Текелідегі «Достық» шағын ауданы тұрғындары көгілдір отынға бірінші болып қосылды. Ол жерде 1 200 абонент бар. Табиғи газға Ескелді, Қаратал аудандарының бірнеше ауылының тұрғындары да қол жеткізді. Көгілдір отын 1 700-ден аса адам тұратын Өтенай, Жаңалық, Ортатөбе ауылдарына берілді.
«Ескелді ауданында 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Оның 10-ы бүгінде газдандырылды, 9 елді мекенде газ тарату желілерін салу жұмыстары жүріп жатыр. Қайнарлы ауылына газ тарату желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының конкурстық процедуралары аяқталды. Жалғызағаш ауылын газбен қамту бойынша жобалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жылы аталған барлық жоба іске асырылғаннан кейін аудан 100% газдандырылады», деді аудан әкімінің орынбасары Айдын Исабеков.
Қаратал ауданы туралы айтатын болсақ, бүгінде Көкдала, Достық, Қанабек, Жаңаталап, Кәлпе, Оян, Бастөбе, Ортатөбе ауылдарында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Үштөбе қаласы тұрғындарының 40%-ы немесе қаланың батыс бөлігінің 8 мыңнан аса тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 11 мыңға жуық адам тұратын қаланың қалған шығыс бөлігін де газбен қамту жоспарланған. Сонымен қатар ауданның 5 ауылында газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл елді мекендерді газға қосу жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Аудан 2025 жылдың соңына дейін толық газдандырылады.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, Ескелді ауданының елді мекендері мен Текелі қаласын газдандыру үшін 2018 жылы ұзындығы 31,3 км «Талдықорған-Текелі» жоғары қысымды газ құбыры салынған.
Бүгінде облыстағы газдандыру деңгейі – 47,6%, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 50%-дан асады. 2025 жылдың соңына дейін өңірдің 506,6 мың тұрғыны бар 126 елді мекенін газдандыру жоспарланған.
Жетісу облысы