Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сөз жоқ, шешендік сөздер ой ұстартып, тіл ұштайды. Ақылға ақыл, ойға ой қосып, бойдағы бұғып қалған адамның асыл қасиеттерінің дамуына игі әсер етеді. Сонымен бірге мұның тіл үйренуге де тигізетін септігі көп.
Оңтүстік өңіріндегі халық арасына атақ-даңқы кеңінен жайылған айтулы шешендердің бірі – біз төменде әңгіме еткелі отырған Айтжан би, ақын, шешен. Бірден айта кетейік, Айтжан бидің ақындығы мен шешендігі жөнінде мәліметтер аз жинақталған. Соған қарамастан, әлі де болса ел аузында құнды деректер кездеседі, оны білетін бірен-саран көнекөз қариялар да табылып қалады.
Енді сол жөнінде аз-маз дерек. Айтжан би 1857 жылан жылы Қақпансор елді мекенінде туған. Өзінің тапқырлығы мен зеректігінің арқасында он жеті жасында, 1874 жылы Шу өңірінде би болған. 1918 жылы 61 жасында өмірден өткен. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақ қыстағының маңындағы Тарса төбеге жерленген. Кейіннен Қарабура әулиенің жанындағы пантеонға көк тасқа аты-жөні жазылып қойылған.
Айтжан – шежіреші, шешендігімен елге танылған адам. Айтулы өткір тілімен талай дауды жарып шыққан. Найманның Хасан ханына олардың халыққа істеген зорлық-зомбылығын ащы сөзбен шыжғырып тұрып бетіне басқан. Елге белгілі ақын, күйші, әзілқой, сықақшы Дайрабаймен замандас, сыйлас, жолдас болған деседі. Ақынның Арқаның Жанай байына айтқан сөздері жеткен.
Тағы бір дерек былай дейді. Айтжан Қазыбайұлының ақындық атағы жерлесі Құлыншақ Кемелұлымен қатар шыққан екен. Кезінде қазақтың көрнекті ақыны Асқар Тоқмағанбетов:
«Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы?
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын,
Талайды сөзбен орап, тұзақтады», деп жырлағаны мәлім. Міне, осындағы Айтжан біз бүгінгі әңгіме етіп отырған Айтжан ақын Қазыбайұлы екені анық.
Кезінде Айтжан ақынның баласы Өмірбек те әкесіне тартып, ақын аты шыққан. Ол негізінен суырып-салма, айтыс ақыны атанған. Әубәкір, Мүсірәлі, Бибігүл, Күләй қыздар, Досқұл ақындармен қатар жүрген. Олардың бір-біріне деген уытты әзіл-қалжыңдары кейінге жеткен.
Шешендігімен, әділдігімен елге танылған Айтжан өткір тілімен талай дауға төрелік еткен. Сондықтан оны қара халық сыйлап, құрмет тұтқан.
Уақытында ақынның «Зерді» атты өсиет кітабы баспадан шыққан екен. Алайда ол әр түрлі жағдайға байланысты жоғалып, табылмай кеткен. Кітап туралы әңгімелер көп, мүмкін іздеушісі, жинақтаушысы табылып қалар.
Көкірегі ояу, ары таза Айтжан ақын өмірінің соңғы кезінде Созақ қыстағында ұжымдастыру науқанында ауылдағы ел-жұртқа «Шүленкөже» таратуға басшылық жасаған. Елдегі кедей адамдарды жинап, оларды бір мезгіл тамақтандырып, ажал аранынан құтқарып қалған. Дәл сол кезде ауылда жетімхана ашып, панасыз балаларды бір жерге жинап, оларға тегін тамақ, киім беруді ұйымдастырған. Балаларды топ-топқа бөліп оқытқан. Оқушылардың саны 130-дан асқан екен. Қазір солардың үрім-бұтақтары өніп, өсіп, елге қызмет жасап жатыр.
Қарақан басының қамын ойламаған көпшіл Айтжан ақын астық пен елге керек-жарақты көктем, жаз және күзде кіре тартып, сонау бір қиырдағы Атбасар, Қызылжар, Қараөткелге дейін барып, қиындықпен тапқан табыстарын Созаққа әкеліп, елдің мұқтажына жаратып, жұмсап отырған. Кеңес өкіметі толық құрылғаннан кейін осындай халыққа қызмет еткен жанның ұрпақтарына «Айтжан би болған, сендер соның туысысыңдар» деп, оларды қуғын-сүргінге ұшыратқан.
Жалпы, ел арасында «Айтжан ақын айтқан екен» деген билік, шешімдері, әзіл-қалжыңдары мен бірқақпайлары, мөлтек шумақтары әлі де кездесіп қалады. Оларды ақынның немересі, өзі де жазу-сызуға жақын зиялы азамат, он шақты кітаптың авторы Тобақабыл Өмірзақұлы Айтжан жинақтап, арнайы кітап етіп бастыруда елеулі тірлік атқарып жүр. Бір өкініштісі сол, Айтжан би, ақын, шешеннің атына Теріскейден бір көше бұйырмай-ақ келеді. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген. Әлі-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан игілікті іс қолға алынып та қалар. Үмітімізді үзбейік...
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
Созақ ауданының құрметті азаматы
Түркістан облысы