Қоғам • 24 Қыркүйек, 2024

Табиғат аясындағы фотофестиваль

47 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғат пен өнер – егіз. Кез келген өнердің басы тұмса даланың әсемдігінен, таңғажайып таби­ғатынан бастау алады. Ал жұрт байқай бермейтін әр­бір сәулелі сәтті фотоға түсіру өзгеше қа­білетті қажет ететіні де дау­сыз.

Табиғат аясындағы фотофестиваль

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті жуырда Ақмола облысы Зеренді кентінде орналасқан «Тұмар» оқу-сауықтыру кешенінде «Zerendi Photo Fest II» атты фототілшілер фес­тивалін өткізді.

Дәстүрлі іс-шара Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­версиетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен, осы оқу ордасы баспасөз қызметінің, сондай-ақ Журналистика және әлеу­меттік ғылымдар факультетінің ұйым­дастыруымен өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін фототілшілер, сондай-ақ ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша оқып жүрген студенттер қатысты.

ва

Байқау барысында елордалық және халықаралық БАҚ, мемлекеттік орган­дардың фототілшілері екі күн бойы сту­денттерге түрлі жанрда суретке тү­­сіру тех­никасын үйретіп, шебер­лік­ті шыңдау дәрістерін өткізді. Олардың ішінде  Премьер-министрдің фототілшісі Ба­уыржан Жуасбаев, «Egemen Qa­zaq­stan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар, «Ас­тана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт, өзге де фото­өнер хас шеберлерінің іс-тә­жірибесі студенттерге тәлімі мол тағылымдама болды.

Фотошеберлердің әрқайсысы жанына бірнеше студентті ертіп жүріп, қилы жанрда фо­тоға түсірудің әдіс-тәсілдерін үйретті. Нә­­­тижесінде, жеке фототілшінің ғана емес, оның тұтас командасының түсір­ген суреттері бағаланды. Солайша, қаты­сушылар «Үздік фототілші», «Үздік композиция», «Үздік фотопортрет», «Үздік фото­репортаж», «Үздік фотопейзаж», «Үз­­дік ракурс» аталымдарымен марапатталды. Іс-шарада студенттердің ше­­берлігін арттырып қана қоймай, олар­ды қанаттандырып, ынта-жігерін арт­тыруға да жол ашылды.

Университеттің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Қай­рат Сақ қатысушыларды арнайы дипломмен марапаттап, сый-сияпат жасады. Сонымен бірге еліміздің ақпарат саласында ұзақ жыл еңбек етіп, ерекше із қалдырған фотоөнер саңлағы Советбек Мағ­зұмов фотофестивальға арнайы қонақ ретінде шақырылды. Зейнетке шықса да, сүйікті кәсібінен қол үзе қоймаған ардагер:

– Осы фестивальға шақырғандарыңыз үшін университет ұжымына, әріп­тес­теріме алғысымды білдіремін. Біз жас­­тарға біл­генімізді үйретуге қашан да дайынбыз,– деп ағынан жарылды.

Байқаудың бас жүлдесін Со­ветбек Мағзұмов жетекшілік еткен Ал­тынай Әбдіш, Ділназ Қуанышбекова, Гүлшекер Сүлейменова сынды студенттерден жасақталған топ жеңіп алды. Таң алагеуімде жетекшілерімен бірге Зеренді өлкесінде арқан бойы көтерілген қызылшақа күннің арайлы сәтін фотомен өрнектеген топтың еңбегін қазылар алқасы жоғары ба­ғалады.

«Zerendi Photo Fest» фестивалі алдағы уақытта да жалғасын табады.