Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
ХХ ғасырдың басында еліміз патшалық Ресейдің шеткері отар өлкесі саналса да, сол кездегі әлемдік қарқынды даму үдерісінен тыс қалмады. Әсіресе капиталистік нарық қатынасының өзіндік заңы осы үрдісті жеделдетті. Сонымен қатар бұл өзгеріс қоғамдық дамудың түрлі саласына, оның ішінде білімді маман мен кәсіпкерлікке сұраныс туғызды.
Алғаш рет Далалық өлкеге ғана емес, Батыс Сібірдің көптеген аймағына бастауыш мектеп оқытушыларын даярлау мақсатында Семей қаласында мұғалімдер семинариясын ашу туралы мәселені Батыс Сібір оқу округінің қамқоршысы П.Лаврентьев көтерді.
1903 жылы 23 қыркүйекте Семейде мұғалімдер семинариясы ашылды. Бұл ресми түрде – «Бастауыш сынып оқытушыларын даярлауға арналған мұғалімдер семинариясы» деп аталды. Аты айтып тұрғандай, бұл семинария бастауыш училищелер мен бастауыш орыс-қазақ мектептеріне және ауылдағы қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлады. Семей мұғалімдер семинариясының тұңғыш директоры болып Санкт-Петербор университетінің түлегі Александр Владимирович Белый тағайындалды. Ол оқу орнын 1906 жылдың 1 тамызына дейін басқарып, семинарияның қалыптасуына зор үлес қосты. Содан бері сақталған құжаттарға зер салсақ, семинария алғаш ашылғанда оқуға түсуге талапкерлер Том, Тобыл, Воронеж, Орел губерниялары мен Семей, Жетісу облыстарынан өтініш берген.
А.Белыйдың кейін Санкт-Петербор тарих-филология институтының түлегі Михаил Николаевич Березников 12 жыл директор болды. Сонымен қатар мұнда таңдаулы жоғары оқу орындарын бітірген озық ойлы педагогтер еңбек етті. 1905 жылы 1 шілдеде Семей мұғалімдер семинариясына қырғыз (қазақ) тілі оқытушысының қызметі енгізіліп, бұған Нұрғали Құлжанов қабылданды. 1906 жылы маусымда мұғалімдер семинариясының алғашқы 15 түлегі бітіріп, оларға бастауыш училищенің мұғалімі куәлігі табыс етілді. 1914 жылы оқу орнына императордың тақ мұрагері Алексей Николаевичтің есімі берілді. Сондай-ақ мұнда оқушыларға ерлі-зайыпты Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар, ағайынды Н.Белослюдов, А.Белослюдов, И.Малахов, В.Попов сияқты білікті ұстаздар сабақ берді.
Қазақтың дарынды жастары оқыған Семей мұғалімдер семинариясы шәкірттеріне жан-жақты білім берумен бірге олардың рухани-эстетикалық дамуына да ерекше көңіл аударды. Олар қалада түрлі мәдени іс-шара мен ұлттық ойын-сауық кешін ұйымдастырды. 1914 жылы Семейде Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына арналған әдеби-этнографиялық, музыкалық өнер кешін өткізуге ерлі-зайыпты Құлжановтармен бірге семинарияда оқитын қазақ жастары ұйытқы болды. Бұл туралы «Айқап» журналының 1914 жылғы № 4 санында мақала жарияланған. Семей облысының сол кездегі әскери губернаторы Ф.Чернцов пен қала жұртшылығы қатысқан осы кеште Нәзипа Құлжанова губернатордың өзін таңғалдырып, таза орыс тілінде Абайдың өмірі туралы баяндама жасаған. Осыдан-ақ еліміздің қаншама буынын тәрбиелеген оқу орнының ел тарихындағы алатын орны зор екенін көреміз.
Мұғалімдер семинариясында Ә.Сәтбаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытұлы, Қ.Нұрмұхамедов, Б.Сәрсенов, Ә.Марғұлан секілді айтулы ұлт зиялыларының алғашқы ағартушылық, қайраткерлік, жазушылық жолы қалыптасты.
