Әдебиет • 22 Қыркүйек, 2024

Бүгін – ақын Несіпбек Айтұлының туған күні

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін (1950-2023) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтарының лауреаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы дүниеге келген күн, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін – ақын Несіпбек Айтұлының туған күні

Ашық дереккөз

Ол ҚХР Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының Шәуешек ауданында туған. 1962 жылы тарихи отанына оралған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1974-1984 жылдары «Балдырған» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасының редакторы. 1984-1994 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі. 1995-1996 жылдары «Ақын» қауымдастығының директоры. 1997-2001 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі. 2001 жылдан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 2008 жылдан «Алтын тамыр» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың директоры болды.

«Балалық» деген алғашқы өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрген. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме», «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, «Ескендір қорғаны» (Ә. Науаи), «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітаптары шыққан. Түріктің VII ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, итальян ақыны Дж. Родаридың, сондай-ақ М. Исаковский, А. Барто, С. Михалков, С. Баруздин, В. Берестов, Т. Сыдықов, С. Жусуев өлеңдерін қазақ тіліне аударған.