Әдебиет • 20 Қыркүйек, 2024

Тағдыр тәпсірлері

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 70-жылдары жазушы Тұрсын Жұртбай «Замандасым, сырласым», «Қоңыр қаз», «Жүрегімде жұмыр жер» атты оқшау дүниелерін оқырманның таным таразысына тартып, әдеби әлемге аяқ басты. Ең алғаш қаламынан туған дүниелерінен-ақ айқын қолтаңбасы, бөлек соқпағы танылды. Жазушы өзін көркем дүниемен ерте «қоштастым» деп өкініш білдіретіні рас. Алайда оның осынау шығармалары көлемімен де, көркемдігімен де көсіліп жазғандардан көш ілгері екенін ойлы оқырманның бағамдары күмәнсіз.

Тағдыр тәпсірлері

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оның шығармашылық ше­берханасында шыңдалып шыққан «Көшпелі сауық маймылы», «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәй­терегі», «Түйешiнiң қызы» сынды әңгімелері – ә дегеннен-ақ әдебиет­ке жинақылықпен, дайындық­пен келгеніне үлкен дәлел. Осы әң­гімелердің тізімінде айтылатын «Бір уыс жусан» әңгімесі өткен ғасырдың сексенінші жылдары жарық көрді.

Бұл шығармада атомнан зар­дап шеккен аяулы қарындастың қыр­шын қиылған тағдыры тәпсірлен­ген. Бұл – қаншама мың миллион­да­ған жанның ғұмырын жалмаған полигон азабы туралы жазыл­ған қазақ әдебиетіндегі алғашқы шы­ғармалардың бірі. Әңгіменің астарына барласаңыз аяныш сезімін тудыру емес, жазушының кеселді қоғамға, атом бомбасын атқан­дар­ға деген қарсылығын аңғарасыз. Протестік көзқарас шын әдебиет­ті тудырады. Жай ғана қарсылық емес, адамдарға деген алаңдаушылық ­та менмұндалайды.

Тұрсын Жұртбайдың шығар­машылық жолының жастық кезеңін қамтитын «Болашақтың бәйтерегі» атты әңгімелер жинағынан қалам иесінің он бес пен жиырма жеті жас арасындағы алғашқы қаламалды прозалық туындыларын тануға болады. Балаң ой мен таза сезім арқылы сәби санасына тұңғыш рет ұялаған мұң мен алғашқы махаббат, жарық дүниеге деген ынтызарлық, арманға толы келешекке құштарлық, өмір баспалдағын енді аттағанда кездескен әділетсіздік пен қиянат, күйініш пен сүйініш бозбалалық шаққа тән бұла сезіммен табиғи суреттеледі.

Жазушының «Бесқарагер» хамсасы 1979 жылы проза байқауында бәйгелі болып, үш жылды артқа тас­тап, осы атаумен кітап болып басылып шыққанда, саналы жандарды тамсандырып, жадында жатталып қалғаны белгілі. Жарияға шыққан соң сынға да ұшырады, кекесін пікір де айтылды, бірақ көркемдік қуатына қатысты пікір білдіргендер аз.

Тұрсын Жұртбайдың «Бес­қа­рагер» хамсасының алғашқы «Жа­нарыма тұнған жасым ең...» бө­лімінде заңғар тұлға Мұхтар Әуезов­тің тартысқа толы тағдырының тол­ғауы, ол кешкен ғұмырдың бізге беймәлім тұстарының сыры ашылады. Бір қарағанда көркем шығарма болғанымен, астарындағы тарихи сарын шындыққа шегелеп, ақиқатқа апарады.

«Жер – бесік» роман-новелласы – жазушының жиырма төрт, жиыр­ма бес жас аралығында жаз­ған әпсаналық сыпаттағы алғаш­қы көлемді көркем туындысы. Бұл қаламгердің Алаш қозғалысы туралы аңсарлы биікке барар жолдағы қалам қарымын көрсеткен шығарма болатын. Туындыдағы Кәрібоз абыз – Шәкәрім, Саржан – Мағжан, Ұлар – Угар (Жәнібеков), ал Кербала – жазушының әкесі Құдакелді, Жансая – апайы Айымхан, Тоты – қарындасы Төлеу, Жарас автордың өз прото­ти­пі екенін ұққан жөн.

Шығарманың алғашқы нұсқа­сы бойынша оқиға отызыншы жыл­дардағы ашаршылық кезіндегі Шәкәрім қаза табатын көтерілістен басталып, бас кейіпкер Кербаланың өлімімен аяқталатын. Алайда ол шындықтың жария етілмейтінін және қаламалды қадамын енді бастаған жас жазушының жолына кедергі келтіретінін ескере отырып, пікір білдірген Рымғали Нұрғали, Құрманбай Толыбаев, Қаржаубай Айтолқын (Омар), Мейрам Асылғазин сияқты сыншы-жазушылардың кеңесімен оқиға он бес жылға шегеріліп, отызыншы жылдардағы халық көтерілісі он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліске алмастырылады.

Шығарманың «роман-новелла» деп аталуындағы басты нысана – жазушының о бастағы ойы бойынша, әр тараудағы оқиға дербес көркем шешімін тауып, оқиғалар тізбегі жалғаса баяндалып, ортақ кейіп­кер арқылы тұтастық сыпат білдіре­тін әдеби әдіске желі тарту. Осы мақ­сатқа орай жас автор өзінің жанына жақын, бұрын хатқа түскен «Бір тошала хикаясы», «Бөкенжарғақ» («Соқыр Есжан», «Аңшының зары»), «Көшпелі сауық маймылы», «Қабыршақ мұз қатқанда» сияқты хикаялық, романтикалық оқшау оқиғаларын шығармаға кіріктірген-ді. Кейін олардың кейбірі қысқартылды. Сондай-ақ Итжеккендегі концлагерьді емеуірін арқылы жеткізу мақсатымен ақ қайық, ақ шана, ақ бұғы туралы аңыз-әпсаналарды пайдаланғанын аңғару қиынға соқпас.

Жазушының бір пікірінде: «Қа­лам ұстауға құштарлығымның қа­шан туғанын білмеймін. Мүм­кін, шешемнің қабірі көз ұшымда бұл­дырап қалып бара жатқанда, өмірдің алғашқы ащы тамшысы шым етіп жүрегіме тамып, уыты мүбәрәк жаныма жайылғанда: «Мені емес, бір жарым жастағы сәбиді – Төлеуді анасынан айырғаның не, Алла?», деп Тәңіріме шағынған шақта оян­ған шығар. Әлде, қыстың ұзақ ке­шінде алакөлеңке шам жарығымен «Салсал», «Зарқұм», «Дариға қыз», «Кербаланың шөлі» сияқты риуаятты қиссалардың мұңлы-зарлы, мұғ­жизалы әуенімен жаныма ұялады ма?» деп ойға шоматыны бар. Біз де Тұрсын Жұртбай тереңіне то­лық сүңги алмаспыз. Бір ғана білері­міз – қаламгердің туындылары тағ­дыр толқыны тудырған бірегей дүние­лер.