Технология • 20 Қыркүйек, 2024

Диқандарға тиімді технология

131 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Су үнемдейтін технологияларға көшу экономиканың барлық саласында қажеттілікке айналып отыр. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су ресурстары проблемасының өзектілігін атап өтіп, озық су үнемдеу технологияларын енгізуді жылына 150 мың гектарға дейін жеделдетуді тапсырған болатын.

Диқандарға тиімді технология

Су ресурстары министрлігі Су үнемдеу технологиялары және тарифтік саясат департаментінің басқарма басшысы Қарлығаш Нұриханованың сөзінше, елдегі суармалы жер ауданы – 1,9 млн гектар.

«2023 жылы су үнемдеу технологиясымен 312,2 мың гектар суарылды. Бұл суар­­­малы жердің жалпы көлемінің 16%-ын ғана құрайды. 2024 жылы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жер көлемін 462,2 мың гектарға ұлғайту, 2030 жылға қарай 1 млн 362 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Министрлік су үнемдеу технологияларын орнатуға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізді. Яғни суармалы жерлерде су алу және беру үшін инфрақұрылымды жүргізу кезінде фермерлердің ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығынын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту көзделген», дейді.

Айтуынша, су үнемдеу технологияларын қолдану жер бетімен суғарғанға қарағанда суды 20-30% үнемдейді. Оған қоса, суару кезінде су біркелкі жеткізіледі, құнарлы қабатты шаюдың алдын алады.

«Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн гек­­тар­ға ендіру қарастырылған. Түркістан облы­сы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Әлібек Плаловтың сөзінше, соның ішінде Түркістан облысы үлесі 16% немесе 216,3 мың гектарды құрайды.

«Биыл жаңадан 22,0 мың гектарға су үнемдеу технологиясы орналастырылады. Мұндай технологияның тиімділігі – өсімдікке қажетті суды тікелей беріп, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеп, персонал жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады. Тағы бір артықшылығы – тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымы бар аумақтар үшін де жарамды. Жерді тегістеу бойынша артық жұмыс атқаруды қажет етпейді», дейді.

2024 жылғы мамырдан бастап шығын­­дарды субсидиялау нормативі су үнемдеу техно­­логияларын сатып алуға және орна­туға, сондай-ақ бүкіл паспорт бойынша инфра­­­құ­ры­лымға инвестициялық салым кезінде 80%-ды ­­құрайды. Оның 30%-ы жергілікті бюджеттен субсидияланады.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытуда су жүйелерін цифрландыру және каналдарды модернизациялаудың маңызы зор. 2023 жылы жалпы құны 15,9 млрд теңгені құрайтын «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы пайдалануға беріліп, 60 шақырым канал бетонмен қапталды. Жылына 60,0 млн текше метр ағын су үнемделіп отыр. Каналдың су өткізу құрылымдарына 66 дана аустралиялық «Рубикон Воутердің» автоматтандыру жүйесі орнатылды. Бұл өз кезегінде су шығысын қашықтан автоматты басқара отырып, судың нүктелі есебін нақты жүргізуге, қосымша су шығындарын үнемдеуге мүмкіндік берді.

«Ендігі кезекте каналдың 4 кезеңінің жобасы дайын. Жоба құны – 11,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 2024 жылға 5,0 млрд теңге қаржы қажет. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымы автоматтандырылады. Сондай-ақ 24,9 шақырымда каналды бетондау арқылы жылына 29 млн текше метр ағын суды үнемдейтін боламыз», дейді басқарма өкілі.

Облысымызда су үнемдеу технология­сын ұтымды пайдаланып жатқан шаруа қожалықтықтары аз емес. Жаңа технология­ны жатсынбай, оны игеріп, игілігін көріп отырған шаруашылық жетекшілерімен сөйлескен едік.

«Иіржар-Агро» ЖШС директоры Оразалы Шыршықбай 500 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізген.

«Биыл соның 370 гектар жеріне күнбағыс дақылын ектік. Болашақта кластерлік жүйеге көшу ниетіміз бар. Мақсатымыз – жаңа технологияны жылдам игеріп, жақсы өнім алып, оң тәжірибені жастарға үйрету», дейді шаруашылық басшысы.

Айтуынша, технологияның бір артық тұсы – өнім құнарын кемітпейтінінде.

«Егіс алқаптарын дұрыс жоспарламаса, дақылдардың ауыспалы егісі сақталмайды. Бұл да суармалы судың дұрыс бөлінуіне кері ықпал етеді. Егер егістікті ағын сумен суарсаңыз дөңестеу жердегі егін қажетті суы мен тыңайтқышын ала алмайды. Мына технологияның ерекшелігі сол – су дақылға тікелей барады екен», дейді.

«Агрохолдинг Түркістан» шаруа қожа­лы­ғы биыл «BNK Group LTD» ЖШС арқылы су үнемдеу технологиясына қол жеткізген.

«Біздің шаруашылық дәнді дақылдар – жүгері, жоңышқа егеді. Өйткені шаруа­шы­лы­ғымыз асыл тұқымды ірі қара өсіріп отыр. Жаңбырлатып суару технологиясын бірінші рет пайдаланып жатырмыз. Технология шаруаларға өте тиімді екен. Біріншіден, суды үнемдейді. Бұрынғыдай басына жетіп, аяғына жетпей, толық зәктемей қалу деген жоқ. Су бірқалыпты беріледі. Екіншіден, суарудан кейінгі әдеттегідей қатқақ қалдырмайды. Суарып болған соң бұрын егістікті міндетті түрде культивация жүргізіп, қопсытып ала­тынбыз. Оның қажеті болмай қалды. Қон­дырғымен алқапты дәрілеуге де болады екен. Үшіншіден, бағасы өте тиімді. Бұрындары 50 пайыз болса, биыл 80 па­­йызын мемлекет субсидиялайды. Қалған 20 пайызын шаруалар 1-7 жыл аралығында өтесе болады. Бұдан артық қандай қолдау қажет шаруаға?», дейді қожалық басшысы Дәулетхан Қуанышбаев.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист

 

Түркістан