«Орман іші жолымен жүріп келе жатып, жақын маңдағы бұтадан ерекше дыбысты естідім. Жақындаған кезде қырғи балапанын байқадым. Жас, әлі жетілмеген жыртқыш құстың табиғи күшін танытып, аң аулау дағдыларын игере бастағанын көру өте қызық болды», дейді Е.Төлегенов.
Орман шебері балапанды жақыннан бақылап, оның жарақаттанбағанына көз жеткізеді. Жақын жерден балапанын қорғап, шиқылдаған ересек құстың дыбысын да естиді.
Қырғи (Accipiter nisus) – еліміз аумағын мекендейтін шағын жыртқыш құс. Көзі өткір, ұшқыр, ұсақ құстар мен кейбір сүтқоректілерді аулап күн көреді. Әсіресе торғай, құзғын сынды құстарға жиі шабуылдайды. «Қырғидай тиді» деген теңеу содан шыққан. Қырғи еліміздің түрлі өлкесінде, соның ішінде аралас әрі қылқан жапырақты ормандарда, далада, тіпті қалалық саябақтарда жүре береді. Ұясын қалың орманды жерлерге, айналаны бақылап, жыртқыштардан қорғану үшін биік ағаштардың басына салады. Табиғи мекенінің тарылуына, басқа да факторларға байланысты саны азаюы мүмкін.
Балапан қырғидың табылуы Ұлттық саябақтың экожүйесі жақсы екенін, табиғи аумақтарды қорғаудың маңызын көрсетеді. «Бурабай» МҰТП қызметкерлері жыртқыш құстар популяциясын үнемі бақылап отырады, олардың тыныс-тіршілігі мен көбеюі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін үнемі зерттеу жүргізеді.