Өнер • 20 Қыркүйек, 2024

Бірегей балет кеші

48 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Астана Операның» үлкен залы сахнасында бекзат өнер жанкүйерлері тамаша кештің куәсі болды. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың асқан шеберлікпен құрған бағдарламасы көпшілік көрерменді тәнті етті.

Бірегей балет кеші

Екі бөлімге құрылған концерт сахна төрінде сан алуан­ жанр­дағы би өнерінің жау­­һар­ларын жарқырата көр­сетті.

– Труппамыздың жаз­ғы демалыстан кейін көрер­мен­дердің алдына алғаш шығуы болғандықтан біз бұл кешке аса ыждағаттылықпен да­йын­далдық. Әртістеріміз де көрерменін сағынып қалыпты. Өзіңіз куә болғандай, бағдар­ла­мамыздың «Nomad Dance Gala» деп аталатын бірінші бөлімінде отандық талантты да жас балетмейстерлердің туындылары мен ұлттық нөмірлер таныстырылды. Әлбетте, кеш премьерасыз өтпейді. Қазақ ұлттық хореография академиясы дайындаған «Асан мен Үсен» көңілді жаңа нөмірі балет жанкүйерлеріне тосын жаңалық болғаны сөзсіз. Ал кешіміздің екінші бөлімін­де біз XX ғасыр жауһары – Н.Римский-Корсаковтың музыкасына кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін ұсындық. Спектакль­ге арналған сценографияны үздік театр суретшілерінің бірі Л.Бакст жасаған болатын. Ол – Санкт-Петербург пен Парижде көп жұмыс істеген, өткен ға­сырдың басында экзотика мен ориентализм ерекшелігіндегі еуро­палық сән үлгілерінің шы­ғарушысы болған кәнігі шебер маман, – деді «Астана Опера» балет труппасының көр­кемдік жетекшісі, Ресейдің ха­лық әртісі Алтынай Асыл­мұ­ратова.

Театр гала кеште же­тек­ші солистердің, сондай-ақ кордебалет әртістерінің қатысуымен болатын нөмірлерді көрермен назарына ұсынды. Олар жеке және дуэтте өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама «Тұран» этно-фольклорлық ансам­блінің музыкасына қойыл­ған Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің хорео­гр­а­фия­сындағы «Жәрмеңке» нөмірімен ашылды. Сондай-ақ бұл кеште Әмина Кисембаева мен балет әртістері Анвара Садықованың тағы бір авторлық қойылымы – «Steppe Sons» альтернатив-фолк тобының музыкасына қойған «Сарматтық абыз әйел» нөмірін де нақышына келтіре орындады.

Ал Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала үні» балетінен адажионы Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Айгерім Бекетаева мен Ғалымжан Нұрмұхамет, Олжас Тарланов пен Әсел Шайкенованың тамаша тан­демі таныстырды. Сонымен қа­тар мазмұнды бағдарламаға атақты балетмейстердің хорео­гра­фиясындағы тағы бір жар­қын нөмір – «Тұран» этно-фоль­клор­лық ансамблінің музыкасына қойылған «Қилы заман» нөмірі енгізіліп, оны Сұлтанбек Ғұмар кәсіби жоғары деңгейде орындап шықты. Ғажайып әрі қызықты ұлттық нөмірді елордалық көрермендер аса зор ықылас һәм толассыз қошеметпен қарсы алды.

Екі күн қатарынан көр­се­­тілген бұл гала кеште көрер­мен қауым әртіс­тер­дің қос құрамының да шебер­лігіне баға беруге тамаша мүмкіндік алды. Әсіресе көп­шіліктің көңілінен шық­қан жарқын балет – «Шехе­разаданы» қос құрам ойынында салыстыра тамашалап, шынайы баға берудің сәті де осы жолы түсті. Атап айтсақ, айтулы спектакльде Алтын құлдың басты пар­тиясын Серік Нақыспеков пен Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері Бақтияр Адам­жан орындаса, Зобеиданы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Айгерім Бекетаева мен Анас­тасия Заклинская таныс­тырды. Сөзсіз, бұл гала кеш ба­лет маусымының ең жарқын оқи­ға­ларының бірі болғаны анық.

Маусымашар концерттің тағы бір еркшелігі өткен театр маусымында балетмейстерлік қырымен де көпшілік көрер­мен­нің ықыласына бөлнген солист Сұлтанбек Ғұмар бұл кеште «Mangurt» және «Рух» деп аталатын қос туындысын ұсынды. Олар­ды Нима Токов, Камила Орма­нова, Ислам Қайыпбай, Айдан Қалжан және «Астана Опера» әртістері сәтті орындап шықты. Одан бөлек, айтулы балеттік жарқын бағдарламада Ғазиза Молдахметтің орын­да­­уында «Сыған биі», Қазақ­стан­­ның еңбек сіңірген қай­рат­­кері Әнел Рүстемова мен Жақ­­сы­лық Сауқымбековтің интер­­пре­та­циясында «Аңсау» нөмір­лері та­­ныс­­тырылды. Қорыта айт­­­қан­да, «Nomad Dance Gala» кеші еліміздегі хореография өнерінің бірегей стилін іздеуге деген талпынысты ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар отандық балетті жаңа һәм анағұрлым жоғары деңгейге көтергені сөзсіз.