтың жұмысын таныс­тыр­ды. «Saqtandyru» ақпараттық жүйесі туралы хабарлады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова цифрландыруға қатысты мәселелерді реттеудің маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы цифрландырудың жетілмегенін айтып, бірнеше міндет жүктеді. Бүгінде саланың цифрлық трансформациясы бойынша Жол картасы бекітілді. Мемлекет басшысының қолдауымен Республикалық элек­тронды денсаулық сақтау орталығы Денсау­лық сақтау министрлігіне қайта берілді. Бұл жү­йені жетілдіру мәселелерін тезірек шешуге мүм­кіндік береді деп ойлаймын, – деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңес төрағасы Надежда Петухова Қорда ахуал­дық-талдамалық орталықтың іске қосылуы саланың тиімділігін арттырып, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға септесетінін айтты.

– Қор тұрақсыз қаржылық жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Біз Қордың медициналық ұйым­дардың жұмысына, қаржыландыру әдіс­теріне, оларды бақылау бойынша нақты түсінігі, ұстанымы бар екенін көрдік. Қор Ден­саулық сақтау министрлігімен бірге ортақ мақ­сат­тарға жетуге ұмтылатынын байқа­тып отыр. Расында, денсаулық сақтау саласын­дағы мәселелерді реттеуге келгенде бірлесіп тын­дырған іс нәтижесін береді, – дейді Н.Петухова.

Қоғамдық кеңесте Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Ә.Сқақов келер жылдың жұмыс жоспары туралы да баяндады. Ашықтық пен есептілік қағида­ларына негізделген жоспар медициналық қыз­меттердің бірыңғай сатып алушысы мен төлеу­шісі ретіндегі басымдықтар бойынша нақты қадамдарды қамтиды.