Қазақ әдебиетінің классигі, оқу орнының түлегі Мұхтар Әуезов 1915-1920 жылдары мұғалімдер семинариясында оқып жүріп, алғашқы шығармаларын жазды. Сонымен бірге болашақ даңқты жазушы «Ярыш» футбол командасының белсенді мүшесі болып қана қоймай, Ж.Аймауытұлымен бірге 1918 жылы «Абай» журналын шығарды. Халқымыздың ұлттық санасын оятатын мақалалары «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттерінде жиі жарияланды.
1914-1919 жылдары семинария шәкірті Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылық таланты жарқырап көрінді. 1915 жылдың 13 ақпанында Семейде өткен тарихи кеште «Біржан мен Сара» айтысының сахналық нұсқасын жасап, оны қойған Жүсіпбек болатын. 1916-1917 жылдары жазушының «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рәбиға» сынды пьесалары жарық көрді.
Сондай-ақ оқу орнының тарихы – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, аса көрнекті академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен де тікелей байланысты. Мұнда 1914-1919 жылдары семинария директорының 14 семинариске стипендия тағайындау туралы Семей облыстық басқармасына жазған қатынас-хаты сақталған. Соның ішінде айтулы ғалымның да есімі бар. Оқуын тәмамдағаннан кейін Қ.Сәтбаев мұғалімдер семинариясы жанындағы қазақ мұғалімдеріне арналған екі жылдық педкурста жаратылыстану пәнінен сабақ берген. Тағы да белгілі тұлғаның бірі – Семейдегі Алаш милициясын құрып, оның алғашқы командирі болған, 1918 жылы 6 наурызда совдептің қызылгвардияшылары атып өлтірген, семинарист Қазы Нұрмұхаметұлы.
Мұғалімдер семинариясында оқыған санаулы қазақ жастары өзге ұлт өкілдері арасында оқуға деген зор ынталарымен ерекшеленген. Семинарияда 1903-1920 жылдары аралығында Құрманбай Мұздыбаев, Әбікей Сәтбаев, Ахметолла Барлыбаев, Қасымбек Әуезов, Ахметбек Сейсембаев, Тәуекел Нуркин, Әбіш Хасенов, ағайынды Биахмет және Жанахмет Сәрсеновтер, Рақымбай Сапақов, Имамағзам Әлімбеков, Мұстафа Шантин, Әбдікәрім Дүйсебаев, Қасымхан Бекенаев сияқты қазақ жастары білім алған.
1919 жылы кеңес өкіметі орнағаннан кейін жаңа билік өкілдері білім беру ісіне де баса назар аударды. Алдымен олар халықтың әртүрлі тобы арасындағы сауатсыздықты жоюды күн тәртібіне қойды. Осы маңызды істе Семей мұғалімдер семинариясына үлкен міндеттер жүктелді.
Аталған семинария 1920 жылдың қыркүйегінен бастап, «Семей халыққа білім беру практикалық институты» деген жаңа атаумен қызметін бастады. Ал 1922 жылы аталған оқу орнының негізінде екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылды. 1922 жылдың 1 желтоқсанында Семей қазақ педагогикалық техникумының директорлығына Ә.Сәтбаев тағайындалды. Әбікей Зейінұлы бұл қызметті 1927 жылдың шілдесіне дейін атқарды. Қазақ педтехникумында осы кезеңде белгілі алаш қайраткерлері – Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Сейтбаттал Мұстафин, Тайыр Жомартбаев, Ғалиақпар Төребаев, Мәннан Тұрғанбаев сабақ берді. Сонымен қатар Б.Герасимов, Н.Белослюдов, Е.Мертвецов секілді білікті ұстаздар қызмет істеді. Ә.Сәтбаевтан кейін Семейдегі қазақ педтехникумы мен училищесін 1930-1940 жылдары А.Жиенғалиев, Ш.Мұхаметов, К.Хамитов, Т.Жайықбаев, Т.Мусин, М.Муртазин сияқты азаматтар басқарды. Осы қазақ педтехникумында оқып, білім алған танымал тұлғалардан: академик Әлкей Марғұланды, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұсатай Ақынжановты, Қазақ КСР Оқу министрі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіхамит Сембаевты, Қазақ КСР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевты, педагог, ақын Ахат Құдайбердиевті, Социалистік Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Жақия Шәйжүнісовті, саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын, журналист, педагог Тұрлыхан Қасенді ерекше айтуға болады.
Орыс педагогикалық техникумы мен училищесін 1922-1950 жылдары А.Михаилов, В.Бобошкин, Н.Чурсин, А.Микешин, П.Хомутов, Л.Тюрин сынды қабілетті директорлар басқарып, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтты. Сондай-ақ оқу орнында А.Малахов, А.Чурсина, Т.Стюхин, Л.Усачева, П.Попов сынды тәжірибелі ұстаздар еңбек етті. Ал орыс педтехникумын бітірген түлектер арасынан ғалым, ұстаз Л.Перелыгин, Социалистік Еңбек Ерлері М.Носова, Д.Парий, Кеңес Одағының батырлары В.Бунтовских, В.Шулятников секілді тұлғалар шықты. 1937 жылы екі педтехникум негізінде қазақ және педагогикалық училищесі құрылды. Қазақ педучилищесінеАбай Құнанбайұлының, орыс педучилищесіне К.Ушинскийдің аты берілді. 1953 жылы аталған екі оқу орны біріктіріліп, К.Д.Ушинский атындағы педагогикалық училище деп аталды. 1953 жылы педагогикалық училищенің 50 жылдығы кең көлеме атап өтілді. Қазақ КСР Халық ағарту министрлігінің 1953 жылғы 10 қыркүйектегі бұйрығымен А.Красильникова, Н.Гечелло, Н.Бельская, М.Шаяхметова, З.Хомутова, В. Назирова, А.Цикунова сынды ұстаздар мемлекеттік наградамен марапатталды. 1950-1960 жылдары оқу орнын Г.Уразалин, Т.Ақажанов, А.Бартыков, У.Әбішев, Ж.Дәукеев секілді іскер директорлар басқарды.
1957 жылы Қазақ КСР Халық ағарту министрлігінің «Педагогикалық училищелерді тарату туралы» бұйрығына сәйкес Семейдегі педагогикалық училище қызметін тоқтатып, оның материалдық құндылықтары Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына берілді. Бірақ педучилищені жабудың қателігін уақыттың өзі дәлелдеді. 1963 жылы Семей педагогикалық училищесі қайтадан ашылды. Оның директорлығына іскер басшы, білікті педагог А.Бекбаев тағайындалды.
А.Бекбаевтың бастамасымен Мұхтар Әуезовтің туғанына 70 жыл толу құрметіне орай үкіметтен оқу орнына аса көрнекті жазушының атын беру туралы ұсыныс жасалды. 1967 жылы 6 желтоқсанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының № 628 бұйрығымен білім ордасына заңғар суреткердің есімі берілді. Училище 1970 жылы наурызда Ш.Уәлиханов көшесіндегі бұрынғы ғимаратына оралып, оқу орнына арнайы 400 орындық жатақхана салынды. 1987 жылы М.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында байырғы ғимаратқа жапсарлас жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Осы жұмыстардың бәрі сол кездегі ұлылардың ізі қалған шаңырақты басқарған Асылхан Табылдыұлының кезінде жүзеге асты.
1992 жылы оқу орны педагогикалық колледж болып қайта құрылып, басшылығына философия ғылымдарының кандидаты Н.Қалиев келді. Ол қазақ тілінде оқитын топтарды ашуға көп көңіл бөлді.
Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж – қазіргі заманауи инновациялық технологияларға сәйкес құрылған, дағды мен құзыреттің кең түрін меңгерген білікті мамандарды даярлайтын оқу орны. Педагогикалық ұжым болашақ мамандардың сапалы білім алуымен қатар олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық ар-ұжданын тәрбиелеуге баса назар аударады.
Колледждің кірсе шыққысыз оқу ғимараттары, ондағы бай кітапхана, электронды оқу залы, компьютерлік, мультимедиялық-лингофондық, интерактивті оқу кабинеттері интерактивті панельмен, «smart» тақта және заманауи модификациядағы жиһаздармен жабдықталған, спорт залдары талапқа сай. Эргономикалық интерьермен ерекшеленетін дәліздер, коворкинг орталығы, студенттер жатақханасы – білім алушылардың сапалы білім алуы мен демалуына қолайлы орта. Осының бәрі келген адамды таңғалдырмай қоймайды. Колледж ауласындағы қабырғаға оқу орнын әр кезеңдерде бітірген, тарихта аттарын қалдырған тұлғаларға арналған тағзым тақталар ілінген.
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бір тамаша аталы сөз бар. Ондай тәмсіл, өзінің саналы ғұмырында халқының игілігі үшін күш-жігерін аямаған, соның жақсысына қуанған, жаманына күйінген, қалдырған іздері сайын даланың төсінде, қоңыр жоталарда сайрап жатыр дейтіндей жандарға айтылатыны аян. Жұртшылық сондай жанның бірі деп, қасиетті қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Алдамжарқызы Жанаеваны атайды.
Қазір бағаналы білім ордасында оқып, қызмет жасаған, елдің ертеңіне темірқазықтай бағыт берген тау тұлғаларға арналған 38 атаулы дәрісхана, электронды-ақпараттық зал, интернет зал жұмыс істейді, соның 20-сы ұлтжанды азаматтардың, белгілі меценаттардың қаржыландыруымен жабдықталған. 2013 жылы оқу орнының тарихы жайындағы тұңғыш кітап – «Алаштың білім ордасы» атты танымдық-ғылыми сипаттағы жинағы, 2018 жылы оқу орнының 115 жылдығына орай «Алаштың білім ордасы» томдығының 2-кітабы, биыл «Алаштың тұңғыш білім ордасы» кітабының ІІІ томдығы жарық көрді. Биылғы оқу жылында колледждің 120 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Ес-Аймақ» жастар рухани орталығы ашылды.
Сондай-ақ оқу орнында әр педагогтің қызмет жағынан кемелденіп, жоғарлауына мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, «Жалпы биология» оқу құралдарының авторы Б.Қалкенова республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы атанған. Сонымен бірге 4 оқытушы «Талап» КеАҚ штаттан тыс тренері, 9 оқытушы ЖББМ шеңберінде ЖББП оқыту бағдарламасы бойынша штаттан тыс аймақтық тренер. Ал педагог-шебер З.Алқанова кандидатурасы «Кіші сыныптарда оқыту» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills» Ұлттық чемпионатының бас сарапшысы ретінде ұсынылды. Оқытушылар үздіксіз кәсіби шығармашылығын дамытумен қатар студенттердің зияткерлік әлеуетінің өсуіне ықпал жасап, ғылыми-практикалық конференциялар, пәндік олимпиадалар мен кәсіптік байқаулар жиі өтеді. Айталық, колледж студенттері «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында екі дүркін жеңімпаз болды.
2022 жылы Абай облысына келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М.Әуезов атындағы колледждің жұмысымен танысып, жетістіктерін көрді. Ұжыммен еркін әңгімелесіп, ризашылығын білдірді.
Бәсекеге қабілетті, терең білімді, биік рухты, кәсіби шеберлікті шыңдай білетін мамандарды даярлауда колледж ұжымының атқарып жатқан қызметінің ауқымы барынша кең. Тарихи тағылымы мол еліміздегі педагогикалық арнайы оқу орындарының тұңғышы – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің іргесі биік, тұғыры мығым.
Мұхтарбек КӘРІМОВ,
Шәкәрім университетінің профессоры